Пікір • 01 Ақпан, 2023

Лирней айдаһары һәм баспана

704 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда көшелерін жаяу араласаңыз, биік-биік ғимараттан көз сүрінеді. Бұл аз дегендей, салтанатты шаһардың әр тұсынан түрлі пішіндегі нысандар аспанмен таласып, күн санап бой көтеріп келеді. Осыларға қарап отырып, құрылысы осыншалықты қарқынды дамыған, бірақ халқының саны миллионнан енді ғана асқан қалада пәтер тапшылығы болмау керек деген ой түйесіз. Дегенмен баспанасы жоқ адамдар саны көбеймесе, азаяр емес.

Елімізде өткен жылы 130 686 пәтер өз иесін тапқан. Соның ішінде Астанада берілген бас­пана саны 26,4 мың. Осылайша, елорда көш басында. Былтыр әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты құрылыс саласында өсім баяулағаны белгілі. Осының салдарынан қолданысқа берілген пәтер саны 2021 жылмен салыстырғанда 24 пайызға азайған. Бірақ бәрібір тоғызыншы территорияның қалған бөлігінде дәл бас қаладағыдай қарқын жоқ.

Тұрғын үйге қатысты мынандай да қы­зық­ты дерек бар. «Отбасы банк» акцио­нер­лік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, елімізде 6,3 миллион адамның жекеменшігінде пәтері не үйі бар. Соның ішінде 700 мыңнан астам адамның атына екі не одан да көп жылжымайтын мүлік тіркелген. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 6,7 миллион отбасы бар екен. Былтыр тұрғын үй кезегіне тұрғандардың саны 600 мыңнан асқан. Ал мұндай кезекке арнайы санаттағы адамдар ғана енетінін ескерсек, онда баспанасы жоқ тұрғындар саны одан да көп екені айтпаса да түсінікті.

Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Неге елімізде баспана саны жеткілікті бола тұра, үйсіз жүргендер көп? Пәтерден пәтер ауыс­тырып жүргендер неліктен азаймай отыр? Теріскейдегі көршімізде мобилизация жарияланып, ресейліктер елімізге жөңкіле көшкенде, шекараға жақын маңдағы, ірі шаһарлардағы пәтер ақысы күрт қымбаттаған еді. Содан бері үй иелері шаршы метр жерге атасының құнын сұрап тұрғаны белгілі. Айналдырған 19 миллион адамды баспанамен қамтамасыз ете алмауымыз парадокс емес пе? Әлде, ресми мекемелер ұсынған статистикалық деректерде қате бар ма?

Айтпақшы, Астананың айшықты көшелерін түнде араласаңыз мынандай қызыққа куә боласыз. Көпқабатты тұрғын үйлердің кейбірінде жанып тұрған жарық жоқтың қасы. Не иесі электр энергиясын үнемдейді, не ол пәтерде ешкім тұрмайды. Осындайда әлгі «Шаншар» әзіл-ысқақ театрындағы кейіпкер серінің: «60 мың қара үй тігілген. 40 мың адам жүр», деп қойып қалатыны бар. Іле-шала әріптесінің сұрағына «Білмеймін, бос тұрған үйлер көп болды» деп жауап береді. Елорданың көшелерін аралап, жарығы жоқ үйлерді көрген сайын халық арасына Тука атымен танылған әртістің осы сөзі есіме түсе береді.

Құрылыс қанша жерден қарқынды жүр­ге­нім­ен баспанасыздар саны азаяр емес. Тіпті зейнетақы жарнасының бір бөлігін аудару, «7-20-25» секілді ұтымды бағдарламалар да мәселені түбегейлі шешуге қауқарсыз болып отыр. Құрылыс компанияларының кеңсесіне бара қалсаңыз, салынып жатқан нысандарда бос пәтерлер тез сатылып кететінін айтады. Оның бәрін кім алып жатыр деп таңғаласың.

Біздіңше, тұрғын үй нарығындағы мәселені шешудің бір жолы – жалға беру мәселесін мемлекеттік бақылауға алу. Пәтерін жалға беретіндердің көпшілігі ешқандай келісімшарт жасаспайды, мемлекетке салық төлемейді. Бақылау болмағандықтан қожайындар ойына келген баға қоятыны да белгілі. Сондықтан шығар, былтырғы қыркүйек айында пәтер жалға беру құны күрт көтерілді. Қазір жағдай тұрақталғанымен, біржола арзандады деп айту қиын.

Ендігі жерде пәтерді жалға беру құнының шарықтауына жол бермеу керек. Мемлекеттік тұрғыда бұл саланы бақылауға алып, пәтерді жалға беру құнына шектеу қойған жөн. Мұндай жүйе көптеген елде қолданылады. Мәселен, Аустралияда үй иелері жалдау ақысын бір жылда тұтыну бағасының индексінен артыққа қымбаттата алмайды. Францияда жылдық өсім 3,5 пайыздан аспауға тиіс. Сол секілді АҚШ-та, Испанияда, Нидерландта, Германияда жалға алу құнына қатысты түрлі шектеу бар. Ендеше, елімізде де осындай жүйе енгізу керек. Біріншіден, бұл халықтың қалтасына түсетін салмақты азайтады. Екіншіден, бюджетке қыруар қаржы әкеледі.

Грек мифінде даңқты Геракл заһар шашқан Лирней айдаһарымен күреседі ғой. Аңызға сәйкес, тоғыз басты мақұлықтың бір басын кессе, оның орнына екі бас өсіп шығады. Содан амалы таусылған Геракл айдаһардың кесілген басын отпен күйдіреді. Сонда ғана кесілген бас қайта өспейді. Құрылыс саласында үйлер самсап тұрғанымен, баспанасыз адамдардың азаймауын дәл осы Лирней айдаһарына теңесек болады. Тек бізге Геракл секілді қаһарман жетпей тұрғаны...