Төтенше жағдай • 01 Ақпан, 2023

Өрт: қауіп пен сақтық

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Астанада 80-нен астам өрт тіркелген. Мамандар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тілсіз жаудан келген қауіптің 52,8%-ға артқанын айтып, ескерту шараларын жандандырып отыр.

Өрт: қауіп пен сақтық

Қыс басталғалы, әсіресе, жер үй­лер­де­гі өрт қаупі сейілмей тұр. Оның бас­ты себебін мамандар пеш пен электр жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамау деп түсіндіреді. Осы орайда құтқарушылар жеке секторлардағы әрбір үйге кіріп, өрт қауіпсіздігі ере­же­лерін сақтау бойынша ақпарат бе­ріп, тұрғындарға ескерту жасап жатыр.

Мәселен, жаңа жыл басталғалы бері елорданың бір ғана Алматы ауда­­нында 24 өрт болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33,3 пайызға артық (2022 жылы 18 өрт тіркелген). Өрт сөндірушілер қызыл жа­лыннан 2 адамды құтқарып қалған, ал 3 тұрғын жарақат алған.

Рейдті Алматы ауданы Төтенше жағ­дайлар басқармасының қызмет­кер­лері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды.

– Статистика көрсетіп отырғандай, жеке секторларда орын алған өрт саны артып отыр. Сол себепті біз тұр­ғын­дар­ды сақ болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып жа­тырмыз. Электр желілері мен құ­рал­дарын, газ жабдықтарын пайдалану кезінде барлығына селқос қа­рауға болмайды. Әсіресе жылыту құралдарын пайдалану кезінде оқшаулағышы зақымдалған электр сымдарын пайдалануға тыйым салынады, электр жылыту құралдарын жанғыш заттардың жанына орнатпау қажет. Үйден шыққан кезде барлық электр жылыту құрылғыларын мін­дет­ті түрде өшіру керек, – деді Алматы ауданы ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау майоры Ернұр Райымбеков.

Осындай сақтық іс-шаралары жалға­са береді: жылыту маусымы бас­­талар алдында және әрбір үш ай са­йын түтіндіктерді күйеден таза­лау, жарықтары бар пештерді пайдаланбау, жанып жатқан пештерді, газ плитасын, камин, қосылған электр қыздырғыш және газ аспаптарын қа­рау­сыз және балаларды ересектерсіз өздерін қалдырмау қажет. Сондай-ақ электр желісінің артық жүктелуіне әкелетін бірнеше қуатты электр тұ­ты­ну­­шыларын бір мезгілде қосуға бол­майды, үй, пәтерлерде газ иісі сезілген жағдайда электр жарығын қосуға, сіріңке жағуға, темекі шегуге, ашық отты пайдалануға жол бермеу қажет.

«Өрт немесе түтін шыққан жағ­дай­да өрт сөндіру қызметіне нақты мекенжайын көрсете отырып, «101» немесе «112» нөмірлеріне дереу қоңырау шалу керек», дейді Е.Райымбеков. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше