Қоғам • 01 Ақпан, 2023

«Ақ жол» үміткерлерін анықтады

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елордада «Ақ жол» демократиялық партиясының XXI құрылтайы өтті. Құрылтай барысында Мәжіліс сайлауына партиялық тізім арқылы – 54, ал мажоритарлық жүйе арқылы 24 адам кандидат ретінде бекітілді.

«Ақ жол» үміткерлерін анықтады

Сонымен қатар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттар депутаттарын сай­лауға «Ақ жол» партиясының атынан – 174, ал ма­жоритарлық жүйемен 652 кандидат ұсыныл­мақ. Сондай-ақ съезде партияның сайлауал­ды бағдарламасы қабылданды. Жалпы, құрыл­тайда партияның Парламент Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауына қатысу мәселелері қаралып, партияның жаңартылған саяси бағдар­ламасы, партиялық тізімдер мен бір мандат­ты аумақтық сайлау округтері бо­йынша сай­ланатын кандидаттардың тізімдері, барлық дең­гейдегі жергілікті мәслихаттарға «Ақ жол» де­мо­кратиялық партиясынан кан­дидаттар ұсыну туралы облыстық және қа­ла­лық конференциялардың шешімдерін бекітті.

Құрылтайда сөйлеген сөзінде партия жетекшісі Азат Перуашев Қазақстанның Еу­ропалық даму жолымен жүруі керек екенін алға тартты.

– Біздің таңдауымыз, яғни «Ақ жол» де­мо­кратиялық партиясының таңдауы – Еуро­палық даму жолы, мемлекет пен қоғам қаты­нас­тарындағы еуропалық тәсілдер, өмір сапасының еуропалық стандарттары елімізге әкелу. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы болашақта Қазақстанның Еуропалық одаққа кіруі мәселесін де қарастырып отыр, – деді А.Перуашев.

Партия төрағасы Еуропалық даму жолының мысалы ретінде әділ сайлау өткізу, электронды дауыс беруді жүзеге асыру, тәуелсіз және әділ сот жүйесін құру және демократия мен парламентаризмді дамыту қажеттілігін айтты. Осы айтылған мәселенің бәрі партияның сайлау­алды бағдарламасының жобасына енгізілген. «Биылғы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы ерекше өтеді. Мемлекет басшысы бұл сайлаудың болатынын жарты жыл бұрын жариялады. Сондықтан бүкіл саяси күштерге, партияларға, оның ішінде біздің партиямызға дайындалуға толық мүмкіндік берілді. Кез келген билеуші партия билігін ерте ме, кеш пе жоғалтады. Бұл – заң. Мәңгілік билікте болатын бірде-бір ел, бірде-бір партия жоқ. Ерте ме, кеш пе олар ұтылады, олардың орнына басқа партиялар келеді. Ол біз болуымыз керек», деді Азат Перуашев.

Жиында партияның саяси бағдарламасы таныстырылды. Құжат Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы; демократия және парламентаризм; жемқорлықпен күрес және деофшоризация; әлеуметтік әділеттілік; нарықтық экономика мен кәсіпкерлікті қолдау және сыртқы саясат деген 6 бөлімнен тұрады.

– Біз «Алаштың» саяси мұраларын Қазақ­станды жаңғыртудың ұлттық идеясы ретінде қараймыз және олардың мұратын мемле­кеттік құрылыста, экономика және қоғамда табандылықпен жылжытатын боламыз. Ол үшін табиғи байлық пен егемендік қана емес, парламентаризм, адал бәсекелестік, ресурстық ұлтшылдық, жаңғыру, ашық және зайырлы мемлекет сияқты түпкілікті қағидаттарға сүйене отырып өзгертуге және өзіміз өзгеру үшін сая­си жігер керек. «Алаш» қайраткерлерінің «Жеріміздің әрбір түйір тасы қазақтың кеудесіне түйме болып тағылып, әрбір уыс жүні – иығына тоқыма болып киілуге тиіс деген ұраны әлі де өзекті, – деді Азат Перуашев.

Бағдарламаның жаңа нұсқасының таныс­тырылымынан кейін талқылау өтіп, оның барысында спикерлер ой-пікірлерін ортаға салды. Баяндамашылар мен делегаттар құжатты қолдайтындықтарын білдіріп, өз ұсыныстарын айтты. Құрылтай келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, мәтіннің соңғы нұсқасын да­йындайтын редакциялық комиссияны таңдауға дауыс берді. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше