Қазақстан • 02 Ақпан, 2023

Қазақстан елшісі Литва Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан елшісі Тимур Оразаев Литва Президенті Гитанас Науседаға сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан елшісі Литва Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Салтанатты рәсімнен кейін өткен кездесу барысында елші Литва көшбасшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздерін және ізгі тілектерін жеткізді.

Қазақстандық дипломат өз сұхбаттасын Астананың Вильнюспен екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде сауда-экономикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастық салаларында одан әрі нығайтуға үлкен мән беретініне сендірді.

Т. Оразаев сұхбаттасын елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен, сондай-ақ алдағы Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттары сайлауының негізгі жаңалықтарымен таныстырды.

Өз кезегінде Литва көшбасшысы елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыруды жоғары бағалап, тығыз және көпқырлы Қазақстан-Литва ынтымақтастығы екі ел халықтарының игілігі үшін одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Литва Президенті Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевпен өткен жылдың қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өткен кездесуді жылы лебізбен еске алып, Қазақстан басшысын Вильнюске ресми сапармен келуге шақырды.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар өзекті мәселелерін талқылап, көлік бағыттарының, оның ішінде Орта дәліз бағыты бойынша Транскаспийлік бағыттың транзиттік әлеуетін одан әрі іске асыруға баса назар аударды.

Сұхбаттастар инвестициялар, ауыл шаруашылығы, білім беру және медицина саласындағы өзара іс-қимылдың кең перспективаларының бар екенін атап өтті.

Кездесу соңында Литва Президенті елшіні ресми қызметке кірісуімен құттықтап, Қазақстан-Литва қатынастарын одан әрі нығайту ісіне табыс тіледі.