01 Маусым, 2010

ТАСС СУРЕТІНДЕГІ ТӨЛЕГЕН

541 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тәуелсіз ел болып, бір кездегі Кеңес Одағынан еншімізді толық алғандікі ме, әйтеуір Ұлы Отан соғысы деген мәселеге жасаңдау кезбен салыстырғанда қасаңдау қарай бастағанымызды қайдан жасырайық?! Оның үстіне орыс тарихшыларына да дауа жоқ. Ұлы Отан соғысының тарихи мәнін тү­сіріп болды өздерінің түсі­нігімен. “Дүниежүзілік соғысты екі қанқұмардың ойыны” деп бағалайды антұрғандар. Сәбит Мұқановша айтқанда, олардікі де жөн бе, қалай? Сол соғысты бол­дырмауға да мүмкін еді ғой. Қай­тесің. Қанша боздақ өлім құшты?! Қанша адам ауылда қайғы шекті. Талай шаңырақ жабылып, талай жас арудың бағы күйді. Әлгі жаңа тарихшылардың жаңа пайым­дауларын қабылдай алмайтын бір сәт бар. Екі қанқұмар өзімен кетсін, әлгі 27 миллион боздақты қай­теміз сол соғыста опат болған? Әкем марқұмды ойлаған сәтте мені осындай алақұйын сұрақтар қаумалайды. Ол – Ұлы Отан со­ғысының айбынды жауынгері еді. Әкем ғана ма? Жоқ. Туған інісі Ер­гөбеков Дүйсен де қолына бе­рілген “бронды” тапсырып “өз ер­кімен” майданға аттанып, қа­һар­лы соғыстан қайтпай қалды емес пе?! Немере інілері Қол­да­сов, Жолдасовтар ше?! Олар жай­ын­да ойлай бастасам-ақ ішімді ала­құйын сезімдер уілдеп алып бара жатады. Неге? Оны өзім де түсіне бермеймін. Сондай күннің бірінде “Со­циа­листік Қазақстан” газеті тігін­дісін ақтарайын. Жасырып ке­ре­гі не, іздегенім әкедей әзіз адам Бейсекең (Бейсембай Кен­жебайұлы) туралы мәлімет еді. Оны таптым да. “Социалистік Қазақстан” газетінің бір бетінің жа­рымын ала жарияланған “Ан­тон Чехов” аталатын дүниеге көз жүгірте бастадым. Жақсы-ақ жа­зылыпты мақала. Ұлы орыс жазу­шысы туралы туындысын Бейсе­кең: “Чехов сияқты адамды еске алудың өзі бір рахат. Оны еске түсіргенде өз өміріңе ерекше бір күш-қуат, ерекше бір терең мән пайда болады”, деп аяқтапты. Көп оқыған кісінің мінезі. Клас­сиканы түсініп, түйсініп оқыған кітаби адамның үні. Қайран Бей­секең! Жазудың ғана емес, оқу­дың да “культ” кезінде өмір сүр­ген, әдебиетке бар ғұмырын арна­ған аяулы адам-ай. Қазіргі жазу түгілі оқудың өзін жатсырап кет­кен ұрпағыңды көрсең қандай күй­де болар едің?! Ауыр ойдың жетегінде газет­тің екінші бетін аударып таста­дым. Журналистік әуесқойлық. И.В.Сталинге жағыну жолдауы, табыну сөздері. “Сіз болмасаңыз күн шықпас еді... Ай тумас еді... Сіздің тапсырмаңыз... Сіз үшін соғысамыз. Сіз үшін жеңеміз жауды... ” Астапыралла! Көздерін көрінбейтін көзбайлауышпен байлап тастаған бодан, құл халықтың үні. Қоғам қасіреті, уақыт үні. Әрі кеттім. О, Алла! Мына бір қабағы қатыңқы жас азаматты қараңыз. Маған әскери киімдегі кісі жы­лыұшырап барады. Түрі таныс се­кілді. Апырай, мынау ағай ғой, әкемнің інісі, ағам ғой... Төлеген марқұм. Суретке үңіле түстім. “Майдандағы Армия (1 Украи­на майданы) СУРЕТТЕ: Неміс басқын­шы­ларына қарсы ұрыста ерліктің жә­не батырлықтың үлгісін көр­сеткені үшін Қызыл Жұлдыз ор­де­німен, ІІІ дәрежелі Даңқ орде­німен, екі “Батырлығы үшін” ме­далімен және “Үздік пулеметші” белгісімен наградталған Төлеген Қолдасов. Қолдасов жолдас соғысқа дей­ін Оңтүстік Қазақстан облы­сының Шәуілдір ауданындағы “Отырар” бастауыш мектебінде оқытушы болған. Сурет ТАСС-тікі.” Сарғайған газеттің соғыс жыл­дарындағы ауыртпашылығын арқалаған сарытап бетін алдыма тосып, көз ала алмай көп отыр­дым. Төлеген Қолдасов кешегі “Социалистік Қазақстан” газеті бетінде өзі туралы осындай сурет­ті ақпарат жарияланғанын білді ме? Жоқ па? “Сурет ТАСС-тікі”. Олай болса бұрынғы Кеңес Ода­ғына кең тараған шығар бұл мәлімет. Әрине, соғысқа қатыс­қан адамның бәрі – Батыр. Де­генмен де, менің ағамның батыр­лығының жөні бөлектеу секілді. Ол кісі майданнан қайтып келіп, отбасын құрады. Өзінің ағарту­шылық қызметін жалғады. Бізге сабақ берді. Әкейге келіп еркелеп отыратыны еміс-еміс көз алдым­да. Соғыс жайында айтуды ұнат­паушы еді. Кейде жүз грамдатып жіберетіні де бала да болсам көз алдымда қалыпты. Соғыс зарда­бы... Бұдан бес-алты жыл бұрын дүниеден өтті, марқұм! 1944 жылы 16 маусымда “Со­циалистік Қазақстанда” жария­ланған суретті ақпарат! Зұлмат со­ғыс аяқталғалы 65 жыл. Ал мы­на материалдың еліміздің бас ба­сы­лымында жарияланғанына 66 жыл. Кісіні қуаныш әлдилейді әдет­­те. Ал, мені өкініш буып отыр... Дүбәра сезім жетегінде қайы­ра “СҚ-ға” жүгініп отырға­­­­ным... Өзің жоқсың, аға, мына жа­рық дүниеде! Ұрпағың бар. Аман болсын. Ал сенің рухың саламат болсын, пейіште нұрың шал­қы­ғай, кеңестік бодан кезеңнің қайсар жауынгері! Құлбек ЕРГӨБЕК. ТҮРКІСТАН.