Аудан орталығындағы Байғабыл Жылқыбаев атындағы балалар музыка-өнер мектебінің өнерпаздарынан құралған қазақ ұлт аспаптар оркестрі, домбырашылар, күйшілер, қобызшылар, хор ұжымы, әнші, суретші жас балғындар облыстық, республикалық, халықаралық байқау- фестивальдердің бірнеше дүркін жүлдегері атанды.
Аудан орталығы Көктөбе ауылындағы балаларға арналған өнер мектебінің құрылғанына 40 жылдан аса уақыт болыпты. Еліміз егемендігін алған 1991 жылдары аудан орталығында өнер мектебінің жаңа ғимараты бой көтерді. Әнші, сазгер, ақын, жерлестері Байғабыл Жылқыбаевтың есімі берілді. Байғабыл әнші (1892-1977) ауданның Қызыл-Құрама ауылында туған. Тоғыз жасынан домбыра ұстап, әнге құштар болып өскен Байғабыл Майрадан үлгі-өнеге алып, әнші-композитор атанады. Өзі әртіс, өзі палуан ол 1936 жылдары Семейдің Бесқарағай жағында ашылған театрда «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» қойылымдарында ойнайды. Байғабыл Біржанның, Естайдың, басқа да халық композиторларының ән қазынасын жеткізіп кетті, өзі де соңына асыл мұра қалдырды. Бұл күндері Көктөбе ауылындағы Байғабыл Жылқыбаев атындағы балалар өнер мектебі жас жеткіншек ұрпақты ұлттық мәдениетке баулып, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды үйрететін, шығармашылық шеберліктерін шыңдайтын бірден-бір «алтын ұя».
Өнер мектебін Моңғолиядан алғашқылардың бірі болып оралған Төлбастар Сайырханұлы басқарады. Төлбастар бауырымыз ұлттық өнердің байырғы саздарына бала кезден сусындап өскен азамат екен. Шалғайдағы Ақшиман ауылына қоныс тепкен ол сол жерде орта мектепте музыка пәнінен сабақ береді. Бертін келе аудан орталығына қоныс аударып Байғабыл Жылқыбаев атындағы балалар өнер мектебінің халық аспаптар бөлімінде қазақ ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі, домбыра сыныбының ұстазы ретінде 20 жылдан бері дәріс береді.
Бұл күндері өнер мектебінде фортепиано, вокал, қобыз, домбыра, хореография, көркемсурет сияқты өнердің 24 түрі бойынша 100-ге жуық оқушы білім алуда. Өнерлі өрендер өткен жылы домбыра, хореография сыныбының оқушылары Астанадағы VІІ Халықаралық «Ақ көгершін», Алматыдағы «Рауан», «Күншуақ» байқауларында, Көкшетау қаласындағы республикалық «Дельфийлік ойындары», Бурабай демалыс орнындағы VІ Халықаралық «Ақ көгершін», ІІ Республикалық «Тайжарыс» байқау- фестивальдерінде, Түркияның Алания, Канаклы қалаларында өткен ІІ Халықаралық «Бірлесу», «Жерортатеңізі кубогы» фестиваль-байқауында топ жарып лауреат атанған. Көктөбеге барғанымызда біз де балғындардың өнерін тамашалап, тәнті болдық. Ауылда ұлттық өнерге ден қойып, музыкалық аспапта шебер ойнайтын талантты өнерпаздар өсіп келе жатқанына сүйсіндік.
Биыл наурыз айында Астанада өткен VIII Халықаралық «Ақ көгершін» байқауында фортепиано сыныбының оқушысы Жансая Байғабыл дипломант атанса, домбыра сыныбының оқушылары Саят Қазанғап ІІІ орын (кіші топ), Жәңгір Смағұл І орынға (орта топ) ие болып, лауреат атанды. Мектеп ұжымының 2008 жылы Түркістан қаласында өткен халықаралық «Түркістанды аңсау» атты күйшілер байқауына қатысып қайтқаны өз алдына үлкен мерей. Сонымен бірге, «Күй-айтыс» бағдарламасы бойынша көктөбелік балалар бірнеше рет облыстық байқауларға қатысқан.
Былтыр облыс орталығындағы музыкалық колледжде Күләш Байсейтованың 100 жылдығына арналған музыка және өнер мектептері байқауына қатысып, жүлдегер атанды. Мектептегі жалпы Жақсылық Ботаханов басқаратын «халық аспаптар оркестрі», Сайырханның домбырашылар ансамблі, Мейрамгүл Ахмет үйрететін би ұжымы, Сара Найман жетекшілік жасайтын «Атамекен» жоғары сынып оқушыларының хоры, Бану Шайхинаның «Сарыжайлау» төменгі сынып оқушыларының хоры, Бейсен Сатиев жүргізетін домбырашылар ансамблі дейсіз бе, қай-қайсысы да жетістіктерден құралақан емес.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Май ауданы.