Байқауға қатысуға ниет білдірген жас қаламгерлер өз материалдарын 2023 жылдың 28 сәуіріне дейін ұсына алады. Байқау нәтижелері 2023 жылдың 11 мамырында шығарылады.
Қазылар алқасы құрамына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы профессорлары, журналистика және әдебиет теориясын зерттеуші ғалымдар, қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер мен журналистер кіреді. Ең үздік жұмыстар қазылар алқасы мүшелерінің отырысында іріктеледі.
Байқаудың басты мақсаты - жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиеттің беделін нығайтуға үлес қосу, балалар әдебиетін дамытуға күш салу, сондай-ақ жазушы
Р.Райымқұловты өз заманының көрнекті қаламгері, тарихи тұлғасы ретінде таныту, дәріптеу.
Байқау келесі номинациялар бойынша жүргізіледі:
- Үздік әңгіме (еркін тақырып);
- Балаларға арналған үздік шығарма (ертегі, мысал, әңгіме, т.б.), (еркін тақырып);
- Үздік танымдық мақала (жазушы Р.Райымқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы танымдық мақала).
Байқаудың шарттары:
- байқауда 2023 жылдың 1 ақпаны мен 28 сәуірі аралығында жолданған туындылар іріктеледі;
- байқауға Қазақстанның барлық аймағындағы жоғары оқу орындары мен білім және ғылым мекемелерінің 35 жастан аспаған студенттері мен магистранттары және PhD-докторанттар мен жас ғалымдар қатыса алады;
- байқауға тек қазақ тіліндегі шығармалар қабылданады;
- бір автор бір жанр бойынша ғана байқауға қатысады;
- байқауға ұсынылатын шығармалар мерзімді басылымдарда жарияланбаған, кітапқа енгізілмеген және бұған дейін басқа байқауларда жүлделі орын алмауы тиіс;
Байқау жұмыстарына қойылатын талаптар:
- Көркемдік сапаның жоғары болуы;
- Тақырыптың ашылуы;
- Тіл тазалығы;
- Логикалық үйлесім;
- Ой тереңдігі;
- Мұрағаттық ақпараттардың шынайылығы;
- Жаңашылдығы.
Байқаудың әр номинация бойынша жеңімпазы 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады. Қосымша 3 қатысушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 100 000 теңгеден беріледі.
Жұмысты рәсімдеу талаптары:
- Байқау жұмыстары А-4 форматында, Times New Rоman қарпімен, 14 мөлшерде, 1,15 аралықта терілуі керек;
- Байқауға ұсынылатын материалдар көлемі 7-8 беттен аспауы тиіс.
- Бірінші файлда шығарманың бірінші бетінің жоғарғы жағына шығарманың номинациясы және автордың бүркеншік есімі ғана жазылады. Екінші файлда автордың бүркеншік есімі және автордың толық аты-жөні көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, мекенжайы, байланыс телефоны жазылуы керек;
- Байқау материалдары авторларға қайтарылмайды.
- Материалдар электронды нұсқада қабылданады.
- Байқау материалдары мына электронды поштаға жіберілуі тиіс: mediaschoolalmaty2020@gmail.com.