Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы мемлекеттік органдардың және ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі ғылыми-сарапшылық жұмысының жаңа міндеттері туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігінің басшылығы, Қазақстан Парламентінің депутаттары, министрліктер мен ведомстволар өкілдері, өңірлік ғылыми-сарапшылық топтардың басшылары, ғылым және шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы «Қазақстан-2050» Стратегиясы, ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы және Президент Н.Назарбаевтың ҚХА-ның XXI сессиясында берген тапсырмалары аясындағы мемлекеттік этносаясатты ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу жұмысының негізгі міндеттері мен бағыттарын айқындады. Бұл Кеңестің елдегі бірлікті сақтауға үлес қосып келе жатқанына тоқталды. «ХХІ ғасыр – ғылымның ғасыры. Бүгінгі заманда барлық жұмысқа ғылыми негіз керек. Ел дамуына қажетті әрбір жобаға сараптама жасалуы тиіс. Соның ішінде, этносаралық қатынасты ғылыми зерттеу – маңызды мәселе. Соңғы жылдары әлемде болып жатқан өзгерістерді білесіздер. Демек, әрбір мемлекет үшін тұрақтылық қажет. Ал татулық бар жерде ел дамиды, экономика өседі. Сондықтан, Елбасы бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді.
Бұл бағытта Президент отандық ғалымдардың алдына үлкен міндет жүктеп отыр. Бұл міндеттер «Қазақстан-2050» Стратегиясында нақты көрсетілген. Біз бүгінгі отырыста Президент жүктеген міндеттерді жаңа сапада орындаудың жолдарын айқындаймыз. Ғылыми зерттеулердің жоспарын бекітеміз», деді Ә. Жақсыбеков өз сөзінде.
Осылай дей келе, ол бұл отырыстың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясынан кейін өткізіліп отырғанын, ал ол сессияның өзі Ассамблеяның тарихындағы маңызы айрықша екенін атап өтті. «Себебі, бұл сессияда Мемлекет басшысы Ассамблея институтын және мемлекеттік этносаясаттың барлық жүйесін нығайтуға тапсырма берді. Біріншіден, Елбасының Жарлығымен Қазақстан Президенті Әкімшілігі жанынан Ассамблеяның қызметін қамтамасыз ететін «Қоғамдық келісім» мекемесі құрылды. Бұл – Ассамблеяның өзінің саясатын жүзеге асыру тетігіне қол жеткізгенін, осы мақсатқа мемлекеттік ресурстардың бағытталғанын, ал бұл өз кезегінде институт қызметі тиімділігінің артқанын көрсетеді. Осыған ұқсас құрылымдар еліміздің өзге де өңірлерінде құрылды. Бұл Ассамблеяның барлық жүйесінің қызметін жандандыруға серпін беретін болады», деді Мемлекеттік хатшы.
Ә.Жақсыбеков 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленгенін, осыған орай, Ассамблея жылын және Конституцияның 20 жылдығын атап өту үшін іс-шаралардың Ұлттық жоспары әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. «Бұл іс-шаралардың барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI ғасырдағы жаңа миссиясын айқындап көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, бұл қоғамдық институт қызметінің жаңа бағыттары да белгіленіп отыр. Оларға алдағы уақытта айрықша мән берілетін болады. Мәселен, Лондонда британдық кәсіпкерлердің бастамасымен «Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік және келісім орталығы» құрылады. Ол Қазақстанның этносаралық саясатын насихаттайтын жоғары деңгейдегі халықаралық үнқатысу алаңы болмақ. Жалпы алғанда, бұл атқарылатын шаралардың басы ғана. Қазіргі геосаяси қауіп-қатерлердің өрістеуі жағдайында мемлекеттік саясатты қайта құруда ғылымның маңызы зор. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – ғылыми сарапшылар жүргізетін зерттеулердің сапасын, өзектілігін қамтамасыз ету», деді Мемлекеттік хатшы.
Отырыс барысында ҚХА қызметін ғылыми-сарапшылық тұрғыдан қолдау, ел бірлігі мен қоғамдық келісім саласында және Қазақстандағы этносаралық ахуалдың қазіргі жағдайына ғылыми зерттеулер жүргізу, этносаралық қатынастар саласындағы ғылыми саясатты әзірлеу үшін университетаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды. ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің жұмысы туралы есебі және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер қаралды. Сонымен қатар, Ғылыми-сарапшылық кеңестің жұмысы бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді.
Жиын соңында Ассамблеяның және Ғылыми-сарапшылық кеңестің мүшелері тәуелсіздікті, ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық үнқатысуды дамытуға және қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін марапаттарға ие болды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.