Аймақтар • 03 Ақпан, 2023

Жер дауы заңмен шешіледі

486 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз пайдаланған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару бағытында берген тапсырмасы негізінде Түркістан облысы бойынша 521,7 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспарланғаны 500 мың гектар болатын, яғни артығымен орындалып отыр.

Жер дауы заңмен шешіледі

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Алайда жерді қайтару, түген­деу жұмыстары барысында көпте­ген заңсыздық анықталған. Мыса­лы, Бәйдібек, Келес, Шардара аудан­д­арында әкімдер тарапы­нан ауыл шаруашылығы жер­лерін конкурс арқылы табыс­тау ке­зінде заң талаптары сақ­тал­­­маған. Ал Сайрам, Төлеби, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында өндірістік кооператив мүшелерінің келісімінсіз кооператив жерлерін сатып жіберу, мүшелерін тізімнен шығарып тастау, құрылыстар жүргізу сынды заңсыздықтар тұрғындардың жоғары органдарға шағымдануы­на әкеліп отыр. Бірқатар ауданда ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз қазып, құм, тас, кірпіш өндіру әлі де ты­йылар емес. Ауылшаруашылық жерлеріне, нақтырақ айтсақ, Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінде 1 387 тұрғын үй, 27 мал қора, мал базары, Түлкібас ауданы Машат елді мекені аумағында мал базары заңсыз салынған. Шардара, Мақтарал, Жетісай аудан­дарында мақта зауыттарына жерлерін кепілдікке қойып, несие алып қайтара алмаған, соның ішінде несиелері қайтарылған шаруалардың да жерлері аукционда сатылып кеткен. Бүгінгі таңда шаруалар жерін даулап Үкіметке дейін шағымданып жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлері шекараларын заңсыз қазып қоршайтындар да аз емес. Ал Төлеби ауданы Бір­көлік, Ақмешіт, Сайрамсу, Қас­қасу өзендерінің қорғау ай­мақ­тарынан демалыс орындарына жер учаскелері заңсыз беріл­ген. Түркі­стан қаласы, Сауран, Сай­рам аудандарында жалған шешіммен жер учаскелері берілген.

Осындай заңсыздықтарды анықтаған облыстық жер ресурс­тарын басқару департаменті тексеру Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес, келіп түскен арыз-шағымдар мен хаттардың негізінде жүргізілгенін мәлім етті.

«Пайдаланбай жатқан ауыл­шаруа­шылық жерлерін космо­мониторинг құрылғылары арқы­лы анықтау жұмыстары да жүргі­зіліп жатыр. Аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебі­­нің экспликациясында тіркел­ген жер пайдаланушыларда мал ба­сы тіркелгені туралы ИСЖ ба­за­сымен салыстыру нәтижесін­де 4 386 жер пайдаланушының 673 462,2 гектар жеріне мал басы тіркелмегені анықталды. Осы орайда жер пайдаланушылардың тізімін анықтап, аудан, қала әкім­деріне пайдаланбай жатқан жер­лерді қайтару бағытында жұмыс­тар жүргізу жөнінде хат жол­данды. Сонымен қатар Жер кодексінің 145-1 бабына енгізілген өзгерістерге байланыс­ты ауыл шаруашылығы жер­лері­не қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның космос­тық мони­торингі бо­­йынша 4 543 жер пайдаланушының 560 801,6 гектар жері пайдаланбай жатқаны анықталды. Оның ішінде жүктемесі – 20 пайыздан төмені 302 832,9 гектар немесе 54,2 пайыз. Былтыр заңсыз табыс­талып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мем­лекетке қайтару үшін сотқа 96 талап-арыз беріліп, жер көлемі 5482,3 гектар 45 талап-арыз қанағаттандырылды, 4756,1 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 25 жер иесінің көлемі 4751,6 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған талап арыздар қаралып жатыр», дейді департамент басшысы Алтынбек Мырзаев.

Бұған қоса аудан, қала әкім­­діктерінде 123 конкурс өткізіліп, 66 663,4 гектар жер жалға беріл­ген. Соның ішінде Бәйдібек, Шар­дара аудандары мен Кентау қаласын­да алаңы 2 742 гектар 31 жер учас­кесі заң талаптарын бұза отырып табыстал­ғаны анық­талған. Осыған орай аудан, қала әкімдерінің қаулы, ше­шім­деріне қатысты 13 тексеру жүргізіліп, нұсқама берілген. Оның үшеуі орын­далып, 8-і қаралуда, ал 2 нұс­қама ӘҚБтК-тің 462-бабымен сотта қаралып жатыр. Тексеру бо­йынша жалпы 93 тексеру жүргізіліп, 38 нұсқама берілген. Аудан, қала әкімдіктерімен жер қаты­настары бөлімдеріне 63 тексеру жүргізіліп, 9 лауазымды тұл­ғаға 415,1 мың теңге айыппұл салын­ған, 32 нұс­қама табыс етілген.

Жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтардан 1 209 арыз-шағым түсіп, қаралу нәтижесімен 72 тексеру тағайындалды. Облыс­тық жер ресурстарын басқару департаментіне 2021-2022 жылдары аралығына келіп түскен арыз-шағымдары негізінде аудан, қала, ауыл әкімдіктеріне және аудандық жер қатынастары бөлі­мінің лауазымды тұлғалары­на қатыс­ты Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстің 137 және 462-баптары бойынша бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларына, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшылары мен бас мамандарына, ауылдық округ әкімдеріне әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен бірге арыз-шағымдар мен құқық қорғау органдарынан келіп түскен хаттардың негізінде лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғау бо­йынша қорытындылар жолданған.

Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, өңірде жа­йылым жердің жалпы аумағы – 8 млн 860,4 мың гектар. Шаруашылық жүргізуші кәсіп­орындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – елді мекендердегі тұрғындардың ша­руа­шылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылым тапшы. Аудан, қалалар кесіндісі бойынша 2022 жылдың 1 қаңтарында жайылым тапшылығы 3119,8 мың гектар болған. Бірақ осы қажет­тіліктің 35,4%-дан астамы, яғни 1105,7 мың гектары жайылымдық алқаптары жоқ 3 ауданға тиесілі. Атап айтқанда, Жетісай және Мақтаарал аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің 95%-ын суармалы жерлер құрайды, бұл аудандардағы жайылымдардың жалпы ауданы – бар болғаны 2,2 мың гектар. Ал жалпы жайылым көлемі 31,7 мың гектар ғана болатын Сайрам ауданында жа­йылым тапшылығы – 471,1 мың гектар. Былтыр елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, қосымша 42 ауылдық округтерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген еді. Басқарма мәліметіне жүгінсек, жоспар 102,3 пайызға орындалған. Яғни атқарылған жұмыстың нәтижесінде 2023 жылы жалпы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектар болып отыр. Осыған байланысты 20 жылға ортақ жайылым көлемін ұлғайту жоспарының жобасы әзірленіп, аудан, қала әкім­діктерімен нақтыланып жатыр.

Басқарма басшысы Ерғали Тілегеннің айтуына қарағанда, жайылым қоры шектеулі аудан­дар­да жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тардағы малды қорада ұстау­ды және кооперативтерге бірік­тіру арқылы шалғайдағы маусым­дық жайылымдарға шығару ба­ғыт­тары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«2023 жылға облыс бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 330 мың гектар ауыл шаруашы­лығы мақсатындағы жерлерді мемле­кет меншігіне қайтару жоспары бекі­тіліп, тиісті жұмыстар атқа­ры­лып жатыр», дейді Е.Тілеген.

Айта кетелік, облыс бойынша ж­айы­лым қоры шектеулі аудан­дарда шағын мал бордақылау алаң­­дарын ашу және кооператив­тер­ге біріктіру бағытында ж­ұ­мыс жүр­­­гізу арқылы жайылым тап­шы­­­­­­лығы азайтылмақ. Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру бағ­­­­дар­­ламасы бойынша 2,5 па­йыз бері­ле­тін несие арқылы отбасы­лық сүт фер­маларын және мал борда­қы­лау алаңдарын көбейту көзделіп отыр.

 

Түркістан облысы