Қазақстан • 03 Ақпан, 2023

ЕАЭО елдерінің Премьер–министрлері форумға келді

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің  кеңейтілген отырысына және жыл сайынғы халықаралық цифрландыру форумына қатысты, деп жазады Egemen.kz.

ЕАЭО елдерінің Премьер–министрлері форумға келді

Форумның екінші күні Қазақстанның Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың құттықтау сөзімен басталды. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов коммуникациялардың қолжетімділігін арттыру үшін ЕАЭО елдеріндегі радиожиілік спектрін синхрондауды ұсынды.

«Байланыстың қолжетімділігі мен сапасын арттыру ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендер кең жолақты интернетпен қамтылған. Қалғандарында радиорелелік желілер мен төмен орбиталық спутникті пайдаланатын боламыз. Біздің елдер үшін радиожиілік спектрін синхрондау қажет деп санаймын», деді Әлихан Смайылов жұма күні «Цифрлық Алматы» форумында ЕАЭО елдері үкімет басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыста.  

Сондай-ақ Смайылов Қазақстанның ЕАЭО-дағы әріптестерімен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция тарту бойынша жұмыс істеуге дайын екенін қосты.

«Бұл аймақтағы барлық елдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Нәтижесінде біздің елдер халықаралық дәліздермен және трансшекаралық ағындармен жоғары жылдамдықты деректерді беру арналарын құра алады», деп қосты Премьер-министр.

Одан кейінгі сөз кезегі Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға берілді.

Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Ақылбек Жапаров уақыт өткен сайын цифрлық тәуелсіздік мәселесі өзекті бола түсетінін, фин-тех тілін меңгергендердің бәсі басым болатынын айтты.    

Бүгінгі жиын ЕАЭО мүше елдердің Премьер-министрлері, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, ірі цифрлық компаниялардың басшылары, IT-бизнес көшбасшылары мен цифрлық сала сарапшыларының қатысуымен өтіп жатыр. 

Кеше Ресей Премьер-министрі ЕАЭО кеңістігіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланып, бірнеше екіжақты кездесулер өткізген болатын.

Атап айтқанда, ол Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайыловпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту Мәскеу үшін абсолютті басымдық екенін атап өтті.