18 Маусым, 2014

«Елорданы көркейткен Елбасы»

680 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

ЕЛ және ЕЛБАСЫ

05.09.05

Кенжебек СауытулыКенжебек САУЫТҰЛЫ, «Заман» жеке кәсіпкерлік қауымдастығының басшысы: Астана күні бүгінде жалпы­ха­лықтық зор мереке ретінде, отбас­ы­мызбен атап өтетін әдемі мерекелік шара болып қалып­тасып үлгерді. Бұл күні Алматы кө­шелерінде де мерекелік шаралар ұйымдастырылып, түр­лі жәрмеңкелер, мәдени қойы­лымдар көптеп өтуде. Күндіз неме­релермен саябақта, қала аудан­дарының алаңдарында қыдыр­сақ, кешкісін отбасымыз­бен дастарқан жайып, теледидар­дан Астана қаласындағы мере­келік концертті тамашалаймыз. Арқа төсіне ту тігіп, Қазақ елінің кіндік ордасы – Астананы көркейткен, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осыдан жиырма жыл бұрын ел астанасын көшіру туралы шешім қабылдағанда жасы үлкен ағасы ретінде, бір әулеттің ақсақалы ретінде сырттай тілекші болдым. Шүкір, сынай қарайтын сырт көздің сұғына ұрындырмай, міней қарайтын маңайдағы мың сан адамның мазағына қалмай, Астананы бүгінгі дәрежеге жеткізіп, онда қаншама халықаралық ірі кездесулер мен басқосуларды, тарих беттерінде терең із тастайтын үлкен шараларды атқарып үлгерді. Бұл да болса Елбасының елге тұтқа, әлемге абыройлы екен­дігінің шынайы мысалы, анық дәлелі деп білемін. Астанадағы Ақордадан бері­ліп жатқан бұйрықтар мен қабыл­данып жатқан заңдар Қазақ­стан халқының алаңсыз өмір сүруіне, еркін еңбек етуіне және келешегіне сенімді болуы­на ықпал етіп келеді. Мен өз ұрпағымның болашағы жарқын болады дегенге кәміл сенемін. Өйткені, бізде береке бар, бірлік бар, барлық халықты бір мүдде, бір ниетте ұстап отырған Елбасы бар. Ол – Қазақ елінің жарқын болашағы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген ерен тұлға Нұрсұлтан Назарбаев. АЛМАТЫ. ERA_6554

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.

«Менің хатымды үлгі етті»

З.Бобохидзе отбасыЗураб БОБОХИДЗЕ, «Иверия» этномәдени бірлестігінің төрағасы: Менің үйім, менің отбасым, бауырларым, үш балам, бес немерем осында. Тәуелсіздік жағдайында мен грузин болғаным үшін бірде-бір рет өз елімнің өмірінен шет қалу сезімін басымнан өткерген емеспін». Иә, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның өткен жылғы сессиясындағы баяндамасында мен туралы дәл осылай айтқаны орынды еді. Мен Елбасына жазған хатымды осы мазмұнда бастап, еліміздегі этносаралық татулықты бекіте түсетін Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғаны үшін ризашылығымды білдіріп едім. Ассамблеяның әр жыл сайынғы сессиясында еліміздегі бірлік пен достықтың беки түскеніне куә болып келеміз. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын ұсынды. Бұл – көңілге қонымды құжат. Өйткені, тұжырымдаманы тыңдай бастаған сәтте неге «бір халық», неге «бір тағдыр» деген сауалдардың жауабын ой­ша іздей бастадым. Сөйтіп, ойла­нып отырғанда, Елбасы тұжырым­даманың өн бойы­на қан жүгірте баяндай келе, әрқайсымыздың көкейіміздегі сұрақтарға жауап беріп тастады. Шындығында, Қазақстандағы ұлтаралық достықтың алтын діңгегін қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі барын айрықша айтуымыз қажет. Өйткені, Мемлекет басшысының Қазақстанда халық Ассамблеясын құру идеясы өзінің жемісін берді деп ойлаймын. Бұл –ұлтаралық достықты нығайтудың қазақстандық моделі. Мұндай модель бұрын әлемдегі бірде-бір елде болмаған ғой. Қазір көптеген елдің басшылары мен саясаткерлері  Қазақстандағы ұлттардың берік достығы мен татулығына қызығып та, қызғанып та қарайды. Қазақстандық модельдің ұтымды тұстарын өздерінде қолдануды қалайды. Демек, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың достықтың мекеніне айналғанына бәріміз де сүйсінеміз, бәріміз де марқаямыз. улттар 25 СКО (2) Қазақстанда тұратын әр этностың тағдыры бір екені даусыз. Менің тағдырым Қазақстанды мекен еткен әрқазақстандықтың тағдырымен біте қайнасып жатыр. Өзім осы елде тұрғаныма 40 жылдан асты. Осы жылдар ішінде қазақ жерін мекен еткен халықтардың өзара достығына қайран қалумен келемін. Бұған жыл өткен сайын, Қазақстанның әр өңірінде болғанда көзім жете түсуде. Өзінің ана тілі болмаса да, жан сырын айтатын, қуанышы мен қиындығын бірге бөлісетін достарының ана тілін меңгеріп, сол халықтың тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін терең білуге ұмтылған өзге ұлттарды көбірек кездестірдім. Менің де сырымды айтатын, қиналғанда жанымнан табылатын достарымның арасында өзге ұлт өкілдері көп. Әсіресе, қазақ пен орыстың, армян мен тәжіктің жігіттерінен достыққа адал, сөзіне берік, жолдастықтың қадірін сезіне алатын жақсы дос­тар тапқаныма қуанамын. Бір-бірімізді ешқашан ұлтқа бөлмейміз. Керісінше, бір-біріміздің ұлттық салт-дәстүрімізге құрметпен қарап, балаларымыздың ұлттық әндеріміз бен билерімізді жетік меңгеруіне қолдау білдіреміз. Осы орайда, Қазақстанда өзге ұлттардың ана тілі мен салт-дәстүрін, төл өнері мен мәдениетін жаңғыртуына қолайлы жағдай жасалғанын айрықша атар едім. Қазақстанда, соның ішінде Атырауда тұратын менің қандастарым да «Иверия» грузин этномәдени бірлестігін құруына еш кедергіге кезіккен жоқ. Қандастарым бұл бірлестікті басқару міндетін маған жүктеді. Әрине, қай істің де бастауында қиындықтар кездесетіні баршаға мәлім ғой. Алайда, біз этномәдени бірлестіктің жұмысын жолға қою барысында мемлекеттің қолдауын анық сезіндік. Қазір балаларымыз өз тілінде сөйлейді, ұлттық өнеріміздің қайнарынан терең сусындай бастады. Бірлестік жанынан жастардың би ансамблін құрып, оның мүшесі болуға тілек білдіргендердің ұлтына шектеу қоймадық. Олардың арасында қазақтың, орыс пен осетиннің жас­тары бар. Осының өзінен біздің жастарымыздың арасында да достықтың туы биік көтерілгенін ұғуға болады. Мен Қазақстандай татулық, ынтымақ ұялаған елде тұр­ғанымды, осы мемлекеттің азаматы болғанымды бақытқа санаймын. Егер басқа бір елде тұратын болсақ, өміріміз алаңсыз боларына сене алар ма едім? Себебі, күнбе-күн бұрын бір Одақтың бодауында болған мемлекеттердің біразындағы, сонымен бірге, жаһан елдеріндегі болып жатқан алауыздық пен тұрақсыздықтың теріс әсері неге соқтыратынын естіп те, көріп те жүрміз. Осы тұрғыдан айтқанда, өз тағдырымның, балаларымның болашағы Қазақстанмен байланыс­ты болғанына шүкіршілік етемін. Басқаша айтар болсам, қазақ жеріндегі өмірімді бақытты күндерімнің ең бір шуақты сәтіне балаймын. Біз, Қазақстандағы өзге ұлттың өкілдері өзіміздің салт-дәстүрімізді, тіліміз бен өнерімізді дамытып қана қоймай, елдегі татулық пен достықтың қадірін кейінгі буынның санасына терең сіңіруге үлесімізді қосып жүрміз. Осы мақсатпен аудандарды аралап, бірлестік құрамындағы би ансамблінің концертін өткізіп жүрміз. Біз әрбір шарамызға өзге этномәдени бірлестіктердің мүшелерін шақырамыз. Бәріміздің ортақ Отанымыз, ыстық ұямыз – Қазақстан. Биікте қалықтаған қыран да ұясындағы тыныштықтың бұзылмағанын қалайды. Ендеше, біз де бақытты ғұмыр кешіп жатқан ұямыз – Қазақстандағы мамыражай достығымыздың бұзылмауы үшін бір-біріміздің өнерімізге ғана емес, тағдырымыздың да жақсы қырынан қалыптасуына қолдау көрсетуіміз қажет деп ойлаймын. Атырау облысы.

«Үздік педагог байқауының жүлдегерімін»

КулимханКүлімхан ТҮНДЕБАЕВА, ұстаз: Елбасының ерен еңбегі дегенде әуелгі кезекте айтарым, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін төрткүл дүниеге паш етіп, өркениетті, дамыған елдер қатарынан орын алғаны болып отыр. Егемендігіміздің іргесі берік. Ал Елбасы еңбегінің бір ғана дәлелі ретінде мемлекеттік саясатқа сай Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласы етіп белгілеуі деп санаймыз осы өңірдің халқы. Өзге салалар секілді халыққа білім беру жүйесінде де алға басудың алғашқы қадамы – ұстаздар сындарлы сынақтан өтіп, оқушылар халықаралық талапқа сай білім алуына ашылған мүмкіндік болып отыр. Айталық, былтырғы жылы мен «Үздік педагог-2013» байқауына қатысып, жүлдегер атандым. Осынау игі шараға дайындалу барысында түйгенім, заман ағымына ілесемін деген ұстазға, оқимын деген оқушыға жарқын жол ашылған. Бұл кезеңді осыдан он жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, айырмасы жер мен көктей. Өз тәжірибемнен мысал келтірсем, тiл мен әдебиет – танымдық iс-әрекеттердiң құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негiзi. Осы негізді жүзеге асыруда «Оқушыларды ізденіске баули отырып, шығармашылық қабілетін дамыту» деген мәселе бойынша ізденіс жұмысын жүргіздім. Ұстанған мақсатым – жеке тұлғаның білім алуға деген өзіндік сенімін арттыру, өз бетімен жұмыс істеуіне жағдай туғызу, қабілетін арттыру, дарынын дамыту. Осы мақсатқа жету үшін қазіргі педагогика саласындағы жаңа технологиялардың ең тиімді тәжірибелерін пайдаланып жұмыс істедім. Шығармашылық пен ізденімпаздықтың бастамасы еңбектеніп кәсіби шеберлікті шыңдау екендігін ұғындым. Міне, осының барлығы Елбасы тарапынан мұғалімдерге жасалған жақсылықтың арқасында мүмкін болып отыр. Менімен бірге әріптестерім де іздене жүріп көп нәрсеге көздері жетті. Сол құндылықты оқушылар санасына сіңіру – қасиетті борышымыз. ТАЛДЫҚОРҒАН.

«Киелі бесік, құтты шаңырақ»

Плотко Александр Петрович, председатель украинского центра Св_танок СКО.docАлександр ПЛОТКО, «Світанок» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы: Елбасымыз Қызылжар өңірін­дегі кезекті бір жұмыс сапарында масленница мерекесіне қатысқаны бар. Сонда ақпанның ыз­ғарлы күнінің жайма­шуақ­танып, көктем келгендей күй кеш­кенімізге әлі күнге дейін таң­даныс білдіремін. Ресми жиын аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы қалыптасқан әдетімен алаңды аралап, жиналған жұртшылықпен емін-еркін араласып, хал-жағдайларын сұрап жатты. Осы кезде біздің қоғамдық бірлестіктің бір мосқалдау әйелі Елбасын топтық биге шақырды. Төбемізден жай түсіргендей әсер еткен тосын жағдайға аңтарылып қалып, әліптің артын күткендей болдық. «Несі бар! Жастық ша­ғымыз өткен Украинаның биін неге білмеске?», деп өзіне тән қарапайым да биязы мінезімен жауап бергенде бәріміз жайдарыланып сала бердік. Елбасымыздың қиыннан қиыстырып жол таба білетін мінезі мен болмыс-бітімі халықпен етене байланысып кеткені соншалық, Қазақстан десе, алдымен көз алдымызға Нұрсұлтан Әбішұлын елестететініміз рас. Мемлекет басшысының ұлтаралық, конфессияаралық сындарлы саясатының арқасында еліміз бірлік пен келісімнің киелі бесігіне, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағына айналып отыр. Ел бірлігінің бастауы болсын деген ізгі ниетпен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызы зор жалпыазаматтық институттың рөлін атқарып келе жатқанына 19 жылдан асып барады. Осы кезең аралығында Президентіміз Төрағасы болып табылатын саяси құрылым өміршеңдігін дәлелдеп, бейбіт қоғамымыздың ажырамас бір бөлігіне айналды. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының облыстық филиалы аясында жиырмадан астам этно­мәдени бірлестік құрылып, тонның ішкі бауындай біте қайнасып кеткен. Өңірде 40 мыңға жуық ук­раиндар тұрады. “Світанок” украин мәдениеті орталығы” қоғамдық бірлестігі ана тілімізді, мәдениетімізді насихаттау мақсатымен құрылған. Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 17 бала оқиды. Олар ана тілін, салт-дәстүрлерін, мәдениетін білумен қатар, қазақ халқының тарихи құндылықтарымен де терең танысады. Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін, тұтастығын нығайтуға бағытталған барлық іс-шараларға үнемі қатысып тұрамыз. Ата-бабалардың дәстүрлері мен салтын жоғалтпай, бір-бірімен ана тілінде қарым-қатынас жасауға Қазақстанда барлық мүмкіндіктер тудырылған. Украинада болып жатқан қанды оқиғаларға, шие­леністі жағдайларға алаңдаушылық білдіре отырып, осындайда тыныш өмірдің, өзара түсіністіктің ауадай қажет екеніне көз жеткізе түсесің. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында “Жаңа қазақстандық патриотизм” терминінің пайда болуы кездейсоқтық емес. Қазақстанның көпэтносты мемлекет екені алдымен ескерілгені бірден байқалады. Кеңес Одағы ыды­раған кезде тіл мәселесі өте өткір сезілгені бәріміздің есімізде. Өзіміз куә болғандай, қазақ ауылдарының өзінде қазақ тілі дұрыс оқытылмады. Қазір жағдай мүлдем өзгеше. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бәріміз қадір тұтамыз. Неғұрлым көп тілді меңгерсең, солғұрлым заманға бейім өмір сүретінімізді Елбасымыз тынбай айтып келеді. Қазір көріп жүргеніміздей, кей мемлекеттерде тіл этностар арасын біріктіруші емес, керісінше, іріткі салушы құрал болып тұр. Адамның қызығушылығы болса, кез келген тілді үйренуге ке­дер­гі жоқ. Өзім қазақша үйре­ніп жүрмін. “Еуразия” арнасынан жаңалықтарды қазақ тілінде тың­даймын. Қазақстандық патриотизм әр адамның бойына бала күнінен сіңіріледі. Ол үшін мектеп оқу­шысы мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтып, қастерлеп өсуі керек. Өзім басшылық ететін №1 мектеп-интернатта әр дүйсенбі сайын сабақ басталарда мемлекеттік Әнұранды орындау бұлжымас қағидаға айналған. «Кез келген саналы адам үшін бейбітшілік пен келісім сөздері ең маңызды болуы тиіс», деген Елбасымыздың сөздерін қазақстандықтар бой­тұмардай көретіні кәміл. Солтүстік Қазақстан облысы. 07-12-02-11

«Елге қызмет етудің ерен үлгісі»

img001-1Жұмабек КУКАНОВ, «Әлия жолдары» ЖШС директоры: Барша қазақстандықтың Ел­басы туралы халқының бағына туған тұлға деп бағалайтынына шек келтірмеймін. Оның тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолындағы тарихи тағылымды істері мен ізденістері Қазақстанды әлемге танытты, осы арқылы өзін де әлемдік саясаттың алтын діңгегі болып жүргендерге әдемі мойындатты. Елбасының осы жылдардағы болаттай берік ұстанымы ұлан-ғайыр жұмыстың атқарылуына ұйытқы болды. Кеңестік солақай саясаттың құрсауынан босап, еліміз егемендік алғанда, ақ түйенің қарны жарылғандай ақжарылқап күй кешкеніміз күні кеше болатын. Халқының қалауымен мемлекет тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы сол елең-алаң шақта да саясаттағы және экономикалық дамудағы ұстанған бағыттарын айқын аңғартқан-ды. Тарихи қысқа кезеңде ғасырда атқары­латын шаруалардың басы қайы­рылғанын көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Әуелі экономиканы дұрыс жолға қоюды қолға алған елі үшін туған ердің саясатта да әлемді мойындататындай қа­дамдар жасағанын айту ләзім. Осы кезеңде тәуелсіз мемле­кеттің негізі қаланғаны, демо­кратиялық қоғам қалыптасқаны, халықаралық беделді қауым­дастықтарға мүше болғаны Ел­басы есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіз жас мемлекетіміз нарықтық қатынастарға тө­селіп, дамудың қазақстандық айшықты жолын таңдауында да Нұрсұлтан Әбішұлының өзіндік қолтаңбасы жатқаны сөзсіз. Елорданы Арқадағы Ақмолаға көшіріп, өзге мемлекеттердің түсіне де кірмейтін іргелі де ірі іс тындырғанын төрткүл дүние түгел біліп отыр. Бұл Елбасының ерлігі де, көрегендігі де болатын. Азғантай уақытта асқақ ғима­раттары бой түзеген Аста­нада әлемдік деңгейдегі үлкен жиындарды өткізіп, оларда экономикалық дамудың, бей­бітшілік пен тұрақтылықтың тұғырын бекітетін шешімдерге қол жеткізуі бұл кісінің халқының бағына туған ұлы тұлға екенінің айқын дәлелі. Тәуелсіз еліміздегі халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтаудағы ерен еңбегінің өзі неге тұрады. Әралуан дін өкілдерінің басын Астанада әлденеше рет қосуы, Семей по­лигонындағы сынақтарды тоқтатып, Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдыруы, соңғы жылдардағы экономикалық бастамалары Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қайратының, елінің ертеңі үшін қызмет етудегі жан­қияр­лығының көрінісі болса керек. Өзі жиырма жыл бұрын бас­тамашы болған Еуразиялық эко­но­микалық одаққа қол қойылуын зор жетістік демеуге бола ма? Міне, қазір еліміз әлемдегі озық отыз елдің қатарына енуге тал­пы­ныс танытып жатыр. Мұның нақты көрінісі өміріміздің жақса­руынан да байқалуда. Халықтың тұрмысы түзеліп, жағдайы жақ­сара түсті. Алыс ауылдардың да ажары кіріп, елдің еңсесі көте­рілді. Ертеңгі күнге деген сеніміміз мол. Елбасының шағын және орта бизнесті қолдаудағы қадамдары да көптің көңілінен шықты. Мен кәсіпкер ретінде мұны айқын сезініп отырмын. Еліміздегі бар­лық игілікті істер Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асып жатыр. Осындай басшымыз бар елімізді бақытты деп есептеймін. Ақтөбе облысы.

«Астананы арман қалаға айналдырған»

Ольга Коржева-3Ольга КОРЖЕВА, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Алматыдағы Н.Сац атындағы жасөспірімдер театрының актрисасы: Мен мемлекетіміздің жүрегі – Астана қаласын келе жатқан туған күнімен құттықтағым келеді. Астана деген кезде бар­ша­мыздың ойымызға әуелі Елба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев түседі. Сондықтан да құрметті Мемлекет басшымызды да осы Астана қаласының атаулы мерекесімен шын жүректен құттықтасам деймін. Мен Елбасын – Қазақстан Республикасының тұрақтылығы мен тыныштығының кепілі ғана емес, осы мемлекеттің ілгері басуына, экономикалық, әлеуметтік, ғылым мен білім, сондай-ақ, рухани қазына – өнерінің қарыштап дамуына үлкен еңбегі сіңген тұлға деп білемін. Қазіргі таңда Қазақстан тек Орталық Азиямен ғана шектелмей, әлемнің дамыған және дамушы елдерінің ішіндегі ең тыныш ел, ең тұрақты мекен ретінде де күллі дүниеге үлгі болып отыр. Өзім өнер адамы болсам да, күнделікті әлем және отандық жаңалықтарды жіті қадағалап отырамын. Бір байқағаным, біздің еліміздің экономикасына шетелдік инвесторлардың қызығушылығы күн санап артып келеді. Егер Қазақстанда осындай тыныштық болмаса, әлемге танымал ірі компаниялар өз қаражатын құйып тәуекелге бармас еді ғой. Міне, мұның бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі-сыртқы саясаттағы көрегендігі мен нақты басымдықтарға жасаған батыл қадамының жемісі. Былтыр желтоқсан айында менің кеудеме «Құрмет» орденін Елбасымыздың өзі таққан еді. Сол кездесу, сол салтанатты сәт әлі күнге көз алдымда, мәңгі көңілімде. Отандық экономика, заң, ғылым мен білім, руханият салаларына еңбегі сіңген қай­раткерлерді марапаттау кезін­де мені аса таңғалдырғаны – Пре­зидентіміздің әр адамға ерекше көңіл бөліп, ерекше ілтипат көр­сете білетін, ақсүйек әзілге де кенде емес, үлкен-кішімен тең дәре­жеде қарым-қатынас жасайтын үлкен жүректі тұлға екендігі болды. Марапаттау кезегі маған келгенде мен үлкен кісінің алдында ептеп қысылып қалсам да: «Құрметті Президент мырза! Сіз біздің театрдың жаңа қойылымын тамашалауға келіңізші», деген тілек қалай аузымнан шығып кеткенін білмей қалдым. Зор қуаныш пен терең толқыныста ауызға түскен сөз сол болды. Сонда Елбасы жылы жымиып тұрып: «Қандай қойылым?», деп сұрады. Мен ағылшын классигі Бернард Шоудың «Миллионер әйел» қойылымы екенін айттым. «Әрине, барамын!», деп жауап берді Президент. Мемлекет басшысы мен өнер иесінің арасындағы шағын әңгімеге сол жердегі кісілердің бәрі риза болысып, ақтарыла күлісіп жатты. Міне, бұл да Нұрсұлтан Әбішұлының адами келбеті мен кішіпейілдігін, ұлы істердің басында жүрсе де қарапайым нәрсеге сүлесоқ қара­майтындығын көрсетеді. Бір нәрсені атап айтқым келеді. Әу баста еліміздің астанасын Арқа жеріне көшіріп, оған Астана деп ат қойған тұста сенімсіздік танытқандар өте көп болды. Бірнеше адам емес, бүкіл қазақ­стандықтардың санасына сыймайтын мәселе, баршамыздың басымызға кірмейтін ой еді. Бірақ Елбасы сондай шешім қабылдады. Енді, міне, отандас­тарымыз тұрмақ, шетелдерден елімізге қонақ болып келіп жатқан кісілердің бәрі таңдай қағысып, аз ғана уақыт ішінде шағын қалашықтан көз тойғысыз зәулім үйлер мен ғажайып ғимараттары бой көтерген, мәдениеті жаңа деңгейге шығып, халқы санат­танған қиялға бергісіз қала, дербес елдің елордасы – Астана қаласы болғанына куә болуда. Астана – арман қала. Алғаш астана мәртебесін алған тұста гастрольдік сапармен барғанымыз есімде. Сол кезде біз жаңа ғана бой көтере бастаған құрылыс нысандары мен енді-енді жинақылана бастаған қаланы, күндіз-түні жұмыс істеп жатқан жұмысшыларды көрген едік. Араға жыл салып қойылымдарымызбен барған сайын аз уақыт ішінде түлеп келе жатқан Астананың қалыптасуы мен өсуін өз көзімізбен көрдік. Қазір айтса, адам нанғысыз. Үлкен-кішіміз Астанаға барғымыз келіп тұрады. Ол жерде армандарымыз орындалып, тілектеріміз қабыл болатын сияқты сезінеміз. Бұл да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласының мәртебесіне, қасиетіне қосқан орасан еңбегі мен толассыз үлесі деп білемін. АЛМАТЫ.

«Президент Жарлығымен награда алдым»

DSC01341Аманқос ШАУХЫМБЕРДИЕВ, Маңғыстау облыстық ауруханасының бас травматологы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері: Менің дәрігер болып қызмет еткеніме 45 жыл толды, яғни жарты ғасырға жуық. Осы жылдардың 37 жылын бас травматолог, меңгеруші болып басшылық қызметтерге арнадым. Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Жарлығымен төл наградамызға қол жеткізіп, одан бұрынырақ «Медицина үздігі» атанып, «Пирогов» атындағы медальмен марапатталдым. Мұны айту себебім, осынша уақыт маған өзім куә болған кезеңге, яғни кеше мен бүгінге байыппен қарауға, неге қол жеткізіп, қай деңгейде келе жатқандығымызға талдау жасауға мүмкіндік береді. Қазір еліміздің медицина саласы лайықты дамып келеді, бірақ бәрі қалыптасты деуге ерте, әйтсе де жақсы бастамалардың қолға алынып, мамандардың шетел ғалымдарымен тәжірибе алмасып, заманауи құрал-жабдықтардың жеткізілуі, жаңадан дәрігерлік мекемелердің бой көтеруі біздегі оң ахуалды білдіреді. Білім алуына, қызмет етуіне жағдай жасалған жас мамандар жетіліп келеді. Мұндай жаңалықтар Маңғыстау облысында да өз өрнегін қалдыруда, жуырда облыстық аурухананың «Г» блогы пайдалануға беріледі деп күтудеміз. Чех елінен әкелінген аппаратуралармен жабдықталған хирургиялық блокта өзіміздің бі­лікті мамандарымыз іске кіріспек. Осының бәрі біздің тәуелсіз еліміздің жетістігі, «біз дайын емеспіз» деп кері тарту бізді заман иірімінен кенже қалдырары белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Н.Назарбаев даму жолынан айнымауды, алға батылдықпен ұмтылуды мақсат етіп қойып, елді осыған жұмылдырып келеді. Шалғайдағы ауылдарға сапалы дәрігерлік қызмет көрсету үшін ауыл медицинасын дамытуға да зор көңіл бөлінуде, ал жас ма­ман­дарға «Жол картасы» бағдар­ламасы көмекке келді. Қазіргі Қазақстан меди­ци­насындағы серпіліс бізді зор болашаққа үміттендіреді. Бере­келі тұрмыс, базарлы қызмет тек тыныштықтың, өркендеудің бел­гісі. Жұмыстан бас көтеріп, қол қалт еткенде алысқа ой жіберсек, бойын тіктеген жаңа Астанамызға, әлем елдеріне өз екпінді үнін естірте алған Елбасымызға риза боламыз. Қызмет бабында жылына 1-2 рет жолымыз түсетін елор­дамыз жыл санап емес, ай сайын өзгеріп келеді, заман үде­сіндегі алып ғимараттар көз жау­ын алады. Халқымызды осы тыныштықтан, осы дамудан айырмасын, біздің ел ғасырлар бойы көрген қиындықтың соңы мәңгілік бақытқа ұлассын деп тілейміз. Маңғыстау облыстық ауру­ха­насы жанындағы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төра­ғасы ретінде маңғыстаулық дәрі­гер­лер атынан Астанамызды және Елба­сымызды туған күндерімен құт­тықтаймын. Еліміз, жеріміз бір, арман-мақсатымыз ортақ, тағ­ды­рымыз да бір, олай болса, барша халық болып, амандықпен бірге өрлейік, абыройға бірге жетейік! Ақтау.

«Елбасы батасын беріп еді»

IMG_4355Болатхан КӨПТІЛЕУОВ, «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының аға шебері: «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХV съезі ел өміріндегі айтарлықтай елеулі оқиға десек, мен үшін ерекше сәт – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан бата алғаным. Жалпы, Президенттің қолын алған кез келген адамнан сұрасаңыз, Нұрсұлтан ағаның аурасы ерекше рухтандырып, өзіне баурап алатын, дем беретін қасиеті бар екенін жасырмай айтады. Мен мұны осы жолы шынайы сезіндім. Бұған дейін де, яғни 2011 жылы өткен съезде де мен еліміздегі өндіріс саласы жастарының атынан Президенттің алдында сөз сөйлегенмін. Ол кезде жолығудың сәті түспеді. Бірақ, осы жолы міндетті түрде ол кісінің қолын аламын деп өзіме серт берген едім. Әрине, Елбасымыз қай жерде болсын халықпен амандаспай кетпейді. Сол сияқты өткен съезде де жиын біткен соң халыққа қарай жақындады. Алдыңғы қатардағылар қолын алуға асығып жатты. Мен тағы да тасада қалып, амандаса алмайтын болдым-ау деп іштей бір түрлі күйге түстім. Бірақ, жаңа айттым ғой, ол кісінің қасына жақындасаң, адамға бір рух береді деп. Бір кезде «Нұрсұлтан Әбішұлы!» деп қалғанымды өзім де сезбей қалдым. Ол кісі де «Ау!» деп бері бұрылды. Елдің бәрі бізге қарап қалған. Сол сәтте қаумалаған адамдар арамызды аша берді. Елбасы мен екеуміздің арамыз бір-ақ қадам. «Аға, сөз сұрасам бола ма?», дедім. Ол кісі күліп жіберді де: «Айта бер», деді. «Өткенде бір түс көрдім. Түсімде Сіз ұсынған қаламсаппен Қазақстанды өркендетуге арналған жоспар құрып жатыр екенмін. Сол түсім өңіме айналсын, еліміз өсіп-өркендей берсін деген ниетпен, ақ батаңызды беріп, қаламсабыңызды өз қолыңызбен ұсыныңызшы», дедім. Елбасымыз сол жерде батасын беріп, соңынан «Аумин!», деді. Сосын төрт-бес қадамдай жерде өзі отырған орыннан қаламсабын алып келіп, маған ұсынды. Елбасымыз қашан да жастарды қолдап, жебеп, ылғи да еліміздің болашағы ретінде бағалап жүреді ғой. Сондықтан берген батасы мен ұсынған қаламын тек маған ғана емес, еліміздің бүкіл жастарына арнады деп қабылдадым.  Жамбыл облысы.