Қазіргі таңдағы еліміздегі өзгерістер, тұрақты дамудың жаңа стратегиялық бағыттары және қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы, қарқындылығы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. Білім беруді жаңарту ұстаздардың жауапкершілікті түсінуі мен кәсіби деңгейіне және білім беру үдерісіндегі көптеген мәселелерді шешуге қосқан үлесіне байланысты. Сонымен бірге бұл үрдіс оқушылардың білімін ғана емес, оны өмірде қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функционалдық сауаттылығын дамытады.
Оқушылардың функционалдық дамуы туралы мәселе алғаш рет Елбасының 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанның дамуының негізгі бағыты» Жолдауында көтерілген болатын. Онда осы мәселе бойынша бесжылдық Ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдау туралы нақты тапсырма қойылды. Жолдауға байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары» қабылданды.
Функционалдық сауаттылықтың жалпы бағыты ретінде жалпы білім беру мектептеріндегі азаматтардың интеллектуалдық, рухани және дене дамуы, олардың білімін әлемдегі жылдам өзгеріс жағдайында әлеуметтік жағдайға бейімдеу Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында атап көрсетілген.
Ұлттық жоспарды іске асыру мемлекеттік органдардың, кәсіби қоғамдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институттарының, ата-аналардың қызметін үйлестіруді қажет етеді. Осыған орай жақында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалында «Функционалдық сауаттылық – сапалы білім берудің кепілі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Оның жұмысына «Өрлеу» БАҰО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы М.Әбенов, басқарма төрағасының орынбасары, профессор Ж.Қараев, қоғам филиалдарының директорлары, білім саласының ғалымдары, жоғары оқу орындары, колледж және білім беру ұйымдарының басшылары, біліктілікті арттыру институттарының оқытушылары қатысып, пікір алмасты.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында отандық және шетелдік тәжірибелерді өңір мектептеріне таратуға қабілетті, білікті де білімді мамандардың үлкен әлеуеті шоғырланып келеді. Сонымен қатар, институт мемлекет белгілеген білім беруді дамытудың жаңа бағыттарын жүзеге асыруда. Атап айтқанда олар – жаңа мазмұндағы қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстары, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Кембридж университеті бірігіп даярлаған деңгейлік бағдарламалар, Е-learning және Smart-learning үдерістерін енгізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, әлемдік тәжірибе негізінде институт қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, ағылшын тілін ерте жастан оқыту, көптілді тұлғаны қалыптастыру болып отыр.
Пленарлық мәжілісте оқу жылының қорытындысы бойынша облыстың білім үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Конференция жұмысы дөңгелек үстелмен, шеберлік сыныптармен және тренингтермен жалғасты. Мұнда оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мен дамытуға бағытталған білім үрдісін ұйымдастыру қағидаттарын және заманауи білім технологияларын талқылауға ерекше назар аударылды. Сонымен, алқалы жиынға қатысушылар үлкен сенім арқалап қайтты.
Лаура ИСКАКОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
филиалының директоры.