Аталған дода Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. 1 000 метрлік қашықтықты 1 минут 17,98 секундта жүгіріп өткен Алина Дауранова бас жүлдені олжалады. Нидерландтық Пьен Херсман күміс медальді иеленсе, италиялық Серена Пергер қолаға қол созды. Сонымен қатар, жерлесіміз дәл осы сайыстың жалпы есебінде де алдына жан салмады.
Жалпы, соңғы кездері 19 жасар Алина өзінің өрелі өнерімен жанкүйерлерді қуантып жатыр. Былтырғы жылдың қаңтар айында ол Аустралияда ұйымдастырылған әлем чемпионатында күміс пен қола медальді олжаласа, қарашада Финляндияда шымылдығы түрілген Әлем кубогінде алтын медальді мойнында жарқыратты. Одан бөлек, Дауранованың ел спартакиадасы мен біріншілігінің жеңімпазы деген атақтары тағы бар.