Спорт • 05 Ақпан, 2023

Балуандар белдескен спартакиада

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сара­йында Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасы ­аясында күрес түрлерінен бәсекелер өтіп жатыр. Өткен аптаның соңында «классиктер» өз жарысын аяқтады. Екі күнге созылған жарыстың командалық есебінде 121 ұпайды қоржынға салған Шымкенттің грек-рим күресі шеберлері бас жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындарда Жетісу (98 ұпай) мен Шығыс Қазақстан (94 ұпай) өңірінің балуандары иеленді. Сондай-ақ Ақтөбе (76 ұпай) мен Алматы (43 ұпай) облысының өкілдері үздік бестіктің қатарынан көрінді.

Балуандар белдескен спартакиада

Жекелеген салмақ дәрежелері бойынша өткен жарыста Алмат Кебісбаевтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Әлем (1 күміс+4 қола) және құрлық (2 алтын+3 күміс) чемпионаттарында бес реттен жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия ойындарында екі мәрте (1 күміс+1 қола) және Дүниежүзілік Универсиадада бір рет (1 қола) олжа салған ол былтыр үлкен спортпен қош айтысқанын жария еткен. Республикалық күрес федерацисының басшылары Ке­біс­баевқа дереу қызмет те тауып берді. Атақ­ты спортшы еліміздің жас­өспірімдер құрамасының аға жат­тықтырушысы болып таға­йындалды. Алайда оның спорт­тық коллекциясында әлем чемпионы деген атақ пен Олимпия ойындарының жүлдесі жоқ екені мәлім. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Алмат бауыры ыстық боз кілемге қайта оралды. Бір жылдан аса үзілістен кейін де ол өзінің әлі де бабында екенін байқатты. Қарағанды облысының атынан сынға түскен Семей өңірінің тумасы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын­да барлық қарсыласын сыпыра ұтып, 67 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Тұсаукесер кездесуінде Алмат былтырғы жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігі­нің күміс жүлдегері, жамбыл­дық Дінмұхаммед Қошқарды қа­пы қалдырды. 21 жастағы жас жол­барыс 35 жастағы әккі балуан­ның осал тұсын таба ал­ма­ды. Жартылай финалда ол – жа­бық ғимараттағы Азия ойын­дарының жеңімпазы, Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Да­нияр Қаленовті ұтса, фи­налда Кенді Алтайдан келген Ме­рей Бекеновтен басым түсті.

Сақа спортшылар арасы­нан абайлық Нұрсұлтан Тұрсы­нов (87 кг), қарағандылық Ибра­гим Магомадов (72 кг), қызылор­да­лық Олжас Сырлы­бай (97 кг) және шымкенттік Әлім­хан Сыз­дықовтың (130 кг) шоқтығы биік болды. Бір кереметі, олардың бар­­лы­ғы да финалда өздерінің сыр­алғы қарсыластарымен күш сы­нас­ты. Мәселен, финалда Тұр­сы­нов астаналық Азамат Құс­ты­баевты, Магомадов жам­был­дық Елдос Камеловті, Сыр­лыбай қа­ра­ғандылық Ерұлан Ыс­қақовты және Сыздықов қонаевтық Антон Савенкоға сан соқтырды. Ресейдің Орынбор өлкесінен тарихи ота­нына қоныс аударып келген Азат Садықов 77 кг салмақта алдына жан салмады. Алматы қаласының намысын қорғаған ол ақтық са­йыста шымкенттік Омар Сатоевты жеңді.

Жалынды жастар арасы­нан астаналық Марлан Мұқа­шев (55 кг), абайлық Айбек Сабырбеков (55 кг), шым­кенттік Мұхамедәлі Мамырбек (63 кг) және Солтүстік Қазақ­стан облысының 18 жастағы жас перісі Ислам Евлоевты бөле-жара атап өтуге болады. Олар­дың барлығы да өз салмақ дәреже­ле­рі бойынша жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жа­дыраев, Мақсат Ережепов, Мирас Баршылықов, Бағлан Жа­қанша, Жансерік Сәрсенбиев және тағы басқа бір топ танымал балуан бұл жарыстан олжасыз оралды.

Жоғарыда біз көш алдыңғы лектен көрінген командалар жа­йында әңгімеледік. Ал Батыс Қазақстан (4 ұпай), Ұлытау (8 ұпай) және Ақмола (8 ұпай) облысы тым сүреңсіз өнер көр­сетіп, көш соңында қалып қой­ды. Сондай-ақ Павлодар (12 ұпай) мен Маңғыстау (21 ұпай) өңірінен келген балуандардың да нәтижелері көңілден шықпа­ды. Сөйтіп, «классиктердің» бә­секелері аяқталды. Кеше әйелдер күресінен сайыстар өтті. Бүгін және ертең еркін күрес шеберлері өз өнерлерін ортаға салады.