Отбасы • 05 Ақпан, 2023

Отбасы институты – ұлттың айнасы

1333 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда неке құрған әрбір үшінші отбасы ажырасып кетеді екен. Осыған орай елімізде екі жақты татуластырумен қатар бүгінде отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Алайда мұндай орталықтың барынан тұрғындардың көбі хабарсыз. Жуырда елордада таныстырылған «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасында осы секілді бірқатар мәселе қамтылған.

Отбасы институты – ұлттың айнасы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі жанындағы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Нұрбек Матжанидің мәлімдеуінше, рес­пон­денттердің 70%-дан астамы отбасын қолдау орталықтарының қызметтерін пай­даланбаған, 19,3%-ы сауалдамадан алғаш рет олардың бар екендігі туралы білген және тек 7,1%-ы ғана осы ор­та­лық­­тарға жүгінген. Әсіресе Отбасын қол­дау орталықтарының бар екендігін Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары біл­мейтін болып шықты.

Айта кетейік, Ұлттық баяндама ел тұр­ғын­дары арасында жүргізілген сауалдама аясында және осыған дейін жасалған түрлі зерттеулердегі деректер мен материалдарды сараптау арқылы әзірленген. «Мұндай әдістер отбасы институтындағы, отбасы саясатындағы кең көлемде жинақталған мәсе­лелерді жүйелі түрде анықтауға мүм­кіндік береді», дейді зерттеуші мамандар.

Сонымен қатар сауалдама отбасында бала­ларымен көп уақыт өткізетін әйел­дер (44,5%) екенін көрсетті, ал ер­лер­­­дің үлесі 25,6% ғана. Қоғамда қа­зір кеңінен талқыланып жүрген әкелер институтының мәселелері бойынша рес­пон­­денттердің 54,1 пайызы «бала тәр­бие­­сіне қатысқаннан гөрі, әкенің отбасын ма­териалдық тұрғыдан қамтамасыз еткені ма­ңызды» деп жауап берген.

– Әрине, отбасы материалдық тұрғы­дан жеткілікті болуы қажет, алайда бала тәр­бие­сіндегі әке рөлі екінші орында қа­лып қойып отыр. Сондай-ақ қоғамда жал­ғыз­басты аналар мен жалғызбасты әкелер де бар, оған қоса ерекше балаларды, науқас балаларды өсіріп отырған егде жастағы және жас әкелер де бар. Бұл әкелерге де психологиялық, ақпараттық, медициналық, әлеуметтік-экономикалық көмек қажет деп есептейміз. Десе де қа­зақ отбасыларда ер адам отағасы болып саналатын дәстүрлі салт сақталады. Бұл жерде айта кетерлік жайт, ата-аналар үй шаруасын бірлесіп орындайды. Бұл бала күтіміне, бюджетті бөлуге және басқа да әлеу­меттік-тұрмыстық мәселе­лер­ге қа­тыс­ты. Ал бала тууды жоспарлау бойын­ша сауалдамаға қатысқан қазақс­тан­дық­тар­дың 73,5%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп санайды, 15,2%-ы жоспар­лау­дың қажеті жоқ деп есептесе, 11,3%-ы бұл сұраққа жауап бере алмаған, – деді Нұрбек Матжани.

Ал азаматтық некеге көзқарасы бойынша орта есеппен алғанда барлық жастағы адамдардың шамамен 25 пайызы аза­мат­тық некеге оң көзқараспен және 30 пайыздан астамы бейтарап қарайтыны анықталған. Мұндай некені 32,8 пайыз адам ғана қолдамайды. Мамандардың айтуынша, бұл дегеніміз Қазақстанда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін дегенді білдіреді.

Сондай-ақ қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы Жұлдыз Батталова еңбекқорлық –ата-аналар балаларына сіңіретін басты құндылығы дейді.

– Рейтингте бірінші орында еңбек­қор­лық, өзін-өзі құрметтеу, адалдық, үлкендерге және айналасындағыларға деген құрмет құндылықтары тұр. Сондай-ақ біз отбасылық дәстүрлер туралы сұрадық. Респонденттердің көбі отбасында жиі ата­лып өтілетін отбасылық мерекелер, жа­қын­дарының туған күндерін тойлау деп жауап береді. Сонымен қатар респон­дент­тердің 90 пайызы ата-әжелерді бала тәрбиесіне тартуға оң көзқарас танытты, бұл отбасының аға буын өкілдері балаларда құндылықтардың, дәстүрлердің, үл­кендерге деген құрмет сезімінің қалып­тасуына оң әсер ететінін көрсетеді, – деді ол.

Отбасы институты саласындағы негізгі проблемалар мен елдегі отбасы саясатын же­тіл­діруге бағытталған Ұлттық баянда­мада сонымен бірге қиын жағдайдағы отбасыларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуге арналған қанатқақты жобаның қызметі қамтылған. Онда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік-әлеуметтік қолдау мә­се­лелері қарастырылған. Баяндамада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күреске әйелдер мен отбасы институтының ықпалы да қамтылған.

«Отбасын сақтап қалудың мәселелерін қарастырып, оның шешу жолдарын ұсын­ған Ұлттық баяндама енді ғана әзір­ленді. Ал проблема дәл қазір бар, онымен күрес әр кезде жүргізілу қажет. Оның себеп-салдары мен түп-тамырын зер­де­леуіміз қажет» деген пікірде Қазақ­стан халқы ассамблеясы жанындағы Ана­лар кеңесінің төрағасы Алтынай Тәңірбергенова.

– Ұл-қыздарымыз ана тілін, ата-баба тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейді. Мұның салдары тастанды, жетім, қиын балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, ажырасу, суицид, айта берсек, толып жатыр. Неге осындай жамандық атаулы көбейіп кетті?! Өйткені қазір ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарымыздың ахуалы алаңдатарлық күйде. Өскен ұя­сында отбасылық дәстүрден рухани нәр алған, ұлтжандылыққа тәрбиеленген, ұлт­тық құндылықтарды қадірлейтін ұр­пақ ешқашан жаман нәрсенің жетегінде кетпейді. Ажырасулардың кесірінен қанша бала толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Бұл – жай ғана жалаң цифр емес, бұл қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Бұл көрсеткіштің артында қанша адамның тағдыры тұр. Қанша сәбидің көз жасы тұр. Әкесіз тәрбиеленген ұрпақтың жарымжан тағдыры тұр. Мұндай мәселеге қоғам болып жауаптымыз, – деді Алтынай Тәңірбергенова.

Қазіргі күні отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы әлемдік үрдіске айналып отыр. Еуропа елдерінің басым көпшілігі ажырасу деңгейі бойынша алғашқы қатарда тұр. Зерттеушілер бұл індеттің дәстүрлі құндылықтарға берік елдерге де тарай бастағанын айтады. Осыған қарасақ, бұл мәселенің Қазақстанды да айналып өтпесі заңдылық секілді, өйткені шекарамыз әлемнің барлық нүктесіне ашық.

– Әрине, дамыған елдерге ұқсағымыз келеді, бірақ «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренетін» тұстары да аз емес. Біз қазір Жапонияның технологиясы мықты деп таңғаламыз. Ал сол жапондардың экономикасы алдымен отбасы экономикасынан басталатындығына мән бер­мейміз. Олар баланы сәби кезінен ең­бек­ке баулиды, ал еңбектене білу, зор өркениетке жеткізеді. Біздің ата-бабаларымыз ұрпағын еңбекке тәрбиелемеді ме? Үлгі тұтып, біреуге тамсанғанша, өзіміздің түп-тамырымызға үңілейік. Ба­ба­ларымыз «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп ұрпағына атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жыл мау­сымы ауысуымен көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуі, ел батырларының ерлік хикаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңірген. Бесігінен сіңген тәрбиенің маңызын білген. Қараңыздаршы, ешқандай жоғары білімі жоқ ата-бабаларымыз қандай ұр­пақ тәрбиелеген?! Біз қазір білімдіміз, екінің бірінде жоғары білім, тіпті доктор, профессорлық дәреже бар. Ал ұр­па­ғымызды қалай тәрбиелеп жүрміз? Кейде ата-аналар «жұмысбастымыз, баламен сөйлесуге уақыт жоқ», деп жатады. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Үй шаруасымен айналысып жүріп-ақ баламен сырласуға болады, – деді Аналар кеңесінің басшысы.

«Қарашаңырақ» РҚБ құрылтай­шы­ла­рының бірі Тұрар Сәттарқызы да «ұл-қыздарымыздың бесігінен басталатын тәрбиенің тірегі ұлттық құндылықтар болуы керек. Ұлттық құндылықтарға негізделген отбасында өскен баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады, ұлттық та­нымы жүйелі қалыптасқан бала ұлт мүд­десін ойлайтын, ұлтжанды азамат болып өседі. Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі, егер әр отбасының діңгегі берік, ұрпақ тәрбиесі өнегелі болса, ондай мемлекет мызғымайды. Ұлтымыз жаһандану заманында жұтылып кетпеу үшін, ұлт болып қалуы үшін қазақ өз болмысынан ажырамауы керек», деген пікірде.

Осы орайда отбасы құндылықтарын сақтап қалуға бағытталған «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасы сәтті жүзеге асырылып, жақын болашақта өз жемісін береді деп сенеміз.

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақ тілін қалай оқытамыз?

Қоғам • Бүгін, 09:05

Тыңғылықты жұмыс

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:00

Қызметі тегін емхана

Алматы • Бүгін, 08:55