Сайлау • 06 Ақпан, 2023

Сайлаушыларға қажетті көмек

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «Қазақстан заңгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің кеңсесінде Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша «Адал сайлау үшін» штаб мүшелерінің отырысы өтті.

Сайлаушыларға қажетті көмек

Жиында «Адал сайлау үшін» штабының жұмысы ресми түрде басталғаны хабарланды. «Қазақстан заңгерлер одағының» мүшелері еліміздің барлық аймағында халыққа сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіретін болады. «Әр азамат таңдау жасамас бұрын өз құқығын жетік біліп, кандидаттарға артылған жүкті жете түсінуге тиіс», дейді заңгерлер. Сондай-ақ «Адал сайлау үшін» штабының жұмысы барысында сайлау үдерісіне қатысушы­лар­ға құқықтық көмек көрсетіледі және азаматтық қоғам мен халықаралық ұйым өкілдерімен бірлесе жүйелі жұмыстарды атқару жоспарланған.

Штаб басшысы Серік Ақылбай 2004 жылдан бері алғаш рет Мәжіліске кандидаттар бір мандатты округтер бойынша сайланатынын (98 депутаттың 29-ы), енді облыстық аумақтық сайлау комиссиялары кәсіби негізде жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ орталықтың жұмысына тоқталды. «Орталықта 7 адам бар, олар – штабтың мүшелері. Әр өңірде пул құрғанбыз. Өңірлерде 150 адам бар. Олар халықпен кездеседі, олардың сұрақтарына жауап береді. Біз ешқандай үгіт-насихат жұмысын жүргізбейміз. Тек қана заңды түсіндіру, заңдық көмек беру сияқты жұмыстарды атқарамыз», дейді С.Ақылбай.

Штаб мүшесі Әбдікәрім Ақжанов әйелдер, жастар және ерекше қажеттілік­тері бар адамдар үшін 30 пайыздық квота белгілеу туралы, сондай-ақ Мәжіліс­тің жаңа құрамында Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы болмайтынын айтты. Сол турасында тұшымды пікірлерін ортаға салды.

Штаб мүшесі Думан Жампейісов Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауда  алғаш рет бюллетеньдерде «барлығына қарсы» деген баған бар екенін, ендігі жерде сайлаушылар бес бюллетень бойынша да­уыс беретінін (республикалық маңызы бар қалаларда төрт бюллетень) жеткізді.

Штаб мүшесі Әнуарбек Сқақов 7 саяси партияның сайлау науқанына қатысуға құқылы екенін айтып, олардың екеуі Партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелгенін, сондай-ақ  партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан ғана емес, өзін-өзі ұсыну арқылы да ұсыну мүмкіндігін айтты. Сонымен қатар партиялардың өту шегі 7-ден 5%-ға дейін төмендетілгенін атап өтті.