Кеше отандастарымыз тағы екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. 1 500 метрге жүгірген Нұралы Ақжол күміс медаль иеленіп, үш кезеңнің қорытындысы бойынша екінші орынды олжалады. Қыздар арасындағы дәл сол қашықтықта Арина Ильяшенко мәре сызығын үшінші болып қиып өтті. Жоғарыда есімдері аталған спортшылар былтыр Финляндия, Аустрия және қарт құрлықтың тағы басқа да мемлекеттерінде өткен халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Сонымен қатар Нұралының 1500 метрлік сайыста 15 жыл бойы мұрты бұзылмай тұрған еліміздің рекордын жаңартқаны да есімізде.
Ал соның алдында ғана Қазақстанның тағы бір дарынды өрені Алина Дауранова 1 000 метрлік қашықтықты 1 минут 17,98 секундта жүгіріп өтіп, алтыннан алқа таққан еді.