Спорт • 06 Ақпан, 2023

Бір ойында – 11 гол

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Астананың «Ба­рысы» Мәскеуде әйгілі ЦСКА клу­бына қарсы өткізіп, жеңіске жетті.

Бір ойында – 11 гол

ЦСКА-ның жарыс кестесіндегі жағдайы жерлестерімізге қарағанда әлдеқайда жақсы. 80 ұпай жиған ресейліктер Батыс конфе­рен­циясында үшінші орынды иеленіп тұр. Ал қоржынында небәрі 57 ұпайы бар «Ба­рыс» Шығыс конференциясында ең соңғы 11-орынды қанағат тұтуда. Сонымен қатар әске­рилер клубы былтырғы маусымда Гага­рин кубогін олжалағанын да айта кеткен абзал. Десек те бұл жолы біздің жігіттер жан­кештіліктің шынайы үлгісін көрсетті. Бәсеке барысында айдын иелері үш рет алға шыққанына қарамастан астаналықтар таразы басын теңестіре алды. Қорытынды есеп – 5:5. Жеңімпаз анықталмаған соң ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақыт бас­талған бетте осы ойында бес ұпай жи­на­ған Н.Михаилис мергендік танытып, «Ба­рысқа» жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 5:6.

Енді елордалық команда өз мұз айдынында екі маңызды кездесу өткізеді. 13 ақпанда Санкт-Петербургтің СКА-сымен сайысқа түссе, 15 ақпанда Минскінің «Ди­намосын» қабылдайды.