Қазақ сәндік-қолданбалы өнерінде қырық жылдан аса еңбек етіп, өз қолтаңбасын айшықтаған шебердің туындылары – ұлттық нақышқа бай әсемдігімен ерекшеленеді. Әсіресе автордың көрмеге ұсынылған отыздан аса ағаш, ши, киіз және керамика қолдана отырып жасаған жұмыстарында тың әдістер мен композициялық шеберлік нәзік үйлесімін тапқан. Әрбір туындысынан табиғилық пен шынайылықты көресіз. Бір жағынан, көрме иесі – бұрын ата-бабамыз қолданып, кейін ұмытыла бастаған ши тоқу дәстүрін қайта жаңғыртқан шебер. 1997 жылы суретшінің Мұхтар Әуезовтің шиден тоқыған портреті Париж консерваториясындағы көрмеге қойылған.
Көрменің ашылуында Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат суретшінің шығармашылығын ерекше атап өтті.
– Райгүл Ахметжанова – халық аңыздары мен әндерінен шабыт алып, өзінің қайталанбас стилін қалыптастырды. Шебердің шығармашылық таланты мен философиялық тұрғыда ерекше ойлауының арқасында киіз бен шиден жасалған дәстүрлі материалдар заманауи көркем образдар мен идеялар тудырды, – деп бағалады
Сондай-ақ белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров та жылы лебізін білдірді. «Әр суретші өзінің жолымен жүріп, шығармашылықта ешкімге ұқсамайтын стилін тапқанда ғана өнерде өз ізін қалдырады. Бүгінгі көрменің иесі осындай ерекше стильге ие, оның жұмысы ата-баба дәстүрін жалғастыруда», деді қаламгер.
Айта кетейік, жоғары шығармашылық жетістігі үшін «Әбілхан Қастеев» медалін иеленген Райгүл Ахметжанованың еңбектері Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швеция, Франция, Пәкістан секілді елдердегі жеке жинақтарда сақталған.