Қоғам • 07 Ақпан, 2023

Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін өткен Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Үкімет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың кем тұстарын атады.

«Кезекте тұрғандарға тұрғын үйді сату кезінде сапасыз жоспарлауды мысалға алуға болады. Қазірдің өзінде салынған тұрғын үйді ала алмай жатқан азаматтардан көптеген шағымдар келіп түседі, себебі «Отбасы банкінде» жеңілдетілген несиелеуге қажетті қаражат болмаған. Мұндай жұмыс тәсіліне жол бермеу қажет», деді Әлихан Смайылов.

Жалпы, Премьер-министр атап өткендей, Қазақстан бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарына қол жеткізілді, алайда 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны айтарлықтай төмендеп барады. Оның айтуынша, биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, алайда бұл 2022 жылғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

«Негізгі мәселе - қажетті инфрақұрылымның болмауы. Мәселен, елордада инфрақұрылым мен энергоресурстардың тапшылығына байланысты алдағы жылдары жаңа тұрғын үйді іске қосудың төменгі көлемі жоспарланған. Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, мұндай проблемаларды шешу үшін инженерлік инфрақұрылымды жүйелі жоспарлау және кешенді дамыту қажет», деп қосты Үкімет басшысы.