Қоғам • 07 Ақпан, 2023

ҚМДБ қоры ақмолалық отбасыға үй сыйлады

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында баспанаға аса мұқтаж отбасыға 626-үйдің кілті табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМДБ қоры ақмолалық отбасыға үй сыйлады

Игі іс-шараға Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев, сондай-ақ Республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырмин мен Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы арнайы қатысты.

Еске сала кетейік, 22 қаңтарда Ақмола облысы Целиноград ауданының Рақымжан Қошқарбаев ауылдық-округіне қарасты Сарыкөл ауылында тұратын Ержан Рымбекұлының үйі өртеніп, толық жанып кеткен еді. Қыстың көзі қырауда баспанасыз қалған отбасыға «Зекет және қайырымдылық» қоры дін қызметкерлерінің және жомарт жандардың ұйытқы болуымен пәтер сыйлап отыр. Қамыққан отбасыны қуантқан игі шарада үлкендер бата беріп, шашу шашты. Дін қызметкерлері Ержан Рымбекұлының жаңа баспанасына береке тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Астанадағы Республикалық бас мешітте сантехник қызметін атқарып жүрген Ержан Рымбекұлының жұбайы екінші топтағы мүгедек, ал үлкен қызы балалардың церебралды сал (ДЦП) ауруына шалдыққан.