Жыртқыш болғанымен, ірі жануарларға тістері бата қоймайды. Тасбақа, жылан, кесіртке, тышқан секілді ұсақ жануарларды қорек етеді. Кейде ауыл ішіндегі тауық қораға да түседі. Өздері де аса ірі емес. Дене тұрқы – 40-60 см ғана. Құйрығының ұзындығы – 25-30 см. Түлкіден айырмашылығы – құлағы ақ, тұмсығы сүйір болып келеді. Бір қызығы, парк аумағында фотоға түскен қос қарсақ та ақшыл. Жылына екі рет түлейтінін ескерсек, көктемде қоңырқай, қысқа қарай жүні ақшыл тартатын шығар. Көбінесе шөлейтті жазықты мекен етеді. Бұта-қараған, жыңғыл түбінен бес-алты метр ін қазып, соны паналайды. Борсық, суырдың інін де пайдаланып кетеді. Қарсақ тез көбейгенімен, өмір сүруі тым келте. Табиғи жағдайда әрі кетсе бес-алты жыл ғана өмір сүреді. Жылына бір рет күшіктейді. Бір күшіктегенде алты күшікке дейін туады.
Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғалы бірінші рет фотоға түскенін ескерсек, жортып жүрген қарсақ көп емес. Қазіргі уақытта санақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көктемде жалпы аң санының мөлшері белгілі болады. Айта кетерлігі, ұлттық парктің аумағында қарсақты заңсыз аулаған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 17 250 теңге айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады. Парктің қарсағына дейін қорғалады.
Абай облысы,
Үржар ауданы