Инвестиция • 08 Ақпан, 2023

Инвестиция көлемі азайған

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың қаңтар-қараша айларында кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласында негізгі капиталға салынған инвестиция 45,5 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 14,7 пайызға аз. Нақты көлем индексіне (81,1 пайыз) қарасақ, нақты мәнде төмендеу 18,9 пайызды құрады. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.

Инвестиция көлемі азайған

Салыстырар болсақ, 2021 жыл­дың сәйкес кезеңінде секторға са­лынған инвестиция құндық мәнде бір жылда 42,5 пайызға азайып, 53,4 млрд теңгені құраған.

Өңірлер бойынша кәсіптік, ғы­лыми және техникалық қызмет са­ла­сындағы күрделі салымдардың ең көп көлемі Астанаға тиесілі – 10,3 млрд теңге, бір жылда құндық мәнде 1,8 пайызға көбейген.

Алматы екінші орында – 8,9 млрд теңге, бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,1 па­йыз­ға көп. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді – 6 млрд теңге, жылдық өсім – 13,2 па­йыз. Үздік үш өңірге елдегі барлық инвестицияның 55,4 пайызы тиесілі.

Ең аз инвестиция Жетісу өңірінде – небәрі 158,9 млн теңге. Одан бөлек Павлодар мен Ақмола облыстарында да аз.

Салаға салынған инвестиция көлемінің барлығы дерлік кәсіп­орындардың меншікті қара­жаты есебінен қамтамасыз етілген – 91,2 пайыз немесе 41,5 млрд теңге. Көр­сеткіш бір жылда 13,7 пайызға азайған.

Республикалық бюджеттен бө­лін­ген қаражат 1,7 млрд теңгені (жылдық өсім – 2,9 есе), жергілікті бюджеттерден – 397,6 млн теңгені (7,8 пайызға көбейген) құрады. Банк несиелері есебінен салынған инвес­тиция бірден 28,1 есе өсіп, 1,2 млрд теңгеге жетсе, банктік емес қарыз қаражат есебінен салынған инвес­тиция керісінше 83 пайызға азайып 720,2 млн теңге болды.