Пікір • 07 Ақпан, 2023

Көшпелі қоғамның кереметі

1172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ежелгі ата-бабаларымыздың өмір сүру дағдысы мен қоғамдық құрылымын батыс­тық­тар nomad деп таныса, ресейліктер «кочевники» деген ат қойып жүр. Бұл тіркестер қазір халық санасына терең сіңіп кет­кенімен, мән-мағына жағынан сон­ша­лық мақтанарлықтай атау емес.

Антрополог-академик Оразақ Смағұлдың пайымдауынша, бұл терминдер еуроцентрист көзқарастағы ғалымдардың байырғы бабаларымыздың этномәдениетін мақсұқтау үшін ойлап тапқан жымысқы әрекеті. Расында солай. Батыстықтар далалықтар тарихын кемсіту мақсатында «тұрақты мекенжайы жоқ, мал-жанын қанжығалап қаңғып өмір сүруші» деген түсінік беретін nomad терминін пайдаланған. «Бұл жердегі үлкен қателік мал-жанын қанжығалап қаңғып өмір сүретін тайпалар: бәдәуи, мауори, химба, туарег, масай, пигмей, банджар және аустралия аборигендері қатарына білместікпен ортаазиялық дала тұрғындарын жатқызуы», дейді Оразақ ақсақал.

Осы орайда аталған тақырып бойынша терең тарихи-әлеуметтік зерттеу жүргізген моңғол ғалымы Диймаажабын Ерденебатыр мырза еуропалықтар айтып жүрген номадтар мен жайылым шаруашылығы негізінде өмір сүру дағдысын қалыптастырған біздің ата-бабаларымыз арасындағы әлеуметтік айырмашылық жер мен көктей. Бастапқыларда тұрақты мекен, табан тірейтін от орын болмаған. Ал біздің бабаларымыз қысқа ғана жайлау-қыстау-күзеу шеңбері негізінде көшіп-қонып өмір сүрген деген тұжырым жасапты. Сонымен қатар моңғол оқымыстысының пайымдауынша, жайылым шаруашылығына бейімделген бабаларымыздың тума табиғатпен біте қайнауы керемет. Кез келген малшы атқан таң, батқан күнге қарап-ақ ертеңгі ауа райы қандай болатынын болжай алған. Қолындағы бес түлік малының жүнін киім етіп, терісінен әрқилы жабдықтар жасап, еті мен сүтін корек қылып, ешкімнен ештеме сұрамай, жан баласына тәуелді болмай өмір сүрген. Оның сыртында кейінгі жылдары Өтукен қойнауынан табылып жатқан ғұн мен сақ дәуіріне тән атрефактілер олардың жойдасыз шебер болғанын дәлелдеуде. Әсіресе археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған метал бұйымдардың жасалу технологиясы таң қаларлық. Мысалы, бір-біріне қабыспайтын мыс, темір, жез, қорғасын, қалайы қатарлы дара бұйымдарды бір-біріне жымдастырып жасаған әшекей бұйымдар мен қолданбалы заттардың атқарылуы. Бұны қазір нанотехнология деп әспеттеп жүрміз.

Келесі кезекте жайылымдық көшпелі қо­ғам­­ның отырықшылықтан басты айыр­ма­шылығы – ру-тайпалық құрылымы. Көш­пе­лі қоғам ешқашан біржақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында мал шаруа­шылығы, егіншілік, қалаласу про­це­сі, оқу-білімі бар толыққанды қоғам ол. Осы­ның ішінде жазу мәселесіне келсек, ол шаруашылық немесе қазіргі тілмен айтқанда экономикалық көрсеткіш емес, ол өркениеттің белгісі. Сонымен қатар көшпелі қоғам, яғни дала тұрғындары табиғатпен тұтасып өмір сүрген, оның жаратылыс заңдылығын жақсы меңгерген. Өмір сүрген ортасына көзінің қарашығындай қамқорлық танытқан. Қысқасы, табиғаттың қас-қабағын жазбай аңдайтын керемет сұңғыла болған. Яғни ұлыдалалықтар еуроцентристер айтып жүргендей тек қой баққан ел емес, ой баққан, білімнің шырағын жаққан ел.

Тағы бір ерекшелеп айтатын дүние – көш­пелі қоғамда адами фактор бірінші орында. Адам қадіріне аса маңыз берілгендіктен, көшпелі қазақ қоғамында ешқашан құл бол­ма­ған. Яғни адам құқы тапталмаған. Қо­ғамға «обал» дейтін ұғым терең сіңірілген. Бұл ұғым отырықшыларда атымен жоқ. Айта берсек көп-ақ, көк шөпті жұлмаған, суға түкірмеген, қажетінен артық аң атпаған, дүние жинамаған... Осылай жалғастыра беруге болады.

«Біздегі ең үлкен қателік – өркениет атаулыны отырықшы қоғаммен байланыстыру дәстүрі салтанат құрып келді. Өркениет дегеніміз не? Ол – мемлекет, ол – қала, ол – жазу-сызу, ол – руханият. Осы төртеуі өркениет деп саналды. Ал көшпелі қоғамның болмысы мұндағы төрт заңдылыққа сыймайды. Өйткені көшпелі қоғамда – мал шаруашылығы, сонымен бірге қала да, кент те, егіншілік те, жазу-сызу да, бәрі болды» дейді қыпшақтанушы, академик Болат Көмеков.

Сондай-ақ ғалымның айтуынша, орта ғасырда әлемде көшпелілердей ынталы, жігерлі халық болмаған. Көшпелілердің күнделікті тірлігіне отырықшы қоғам өкілдері таңдай қағып тамсанатын болған екен. Қазір біз сол ынта мен жігердің не екенін ұмыттық. Тіпті басқасын былай қойғанда ауылда өскен, көшпелі тірліктің жұқанасын көрген балалар қалалық қатарластарына қарағанда ынталы, жігерлі, білуге, үйренуге құштар. Дәл бүгінгі жаһандану дәуірінде ғаламдық бәсекеге төтеп беру үшін қазіргі қазаққа орта ғасырдағыдай пассионарлық ынта керек-ақ.