Экология • 08 Ақпан, 2023

Каспий итбалықтары неден қырылғаны анықталды

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында Каспий теңізі жағалауында қырылған итбалықтарға қатысты қорытынды ақпарат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Каспий итбалықтары неден қырылғаны анықталды

Ведомство хабарлағандай, Каспий жағалауында табылған итбалықтардың ұшасына қатысты зерттеумен ғылыми ұйымдар мен құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы айналысқан.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, Каспий итбалықтарының жаппай қырылу себебі - морбилливирустық инфекцияның өршуі нәтижесінде пайда болған пневмония ауруы.

«Теңіз жануарларының иммунотоксикалық элементтермен және түрлі қоспалармен улануы иммунитеттің төмендеуіне және дененің жалпы төзімділігіне байланысты жұқпалы ауруларға сезімталдығының жоғарылауына ықпал етеді», делінген хабарламада.

Осылайша, 2022 жылдың қарашасында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде табылған итбалықтар иммунитеттің төмендеуінен, соның ішінде олардың тіршілік ету ортасының ластануынан туындаған вирустық инфекцияларға байланысты өршіген пневмониядан қырылған.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 7 қарашасы мен 3 желтоқсаны аралығында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауында өткен рейдтік іс-шаралар барысында 172 өлі итбалық ұшасы табылған.