Суреттерді түсірген Юрий Беккер
Дүйім қазақ жанкүйерін «74 кг салмақ дәрежесінде көшбасшы кім: Қайсанов па, әлде Қайпанов па?» деген сауал көптен бері мазалап жүргені белгілі. Бұл сұраққа, тіпті дуалы ауыз мамандардың өздері тұщымды жауап айта алмайды. Расында, екеуі де мықты. Биыл жазда 30 жасқа толғалы отырған Шығыс Қазақстан облысының тумасы Данияр Қайсанов 2018 жылы Жакартадағы Азия ойындарының финалында күресіп, 2019 жылы Астанадағы әлем чемпионатында қола медальді мойнына ілді. Екі дүркін Азия чемпионы деген атағы тағы бар. 2021 жылы Олимпия ойындарында бақ сынады. 24 жастағы Нұрқожа Қайпанов Солтүстік Қазақстан облысында туып-өсті. Ол – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Дүниежүзілік әскерилер ойындарының финалисі. Бірақ бұл жолы екеуі де жеңіс тұғырына көтеріле алмады.
Тұсаукесер кездесуінде Данияр ойда-жоқта ақмолалық Мұрат Жақыповқа жол берді. Нұрқожа ширек финалда шымкенттік Дархан Есенғалиге есе жіберсе, үшінші орын үшін тартыста қызылордалық Қанат Мұсабековтен жеңілді. Биылғы спартакиаданың басты сенсациясы осы болды. Нәтижесінде, бұл салмақта Дархан Есенғали дара шықты. Белдесу аяқталған бетте су жаңа жеңімпазбен тілдесудің реті келді. «Қайпановпен кездесуге арнайы дайындалдым. Осыған дейін одан түрлі жарыста төрт рет ұтылған едім. Ал бүгін сәтін салып, жеңіске жеттім. Бәрі бапкерлердің қойған дұрыс тактикасы мен жақсы дайындықтың арқасы», деп тіл қатты ол. Шымкенттік балуан финалда 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, астаналық Нұрлан Бекжановты жеңді. Ал алғашқы айналымда Данияр Қайсановтан айласын асырған Мұрат Жақыпов үшінші орынды еншіледі.
Алатау баурайында өткен спартакиадада асқан шеберлігімен сан мың жанкүйерді тәнті етіп, бас жүлдені олжалаған дарынды жастардың қатары Дарханмен ғана шектелмейді. 70 кг салмақта белдескен астаналық Санжар Досжанов та Алматы төрінде дара талантымен оқшауланды. Кезінде Самат Ерғали мен Еркебұлан Кешубаевтан тәлім-тәрбие алып, бұл күндері Ғалымжан Өсербаевтың қол астында жаттығып жүрген ол барлық қарсыласын сыпыра жеңіп, жартылай финалда атақты Нұрқожа Қайпановтың туған інісі Құрбанбекті қапы қалдырды. Ақтық сында Санжар қонаевтық Егор Анчугинді сан соқтырды. Бір айта кетерлігі, финалда белдескен балуандардың екеуі де – бұл күндері Медет Торғаев басқарып отырған Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің түлектері.
92 кг салмақ дәрежесіндегі Ризабек Айтмұханның да өнері көрермендерге ерекше әсер етті. Жастар арасында Азия чемпионы атанған алматылық өрен жеңіп жатса да бір қадам артқа шегінбейді екен. Ондай күрес, әрине, жанкүйерлердің барлығына да ұнайды. Осы жолы да солай болды. Шешуші тұста 18 жастағы Ризабек еліміздің екі бірдей белді балуанын сүріндірді. Жартылай финалда ол Нұрқожа Нұрғайыпұлын жеңсе, финалда Әбдіманап Байгенжеевтен басым түсті. Сонымен қатар Нұрболат Әбдуәлиев (61 кг), Санжар Мұхтар (65 кг) және Бекзат Үркімбай (97 кг) сынды жалынды жастар аталған жарыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Бірер жылдан бері ұлттық құрама командамыздың сапында жүрген бірқатар белді балуан да әлі бабында екендерін байқатып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Мәселен, 57 кг салмақта жамбылдық Рахат Қалжан қарсылас шақ келтірмеді. Финалда ол өзінің сыралғы қарсыласы ақтөбелік Мейрамбек Қартбаевты қапы қалдырды. 79 кгда Болат Сақаевтың қарқынына ешкім шыдамады. Былтыр Болат Тұрлыхановтың кубогінде қарсылас шыдатпаған Атыраудың апайтөсі бұл жолы да барлық бәсекелесін айқын басымдықпен ұтты. Шешуші тұста ол Жамбыл облысынан келген жас жолбарыс Нұрдәулет Қуанышбайды жеңді. 86 кгдағы Азамат Дәулетбековтің де үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атақтары бар Шығыс Қазақстан облысының өкілі барлық белдесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Тіпті финалда жолыққан шымкенттік Мақсат Сатыбалдының өзі де алымды Азаматқа жарытып қарсылық көрсете алмады.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жұрт аса ауыр салмақтағы ақтөбелік Юсуп Батырмұрзаев пен жамбылдық Әлішер Ерғалидың айқасын тапжылмай тамашалады. Юсуп – Азия чемпионы, Әлішер – Азия чемпионатының екі дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері. Екеуі де 2021 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарында өнер көрсетті. Алғашқысы – 125 кг, екіншісі – 97 кг салмақ дәрежелерінде күш сынасты. Түрлі жарыста олардың жолдары жиі қиысып жүр. Бірде Батырмұрзаев басым түссе, енді бірде Ерғалидың айдарынан жел есті. Алматы төрінде қос алып ұзаққа дейін бір-бірін ала алмады. Бәсекенің аяқталуына 10 секундтай уақыт қалғанда таблода 1:1 деген есеп жарқырап тұрды. Бірақ басымдық – Әлішер жағында. Өйткені соңғы ұпайды алған сол еді. Алайда соңғы секундтарда Юсуп таразы басын теңселтіп жіберіп, жарыс жеңімпазы атанды. Оның қуанышында шек болмады. Ал қарсыласының кілемді тоқпақтаудан басқа амалы қалмады...
Сөйтіп, еркін күрес шеберлері өз жарысын аяқтады. Биылғы Қазақстан спартакиадасының жалпыкомандалық есебінде Жамбыл облысы озды. Олар 127 ұпай жинады. Екінші және үшінші орындарда – Астана қаласы (123 ұпай) мен Жамбыл облысы (110 ұпай). Үздік бестікті Алматы (85 ұпай) мен Ақмола (76 ұпай) облыстары түйіндеді. Ал Ұлытау (10 ұпай), Батыс Қазақстан (6 ұпай) және Маңғыстау (2 ұпай) өңірлерінің балуандары көш соңында қалып қойды.