Қазақстан бойынша трамвай санаулы ғана шаһарда сақталып қалғанын айту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазан айында өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Павлодар қаласындағы трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету қажеттігін тапсырған еді.
«Павлодар – трамвай жүретін сирек қаланың бірі. Алматыда травмай жүрді, ешкімге кедергі келтірмеді, бірақ оны қаладан алып тастау туралы шешім қабылдады. Ауқымды жұмыс жүргізілді, рельстер жойылды, енді Алматы трамвайсыз қалды. Трамвай қаланың символы болғанын атап өту керек. Меніңше, Павлодарда трамвайды сақтап қалу қажет. Егер қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз, трамвайлар сатып алу керек шығар. Бірақ травмай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамыған қаласында трамвайлар кедергісіз жүреді. Бұл – жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік. Трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету керек», деген еді Президент аймақ жұртшылығымен кездесуінде.
Облыс басшылығы Президент тапсырмасына сәйкес, трамвай жолдарын Екінші Павлодар мен Достық шағын ауданына дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өңір әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, рельсті жолдарды, кабельдік және байланыс желілерін, тартқыш қосалқы стансаларды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Былтыр облыс орталығында 8 трамвай өткелі жөнделгеніне куәміз. Биыл жаз-күз мезгілінде тағы сол шамада өткелдер жаңарады деп күтіліп отыр.
Кәсіпорындағы трамвай вагондарының ескіріп бара жатқаны да рас. Бүгінде қолда бар 111 вагонның тек 30-ының ғана нормативтік пайдалану мерзімі аяқталған жоқ. Жалпы саны 70-ке жуық трамвай жаңартуды қажет етеді. Осыны негізге алған А.Байханов трамвай басқармасына жаңа вагондар сатып алу және қаржыландыру көздерін таңдау бойынша ұсыныстар беруді тапсырды.
«Трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудовтың ақпарынша, бүгінде еңбек ұйымында 633 адам жұмыс істейді. Жалпы, кәсіпорынның жағдайы жақсы деуге тұрарлық. Кәсіпорында уақыт сайын техникалық тұрғыдан жаңару жұмыстары қолға алынып, жол қиылыстарындағы өтпелерге, энергия шаруашылығы қызметіндегі тұрмыстық үй-жайларға жөндеу жүргізілді. №2 және 3 тартқыш қосалқы стансаларға жаңа телебасқару енгізіліп, қосымша құрал-жабдықтар ауыстырылған.
– Маңызды мәселенің бірі – инфрақұрылым мен жылжымалы құрамның тозуы. Қала ішіндегі трамвай жолдарының ұзындығы 90 шақырым болса, оның 87 шақырымы тозуға жақын. Рельстерді кезең-кезеңімен жаңартып отырамыз. Бірнеше жыл бұрын біз жаңа вагондар сатып алумен айналыссақ, енді ескі рельстерді жөндеуге кірісеміз. Дей тұрғанмен, кейінгі уақытта кадр жетіспеушілігіне тап болып отырмыз. Негізінен қатардағы жұмысшы мамандықтар бойынша жетіспеушілік бар. Мысалы, электромонтерлер, электр слесарлары, трамвай жүргізушілері және т.б. Қазір жастар бұл мамандықтарға қызығушылық танытпайды, сондықтан өзгедей шешімдерді іздеуге тура келеді. Әлеуметтік желілерде, трамвай басқармасының ресми аккаунтында бос жұмыс орындарын тұрақты жариялап келеміз. Жұмыспен қамту органдарымен тұрақты байланыстамыз. Қазіргі күні кәсіпорын бойынша шамамен 60 жұмыс орны бос тұр, – дейді ұйым жетекшісі.
Айтпақшы, электронды жолақысы Павлодардағы трамвай кондукторларының бір бөлігін жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Трамвай басқармасы алдағы айдан бастап кондуктор лауазымдарын жойып, бақылаушылар санын арттыруды мақсат етіп отыр. Бүгінде мұнда 125 кондуктор мен 13 бақылаушы еңбек етеді екен.
«Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда қоғамдық көлік саласында елеулі өзгерістер орын алып жатыр. Солардың бірі – электронды билеттеуді енгізу. Өзге тасымалдаушылар сияқты біз де осы өзгерісті бастан өткеріп жатырмыз. Жаңашылдық енгізілгелі бері кондукторларға деген сұраныс азая бастады. Кондуктор лауазымы қысқарады, бірақ сонымен бірге бақылаушылардың штаттық саны артады. Барлық кондуктормен әңгіме жүргізілді. Олардың кейбіреуі – зейнет жасындағы адамдар. Бұл қызметкерлер басқа жұмысқа ауысқысы келетінін немесе жұмыстан қол үзетінін мәлім етті. Ал көпшілігі трамвай әкімшілігінде бақылаушы ретінде қалуға келісім берді», дейді М.Махмудов.
Трамвай басқармасындағы орташа жалақы бүгінде 250 мың теңгені құрайтынын айтып өтейік. Биыл мұндағы қызметкерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен 40 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылданып отыр.
ПАВЛОДАР