19 Маусым, 2014

Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе: Қазақстан қарқынды экономикалық даму жолына түсе алды

559 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
«19 маусымда Президент Н.Назарбаев пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетін Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің екіжақты кездесуін өткізу жоспарланған». Президенттің баспасөз қызметі дайындап, газетімізде әр аптаның басында беріліп тұратын «Елбасының апталық кестесі» аңдатпасында 10 маусым күні осылай жазылған еді. Бүгін Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің Қазақстан Республикасына ресми сапары басталады. Сапар қарсаңында белгілі тележурналист, «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Айдос ҮКІБАЕВ Оңтүстік Корея елінің басшысымен сұхбаттасқан болатын. Кеше «Хабар» арнасы арқылы берілген сол әңгімені «Егемен Қазақстан» оқырмандарының назарына ұсынамыз. Сеул-1 – Таяу күндерде Сіз біздің елге сапар жасайсыз. Біздің ел туралы Сіз не білесіз? Қазақ­стан – бейбітшілік қам­дау­шы ел, бейбітсүйгіш ел. Біз­дің Прези­дентіміз қашанда ядро­лық қаруға қарсы күресіп және қару­сыз­дануға байланысты көп­теген бастамалар көтеріп келе­ді. Пре­зидент Назарбаевтың анти­ядролық бастамалары туралы Сіз не айтар едіңіз? – Мен сіздердің елдеріңізде болу мүмкіндігі тигеніне қуаныш­тымын. 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін табиғи бай­лықтарының арқасында Қазақ­стан қарқынды экономикалық даму жолына түсе алды. Кейінгі кез­де елдеріңіз өнеркәсіпті әрта­рап­тандыру саясатын жүргізіп, экономикалық өсудің қарқынын арттыруда. Қазақстан әлемдегі ядролық қарудың қуаты жағынан төртінші арсеналына ие болып тұрып, одан өз еркімен бас тартты. Меніңше, Қазақстан қадамы солтүстіккореялық ядролық қару проблемасын реттеуде жақсы үлгі болады. Мен Қазақстанда корей этносының жүз мыңнан астам өкілі тұратынын атап айтқым келеді. Олар үйлесімді өмір сүруде, мұның өзі халықтарымыздың арасындағы қарым-қатынасты жақындата түседі. Корея Республикасының Үкіметі Еуразия елдерімен ынтымақтастықты өзінің маңызды мемлекеттік міндеттерінің бірі деп айқындады. Соның аясында қазір Орталық Азия елдерімен әріптестік жандана түсуде. Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуразия құрлығының нақ кіндігінде орналасқан. Сондықтан да мен Қазақстан біздің экономикалық ынтымақтастығымызда өзекті әріптеске айналады деп үміт етемін. – Қазір Қазақстан мен Оң­түс­тік Корея арасында бірнеше ірі жобалар бар. Мысалы, Балқаш ЖЭС-і, Каспий теңі­зін­дегі Жамбыл кенішін игеру және Атырау мұнай-химия кеше­нін салу. Олардың бәрі де қуат өндіру саласымен байла­нысты. Сіз Қазақстанға ынтымақ­тас­тық­тың қандай жаңа салаларын ұсынар едіңіз? – Біздің елдеріміздің ара­сын­дағы экономикалық ынтымақ­тастықтың іргетасын бекітуде үш негізгі жоба үлкен рөл атқарды. Мен біздің ынтымақтастық салаларымызды кеңейте түсу қажет деп санаймын. Бұл орайда, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясына сәйкес біз ел экономикасын әртараптандыруға белсенді түрде септескіміз келеді. Қазақстан энергия ресурстарына тәуелділігін еңсеруі үшін біз жаңа энергетика, соның ішінде күн көзінің қуатын пайдалану ісінде көмек беретін боламыз. Корея компаниялары қуат көздерін бірлесе игеруде, мұнай-газ кешені құрылысында бірлесе жұмыс істеуге мүдделі. Қазақстан экономикасын қосылған құны жоғары экономикаға айналдыру міндеті 2050 Стратегиясында жақсы бейнеленген. Біз осы іске үлес қосқымыз келеді. Ай­на­ладағы ортаны қорғау, құрылыс, көлік, инфрақұрылым, орман шаруашылығы және басқа да салаларда біз белсенді түрде өзара іс-қимыл жасай аламыз деп ойлаймын. Сондай-ақ, біз ғылым мен технологияны дамыту ісіне белсене атсалыспақпыз. Атап айтқанда, қазір корей технология­лары трансфертінің мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. – Сіздің Ұлы Жібек жолын жаңғырту жөніндегі идеяңыз жақсы белгілі. Сіз Оңтүстік Кореяның, Солтүстік Кореяның және Қытайдың автомобиль және теміржолдары жүйесін біртұ­тас көлік жүйесіне бірікті­ру­ді ұсындыңыз. Негізінде бұл Қазақстанға да қатысты, өйтке­ні біз теңізге шығар жолы жоқ елміз. Теміржол Оңтүстік Корея­дан шығып, Солтүстік Корея және Қытай, Қазақстан арқы­лы әрі қарай Ресейге өтіп кете алар еді. Біз өзімізде Прези­ден­тіміздің қолдауы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» автожолының қазақ­стан­дық бөлігін салып жатырмыз. Қолымыздан келгенше кө­лік жүйесін дамытудамыз. Жақын­да, 29 мамырда Астанада Еура­зия­лық экономикалық одақ құру жөніндегі тарихи құжатқа қол қойылды. Сіз мұндай бірлесуге қалай қарайсыз? – Мен қазірдің өзінде Еуразия құрлығына қатты назар салып отырмын. Еуразия Корей түбегін Еуропамен байланыстырады. Бұл өңірдің жері де үлкен, байлығы да ересен. Сондықтан да ол болашақтың ең жаңа және барынша келешекті базары болып табылады. Бұл өңір, осы құрлық сондай-ақ, Кореяның бейбіт түрде қосылуы мен ынтымақтастығының іргетасы үшін ерекше маңызға ие. Мен адамдардың бәрі үйлесімді түрде өмір сүріп, ынтымақты еңбек ететін жаңа Жібек жолын құру тұжырымдамасын жасадым. Соның аясында Жібек жолының экспресін қалыптастыруды ұсындым. Бұл үшін, ең алдымен, логистикалық жүйелерді біріктіру керек. Бұл экспресс Оңтүстік Кореядан Солтүстікке, одан кейін Қытайға, Қазақстан мен Еуропаға аттана алады. Мұны теміржол арқылы жасау жөн. Қазақстан осы құрлықтың ортасында орналасқандықтан да бұл істе басымдыққа ие. Біз сіздермен осы идеяны жүзеге асыру жолында тығыз ынтымақтасатын боламыз деп ойлаймын. – Әр ел әрқилы мемлекеттерде өмір сүретін отандастарын қолдауға тырысатыны белгілі. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет, біз Тәуелсіздікке ие болған 90-шы жылдардың басында көптеген ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына көшпек болды. Корейлер арасында ондай үдеріс байқалған жоқ. Біздегі корейлер шоғырлана тұрған күйінде тұрып жатыр. Корея Республикасының өз қандастарына қатысты ұстанатын саясаты қандай? – Ең алдымен мен сіздердің елге көшірілген корей ұлтының өкілдерін ерекше қонақжайлылықпен қарсы алғандарыңыз үшін Қазақстан халқына және Үкіметіне алғысымды айтқым келеді. Сондықтан да олар сіздердің елдеріңізде жемісті жұмыс істей алды. Біздің шетелдегі корейлерге қатысты саясатымыздың негізгі үш мақсаты бар. Бірінші мақсатымыз – оларды өздері тұрып жатқан елдер қоғамының үлгілі мүшелері болуын қолдау. Екінші мақсатымыз – олардың корей халқының өкілдері ретіндегі бірдейлігін сақтауын қолдау. Үшінші мақсатымыз – Корея мен шетелдік қандастарымыздың қоғамдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Біз бұл саясатты олар тұрып жатқан әр ел мен әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып жүргіземіз. Қазақстан корейлері өздерінің тарихи Отанымен саяси және экономикалық байланысын қатты үзіп алған. Осыған орай, біздің Үкіметіміз олардың өміріне бөлекше көңіл бөледі. Бұл ыңғайда 2010 жылдан бастап Корея үкіметі, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында өңірлерде ауыл шаруашылығы орталықтарын құра отырып, қандастарымызды қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда. Мұндай ынтымақтастықты Қазақстанда да кеңейту жоспарымызда. Сондай-ақ, мектептегі корей оқушыларына стипендиялар беру, әртүрлі салаларда, оның ішінде ақпараттық технологияларда тағылымдамалардан өткізу бағдарламалары бар. – Сізге, бәлкім, бұл сауалды жиі қоятын болар, дегенмен мен де Солтүстік Кореямен қарым-қатынастарыңыз туралы сұрамай өте алар емеспін. Іс жүзінде оңтүстік пен солтүстікте бір ұлт өмір сүреді. Қазіргі жағдайда Корей түбегінде бірігудің жүзеге асып, бір мемлекеттің болуы қаншалықты мүмкін? – Сіз айтқандай, бір ұлт екі бөлікке бөлінген. Әзірге біз шиеленістер мен дау-жанжалдар жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Ядролық арандатушылық пен соғыс қатері сақталып отыр. Біз мұндай ахуалды міндетті түрде жоюға тиіспіз. Біз таяу болашақта халықтың бірігуіне қол жеткізуіміз керек. Корей түбегі солтүстік бөлігінің тұрғындары кедейшілік пен жоқшылықта өмір сүруде, осы ахуалды ескере отырып, біздің бірігуге асығуымыз қажет. Бірақ, кім дайындалса, болашақтың қожасы да сол деген сөз бар. Сондықтан біз сатылап алға басудамыз, Корей түбегінің бейбіт жолмен бірігуіне дайындалудамыз. Мен солтүстіккореялық билікке үш ұсыныс жасадым. Ол екі Корея тұрғындарының гуманитарлық проблемаларын реттеу, солтүстіктегілердің тұрмыс сапасын арттыру, бір халықтың ұқсастығын қалпына келтіру үшін әлеуметтік және мәдени байланыстарды ұлғайту. Мен сондай-ақ, Қазақстан қадамдарының Солтүстік Корея үшін жақсы үлгі болатынына сенімдімін. Бұрын сіздің рес­публика мыңдаған ядролық қару-жарақтың иесі болды. Бірақ сіздер одан дербес және ерікті түрде бас тарттыңыздар және оның орнына АҚШ, Ресей және Ұлыбритания тарапынан кең ауқымды экономикалық қолдау мен қауіпсіздікке кепілдік алдыңыздар. Осының негізінде сіздер орасан, жедел экономикалық өсімге қол жеткіздіңіздер, қазір сіздер Орталық Азияда бірінші ел болып табыласыздар. Мен Солтүстік Корея Қазақстанның іс-қимылдарына, сіздердің қандай қадамдар жасағандарыңызға және осындай үлкен дамуға қалай қол жеткізуге болатындығына назар салуы тиіс деп ойлаймын. Мен Солтүстік Кореяның өзі үшін ең дұрыс жолды таңдайтынына және осы әлемнің жауапты мүшесі ретінде халықаралық қоғамдастыққа қосылатынына барынша үміттенемін. – Сіздің Президент лауазымында болғаныңызға бір жылдан астам уақыт өтті. Сіз Оңтүстік Кореяның тұңғыш әйел басшысы болып табыласыз. Сіз бұл лауазымға қандай көзқараста болдыңыз? Бір кездері сіз елдің бірінші ханымы болдыңыз, әкеңіз Пак Чон Хи мырза мемлекет басқаруда сізге қандай да бір кеңестер берді ме және әкенің қандай өсиетін сіз осы күнге дейін ұстанып келесіз? – Жасымда, өз ата-аналарымды көрген шақта мен президенттік лауазым барлық мәселелер бойынша шексіз жауапкершілікте болып табылады деп ойлайтынмын. Президенттің жұмысы – ол 24 сағат бойғы алаңдаушылық пен қамқорлық. Мен президенттің ерекше адалдықпен және қажырлылықпен жұмыс істеуге тиіс екенін әке үлгісі арқылы түсіндім. Бұрын менің әкем, оппозициялық партиялар тарапынан болған елеулі қарсылықтарға қарамастан, Сеул-Пусан жүрдек автожолы мен Пуан болат құю зауытының құрылысы сияқты мемлекеттік жобаларды жүзеге асырды. Болашаққа бағытталған ерекше көрегендікпен ол ғылым мен технология саласына, соның ішінде Корей ғылыми-технологиялық институты құрылысына қаржы салудан аянған жоқ. Мен оның сенімі мен көрегендігі мен үшін әлі күнге дейін өмірде және өз міндеттерімді орындауда басты нұсқаулықтардың бірі болып табылады деп ойлаймын. – Қалай дегенде де Қазақстан мен Корея Шығыс елдері. Тіпті, менің елімде де әйелдің жолы жіңішке деген сөз бар. Дегенмен де сіз өз үлгіңізбен әйелдердің, тіпті, Шығыс елдерінде де осындай үлкен биіктіктерге қол жеткізе алатынын дәлелдеп шықтыңыз. Қазақстандағы нәзік жандылар өкілдеріне табысқа жетуде қандай кеңестер бере алар едіңіз? Жалпы, өз кестеңіз туралы, өзіңіз айтып өткендей, жұмыстағы 24 сағат туралы айтып бере аласыз ба? Сізде жалпы бос уақыт бола ма? – Біз ұлттық бәсекелестік мемлекеттің әйелдер әлеуетін қаншалықты аша алуына байланысты болатын уақытта, дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Біз көптеген дамыған елдердің мысалдарын көріп жүрміз. Онда әйелдердің экономикалық қызметке қатысу үлесі 60 пайыздан асып түседі. Бұл ел дамуының шешуші факторына айналып отыр. Мен, тұңғыш әйел – Президент ретінде әйелдер әлеуетін ашу үшін қажет дегендердің бәрін жасаймын. Менің кестеме келсек, мен осы лауазымда жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін және үнемі ерекше жауапкершілікті сезіне жүріп, Корея халқының мұң-мұқтаждарын қанағаттандыруға асығамын. Менің кестем айтарлықтай тығыз және шынымды айтсам, осы сәтке дейін мен не істеймін, қашан менің бос уақытым болады деп ешқашан ойламаппын. Дегенмен, белгіленген істі орындаудың сәті түскенде ол маған үлкен қуаныш әкеледі және сондықтан да мен әзірге өзімнің демалыс күндері не істейтіндігім туралы ойлаған емеспін. – Енді соңғы сұрақ, сіз өз әкеңізді, оның реформасын еске алдыңыз. Әлем 90-шы жылдардан кейін Корея таңғажайыбы туралы, экономикалық таңғажайып туралы айта бастады, тіпті, Ханган өзенінде де таңғажайып бар. Біз білетіндей, Кореяда пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Дейтұрғанмен, Кореяда әртүрлі реформалар жүргізілуде, осы реформаларды, осы таңғажайыпты алға бастыруға сіз қалай қол жеткіздіңіз. Жалпы, оңтүстіккореялық экономикалық таңғажайыптың құпиясы неде? – Бұл құпияның 3 құрамдасы бар. Біріншіден, білімге деген үлкен ұмтылыс. Корей ата-аналары өз кедейшілігінің ұрпақтан ұрпаққа берілмегенін барынша қалайды. Сондықтан өз балаларына білім беруге тырысады және ол елдің экономикалық өсімге қол жеткізуі үшін дәулетті іргетасқа айналды. Екіншіден, біз ашық нарық экономикасы жүйесін қабылдадық, онда қаншалықты тегеурінділікпен еңбек етсең, соншалықты жақсы өмір сүре аласың. Біз экономикалық дамудың барлық сатыларын тез жүріп өттік және әлемдік жүйеге бейімделіп, бүкіл озық технологиялар мен ноу-хауды өзімізге алдық. Үшінші, ол басшылардың ұлы көшбасшылығы, сондай-ақ, корей халқының жұмылған күші. Біз стратегиялар мен бағдарламаларды, соның ішінде, 5 жылдық экономикалық даму жоспары мен «жаңа күш» деп аталатын қозғалысты, сондай-ақ, қалаларды көгалдандыру жөніндегі жобаны табысты жүзеге асырдық. Бұған корей халқының дамуға деген зор ұмтылысын қосу қажет. Біз «Келіңіздер, біз де жақсы өмір сүрейік» дедік және табысқа қол жеткіздік. – Пак Кын Хе ханым, әңгі­меңіз үшін сізге көп рахмет.