Аймақтар • 09 Ақпан, 2023

Тағы жылусыз қалды

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

9 ақпанға қараған түні Рудныйдағы Горняков көшесінде жылу құбыры жарылып, 24 көпқабатты, 59 жеке тұрғын үй және 17 кәсіпкерлік нысан жылусыз қалды.

Тағы жылусыз қалды

Қыс түскелі инженерлік же­лілерінің 62 пайызы тозып кет­кен қаланың жылу, су, кә­різ құбырлары қайта-қайта жа­рыла берген соң, осы аптаның ба­сында қала әкімдігі жергілікті ауқым­дағы техногендік төтенше жағ­дай жариялауға мәжбүр болған.

Тоң жібіп, жылу маусымы аяқ­талғанға дейін жалғасатын тө­тенше жағдай апат бола қал­ған жағдайда жедел қимыл­дап, қосымша күштерді жұмыл­ды­руға, қажетті қаржыны да уа­қыт созбай жылдам бөлуге мүмкіндік бермек. Төрт айға жуық уақыт ішінде жылу және су құбыры 74 рет жарылып, ондаған тұрғын үй мен бизнес нысандары тәуліктеп жылусыз қалған қалада қар кө­бесі сөгіліп, күн жылынғанша, құбырдың жарылуы қалыпты құбылысқа айналатын сыңайлы.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Горняков көшесіндегі жерасты құбырлары шіри-шіри жұқарып, кәдімгі фольга қағазы сияқты болып қалған. 2022 жылы қаланың жылу же­лісін жөн­деуге 5,5 млрд теңге жұм­салып, бірнеше көшеде құбыр ауыстырылған. Бұл көшелерде биылдыққа бірде-бір құбыр жарылған жоқ. Ал жер астынан жік шығып жатқан көшелердегі құбырлар көптен бері жөндеу көрмеген.

«Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне алдағы жазда жүргізілетін жұ­мыстарға бөлінетін қаржыны нақтылап беруді өтініп, арнайы сауалхат жолдадық. Тек Рудный қаласының жылу желілерін жөндеуден өткізу үшін шамамен 11 млрд теңге қаржы керек» дейді қала әкімдігінің өкілдері.

Жылу желілерінің жалпы жай-күйіне тоқталар болсақ, тек Рудныйда ғана емес, бүкіл облыс көлеміндегі жағдай мәз емес. Өңірдегі жылумен қамту желілерінің жалпы ұзындығы 810 шақырым болады. Оның 57 пайызы тозған. Тозығы жеткен құбырлардың дені қалалық мекендерде жатыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасының бас­шысы Алмат Ғапбасовтың ай­туынша, 2022 жылы өңірде 19 шақырым жылу желісі жөн­деуден өткен. Былтыр жалпы құны 8,6 млрд теңге болатын 5 жоба бойынша желілік жөндеу жұмыстары басталыпты. Бұл жұмыстар әлі де жүріп жатыр. Аталған жобаларды ойдағыдай аяқтау үшін биыл тағы 1 млрд теңге бөлініпті.

2023 жылы 4 шақырым жылу желісі жаңартылады. Қаңтар айында өткен жиында рес­публикалық бюджеттен 17,1 млрд теңге қаржыға 9 жоба қол­ға алынатыны айтылды. Бұл жобалар жүзеге асырылса, облыс­тағы тозығы жеткен жылу же­лілерінің көрсеткіші 57 пайыз­дан 55 пайызға дейін кемиді, – деді басқарма басшысы.

Алдағы күндері мұнан өзге тағы 41 шақырым жылу желісін жөндеуден өткізу жөніндегі жал­пы құны 17 млрд теңгеге жуық 12 жоба сараптамаға жіберілмек.

фва

Қостанай облысы