Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингтің бірі Астана күні қарсаңында және мереке күні өткізілетін мәдени іс-шаралардың бағдарламасын таныстыруға арналды. Бұл жөнінде Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Тілепов, Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, С. Сейфуллин атындағы музейдің директоры Несіпбек Айтұлы және Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының режиссері Болат Ұзақов айтып берді.
6 шілдеде еліміздің айтулы мемлекеттік мерекелерінің бірі – Астана күні атап өтіледі. Астана еліміздің елордасы ғана емес, ол Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық идеясының ең басты тұғырларының бірі болып табылады. Сондықтан елорданың тарихи қалыптасуынан бұрын, бас қаланың ел дамуындағы орны және мемлекеттің біртұтас болуындағы рөлі айтылады. «Бұл жолы жылда көпшілік көңілінен шығып жүрген дәстүрлі шаралардан бөлек, бағыты жаңа, мазмұны тың мерекелік бастамалар да бар, – деді Б.Тілепов. – Ең бастысы, астаналықтар мен қала меймандарына мерекелік көңіл күй сыйлаумен қатар, барша отандастарымызды Астананың дамуымен мақтанып, марқайтатын шаралар болмақ».
Ұйымдастырылатын және өткізілетін мәдени іс-шаралардың жалпы саны жетпісті құрайды. Оның ішінде басты назар қала көшелері мен алаңдарында, саябақтар мен гүлзарларда өтетін шараларға аударылып отыр. Себебі, жүргізілген сауалдама бойынша, осындай бұқаралық сипатқа ие жалпыхалықтық шаралар көпшілік көңілінен шығатындығын көрсеткен. Сонымен бірге, республикалық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар да ерекше назарда ұсталады. Бұл негізінен идеологиялық қағидатты сақтау тұрғысынан алынып отыр. Ондағы мақсат – мереке күнінде елорда айналасына отандастарымызды ұйыстыру.
Қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы сол іс-шаралардың бірқатарын атап өтті. Мысалы, «Аялаған Астана» атты балалардың республикалық өнер байқауы еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды балалардың басын қосып, олардың талантын ашуға көмектеседі. Сондай-ақ, жыл сайын ұйымдастырылатын театр фестивалі бұл жолы да шымылдығын ашатын болады. Фестиваль аясында еліміздегі театр ұжымдарымен қатар, шетелдік театр майталмандары да өздерінің қойылымдарын ұсынады. Астаналықтар мен қала меймандары «Мәңгілік Ел» жыр мүшәйрасын да тамашалайды. «Оның басты тақырыбы – Мемлекет басшысы саясатының стратегиялық бағыты және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының орындалуындағы Астананың рөлі мен маңызы болмақ», – деді Б.Тілепов.
Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Б.Мажағұлов мерекелік іс-шаралар бағдарламасының ауқымдылығын айта келіп, Астана күні мерекесі қанша күнді қамтитындығына тоқталды. «Мерекелік мәдени шаралар 20 маусымда басталып, 4 шілдеге дейін қарқын алады, – деді ол осы жөнінде. – Әрі қарай, яғни 5, 6 және 7 шілдеде мерекелік шаралар негізгі мәдени-рухани, спорттық және ойын-сауық шараларымен жалғасын табады. Олар бірнеше блокқа бөлінген. Бірінші – республикалық ауқымдағы мерекелік шаралар. Бұған «Аялаған Астана» республикалық телевизиялық балалар байқауын, «Мәңгілік Ел» мүшәйрасын, театр фестивалін қосуға болады».
Астана күнін мерекелеуде, сондай-ақ, «Қазақ елі» монументі алаңында «Шуақты қала» концерттік бағдарламасы да ұйымдастырылмақ. Оны тамашалауға шектеу қойылмайды, халықтың еркін қозғалуына жағдай қарастырылған. Мұндай мәдени шаралар қаланың өзге де алаңдарында ұйымдастырылады.
Н.Айтұлы мереке аясында «Мәңгілік Ел» – ұлт мұраты» тақырыбымен жарияланған жыр бәйгесі жөнінен хабардар етті. Ақынның атап өтуінше, жыр мүшәйрасына Қытай мен Моңғолияда тұратын қандастарымызды қосқанда, 60-тан астам шығарма келіп түскен. «Биылғы жылғы мүшәйраның бір ерекшелігі, жыр бәйгесіне жастар көп қатысты, – деді Н.Айтұлы. – Ақындарымыз «Мәңгілік Ел» тақырыбын тамаша жырлады. Өйткені, бұл тақырып біздің ата-бабаларымыздың ғана арманы емес, ол барлығымыздың көптен күткен арманымыз. Біздің ақындарымыз өздерінің поэзиясы арқылы Астананың шежіресін жасап жатыр».
Н.Айтұлының сөзіне қарағанда, 15 ақынға жүлде тағайындалыпты. Оның сыртында демеушілер тағайындаған қосымша жүлделер де бар екен. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 1 шілде күні «Конгресс-холл» сарайындағы өнер шеберлерінің қатысуымен өтетін мерекелік кеште жария етіледі екен.
Ал Б.Ұзақов театр фестивалі жөнінде айтып берді. Режиссердің атап өтуінше, биылғы театр фестивалінің аясы былтырғыға қарағанда біршама кеңейе түскен. «Фестивальға Түркия мен Ресейден бір-бірден театр ұжымдарын шақырып отырмыз, – деді ол. – Ондағы мақсатымыз – еңселі елордамызды театр фестивалінің ордасы етсек деген ой. Астанада түрлі тақырыптағы халықаралық мәдени шаралар өтіп келеді. Фестивальға келетін өнер ұжымдарын алдын ала таңдап, іріктеп алдық. Өйткені, театрлар сахналайтын қойылымдардан көпшілік өздеріне рухани азық алуы тиіс. Осы жағына баса мән бердік. Ал фестивальға 13 театр ұжымы шақырылды. Алғашқы қойылым 1 шілдеде шымылдығын ашады».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».