Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға аттанған екінші эшелон құрамында 8 ақмолалық құтқарушы да бар. Құтқарушылар барлық қажетті құралдармен және керек-жарақтармен жабдықталған. Өңір ТЖД басшысы атап өткендей, қазақстандық құтқарушылардың басты міндеті – үйінділер астында зардап шеккендерді іздеу және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу.
«Сіздерді бауырлас халыққа барынша көмек көрсетуге аттандырамыз, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймын, ең бастысы, өздеріңізге сақ болыңыздар. Ақ жол, сапарларың оң болсын және аман-есен оралыңдар!» деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.
Басқа өңірлерден келген әріптестерімен бірге жер сілкіністерінің салдарын жоюға көмектесу үшін Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылар тобы да Түркия аумағына жол тартты.
Қарағанды командасының құрамында 15 адам бар. Олар – ТЖД құтқарушылары, оның ішінде кинологиялық есеп, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының дәрігері мен фельдшері де бар. Команда автономды жұмысты ескере отырып, авариялық-құтқару құралымен, медициналық мүлікпен, байланыс және тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен жасақталған.
Қарағанды облысы ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов құтқарушыларды жолға шығарып, өзінің қызметтік борышын абыроймен атқаруға шақырды.
Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі заманымыздың ең қасіретті апаттарының қатарына енетіні анық. Табиғат өте қатал, ешкімді де аямайды. Зілзаладан зардап шеккендерге отандастарымыз, қаракөз қандастарымыз бірінші күннен жанұшырып, қолдан келген қамқорлығын беріп келеді. Бірі қаражат жинап, керекті дүниені сатып алып аттандырып жатса, бірі киіз үй қамдап, келер күннің қажетін де жеткізіп беру үшін жанталасуда. Мәселен, белгілі әнші Димаш Құдайберген өзінің Instagram парақшасында Stranger әлемдік туры аясында концерттерінен түскен қаражаттың бір бөлігін Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендерге көмек ретінде беретінін хабарлады. Ал қоғам белсендісі Арман Шораев пен журналист Нұрбек Бекбау жұрттан жылу жинап, зілзаладан жапа шеккен Түркияға көмек ретінде киіз үй жіберді. Бірер күнде олардың шотында қазақстандықтардан 20 миллион теңгеден аса қаржы түскен.