Саясат • 10 Ақпан, 2023

Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастық нығая береді

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Канаданың Қазақстандағы елшісі Алан Хэмсонды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастық нығая береді

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты көпжоспарлы ынтымақтастықты дамыту бойынша мәселелердің кең ауқымын қарастырды.

Канада Қазақстандағы ең ірі 15 шетелдік инвесторлардың қатарына кіреді. 2005 жылдан бері Канададан Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 5,5 млрд АҚШ долларын құрады. Екіжақты сауданың өсу қарқыны байқалады. Қазақстан мен Канада арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 836,6 млн АҚШ долларын құрап, бұған дейінгі жылмен салыстырғанда 68,8 пайызға артық болды.

Инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін ашуда сұхбаттастар екі елдің бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдайды одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мәдени-білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктер қарастырылды.