Қоғам • 12 Ақпан, 2023

«Tik Tok»-тағы тың жоба

688 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желінің әлеуетін пайдаланып, заманауи медиа мінберді рухани алаңға айналдыруға әбден болады. Желі ішінде «өмір сүретін» жеткіншектерге ұлттың ұлы тұлғалары туралы танымдық хабар ұсынып, поэзия байқауын, ән-күй сайыстарын өткізуге бастамашы болған Бейбіт Бөрі есімді азамат Америкада тұрады.

«Tik Tok»-тағы тың жоба

Бейбіт – мұхиттың арғы бетінде ауыр жүк кө­лігін жүргізіп жүрген қара­пайым қазақ баласы. Ақын-жа­зу­шы­лардың шығармашы­лы­ғын талдағанда кәнігі мамандардан қалыс қалмайды. Қазақ ақындарының жырларын жатқа оқитыны тағы бар. Бейбіт пен оның командасы қолға алған жобаны Tik Tok желісінде кездейсоқ көріп, айрықша қуандық. Мыңдаған оқырманы бар аудиторияның тікелей эфирі әр сенбінің кешінде қыза түседі. Әр апта белгілі бір тұл­ғаға арналып, түрлі жас­тағы көрермендер қазақ ақын­дарының шығармаларын жат­қа оқудан, сөзіне жазылған ән­дерді орындаудан, сондай-ақ оларға арнаған өлеңдерін оқудан сынға түседі.

– Tik Tok желісінде отырған миллиондаған оқырман өз уақытын мән-мағынасыз видеоларды көрумен өткізіп жатқанына көңілім құлазитын. Бір күні неге осы мүмкіндікті пайдаланып әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларын, олар­дың шығармаларын жас ұр­паққа кеңінен таныстыруға күш салмасқа деген ойға келдім. Тақырыптық байқау ұйым­дастыру идеясы менікі бол­ғанымен, қазір біз үл­кен командаға айналдық. Ай­нагүл Каскина, Ділмұрат Ту­лебаев, Ағжан Маратқызы, Данагүл Артықбаева, Эльвира Дмитриевна, Зұлқарнай Аю­пов есімді өнерге жақын азамат­тар күш біріктіріп оқыр­мандарымызға жақсы контент ұсынуға күш салып жүрміз. Әдеби сарапшылармен де кеңесіп отырамыз. Сәкен Сей­фуллин мұражайының ғы­лыми қызметкері Қабиден Қуанышбай бізге талап­кер­лердің өнерін бағалауда қол­ғабыс етеді. Жыр эстафетасы кейде 3-4 сағатқа дейін созылады. Тәуелсіз қазылар алқасы жеңімпаздарды көпшіліктің көз алдында анықтайды. Қа­тысушыларды ынталандыру мақсатында демеушілер ұсынған қаржылай сыйлық үлестіріледі. Әр байқау алдында өзімізге де терең ізде­ністер жасауға тура келе­ді, кейіпкерлердің шығарма­ларын зерттейміз, әсіресе тарихи тұлғалардың өміріне қатысты тың деректерді қамтуға тырысамыз. Сондай-ақ мұражайлар мен ұлы адамдардың үйлерінен репор­таж ұсынамыз, өйткені ол жерлерге баруға әркімнің мүм­кіндігі бола бермейді. Ұжым бір жылдық жоспарды бе­кітті, биыл қазақтың ұлы тұлға­ларына арналған 48 хабар өткізу ойымызда, – дейді Бей­біт Бөрі.

Аталған жобаның артық­шылығы – әлемнің кез келген нүктесінен кез келген адам онлайн байқауға қатысып бақ сынай алатындығы.

Өрімдей өрендердің өлең оқуға ынтасы ауғаны қуан­тады, – деген команда мүшесі Ай­нагүл Каскинаның айтуын­ша, Абайдың шығарма­шылы­ғына арналған апталықта 71 жастағы Ақтөбелік Мей­рамгүл апа жеңімпаз болса, Ы.Алтынсаринге арналған байқауда 3 жастағы Райана көп­шіліктің ықыласына бө­ленген. Ал М.Жұмабаев шы­ғар­машылығына арнал­ған жобада Жетісулық оқушы Нұрай жеңіске жетсе, М.Мақатаев өлеңдеріне арналған жыр додасында астаналық Мұрат есімді такси жүргізушісі «Гран-при» номинациясының ие­ге­­рі атанған.