Суретті түсірген Юрий Беккер
Тағылымды іс-шара Қорғаныс министрлігінің Армия үйінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Конференцияға ҰҚК Шекара академиясы, Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери ғалымдарымен бірге Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қырғызстан елдерінің өкілдері қатысты.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі саналатын Сталинград майданы 1942-1943 жылдың бірқатар кезеңдерін қамтыды. 1942 жылдың жазында фашистік Германия мен оның одақтастары Еуропада екінші майданның ашылмауын пайдаланып, кеңес-герман майданының оңтүстік қанатына соққы беруді ұйғарды. Ғалымдардың айтуынша, жау әскері Қызыл Армияны Орелдің оңтүстігінде талқандап, Донбасс, Дон және Кубань экономикалық маңызды аудандарын күйретуді, Кавказ арқылы өтетін жолдарды, Сталинградты басып алуды басты мақсат етіп қойды. Шабуылда табысқа жеткен жау әскері 1942 жылдың тамызында Сталинградқа келіп тірелген. Қару-жарақтың барлық түрімен жарақталып, 6 далалық армиядан, 14 дивизиядан құралған Германия мен оның одақтастары майдан даласында үлкен қауіп төндірді. Қаланы Қызыл Армия генерал-лейтенанты В.Чуйков басқаратын 62 және генерал-майор М.Шумилов басқаратын 64-бөлімдер қорғады.
– Қаланы қорғауға шұғыл түрде жұмысшы және халық жасақтары, тылдағы бөлімдер ұйымдастырылды. 1942 жылдың 25 тамызында неміс әскерлері батыс жақтан Сталинград түбіне жетті. Сталинград майданы құрылып, қалаға тың күштер жіберілді. Қалаға жақын жерлерде қорғаныс шептері салынды. Бұл майданның ерекше маңызын ескеріп, Мемлекеттік Қорғаныс комитеті 12 тамызда Бас штаб бастығы генерал-полковник А.Василевскийді, 29 тамызда армия генералы Г.Жуковты көмекке жіберді. Гитлершілдер қалаға солтүстік және оңтүстік шептен басып кіріп, қаланы шабуылмен алу мақсатында 4 рет әрекет жасаған. Кеңес әскерлері қыркүйектің басында екі рет қарсы шабуылға шықты, бұл қаланы қорғаушылардың жағдайын едәуір жеңілдетті. Жау әскері үлкен шығынға ұшырағанына қарамастан 13-15 қыркүйекте Волга (Еділ) шебінде шабуылды қайта үдетті. Қыркүйектің 15-іне қараған түнде қорғаушылар жағдайының нашарлағаны соншалық, әрбір үй қамалға айналып, оның әр қабаты үшін табанды күрес жүрді. 28 қыркүйекте Сталинград майданы Дон (қолбасшысы генерал-лейтенант К.Россовский) және Оңтүстік Шығыс майданы (қолбасшысы генерал-полковник А.Еременко) болып бөлінді. Сталинградтықтар ерлікпен күресті. Кеңес әскерлерінің стратегиялық қорғаныс операциялары барысында 1942 жылы шілде мен қараша аралығында жау 700 мыңдай адамынан, 1 мыңнан аса танкісінен, 2 мыңнан аса зеңбірегі мен миноментінен, 1400 әскери және тасымал ұшақтарынан айырылды. Нәтижесінде жаудың бұл бағыттағы шабуылы тоқтатылды. Майдан даласындағы арпалыс мұнымен тоқтаған жоқ. Кеңес әскерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылдың 19 қарашасында басталды, – дейді отставкідегі генерал-майор Ш.Өтепов.
Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған 27, 72 және 73-гв. атқыштар дивизиялары, 81-атты әскер дивизиясы, 74-теңіз атқыштар бригадасы, 152- атқыштар жасағы, 129-миномет полкі және 156-жеке көпір құрылысы батальоны қатысты. Даңқты 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болған. Қанды майданда қаншама әулет қара жамылып, азаматынан айырылды.
Ұлт тарихын қасіретпен айғыздаған Отан соғысы кеңес одағының қарамағында өмір сүріп жатқан 26 миллион адамның өмірін қиды. Жалпы, майдан даласына Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанып, олардың 602 мыңы елге оралмаған.
Іс-шарада Сталинград майданында опат болған жауынгерлердің ұрпақтары естелік айтып, әскери ғылым докторлары отставкідегі генерал-майор Н.Асылов, отставкідегі полковниктер Р.Қаратаев, А.Мартикьян ғылыми-танымдық баяндама жасады.
Конференция аясында Ұлттық кітапхана қорынан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, соғыс тақырыбын қамтыған ғылыми зерттеулер мен әдеби шығармалар көпшілік назарына ұсынылды.
АЛМАТЫ