Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдары егіске қажетті тұқымдарын дайындап, дер кезінде тыңайтқыш алуға келісімшарттарын жасасып, қамданып жатыр. Өткен жыл өңір диқандары үшін біршама табысты болды. Жаздың жауынды-шашынды болуы, күздің мейлінше құрғақ әрі жайлылығы диқан еңбегінің ақталуына септігін тигізді. Өңірдегі егістік алқаптың 75 пайызы немесе 3,4 млн гектары жақсы өнім берді. Сөйтіп, көктен иіп, жерден беріп, 5 млн 455 мың тонна астық қамбаға құйылды. Бұрнағы жылмен салыстырғанда, гектар берекесі де толымды болды. Орташа есеппен 11,7 центнерден айналды.
Егін орағының уақтылы өткізілуіне ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасының жақсартылуы да айтарлықтай ықпал етті. Өткен жылы өңір диқандары жалпы құны 73,9 млрд теңге болатын 1 909 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 467 трактор, 227 сеялка, 87 егіс кешені бар. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 15,1 мыңнан аса трактор, 16,6 мың сеялка, 1,5 мың жоғары өнімді кешен қатыстырылмақ. Шынтуайтында, бұл – өте үлкен күш. Қарымы қаптал жеткеннен кейін қар кетіп, жер дегдісімен диқандар межелеген уақытта тұқым сіңіріп үлгереді.
Биыл қаңтар айында жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын 73 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Осылайша жыл өткен сайын өңірдегі диқанның әлеуеті біртіндеп артып келеді. Осы орайда, мемлекет тарапынан диқандарда көл-көсір қамқорлық жасалып отырғанын екпін түсіріп айта кетелік. Тек өткен жылы ғана субсидия есебінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына 45,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына 12,9 млрд теңге қарастырылды. Қаржы болғаннан кейін мүмкіндіктің де молая түсетіні белгілі. Бүгінгі таңда техниканың дайындығы 85 пайызды, топырақ өңдейтін құрылғылардың дайындығы 87 пайызды құрайды. Ал тұқым себетін кешендер түп-түгел дайын.
Әне бір жылдары сапалы тұқым қасқалдақтың қанындай таптырмай, диқандарды әуре-сарсаңға салатын жайлар да кездескен. Қазір көктемнің жайын күзде ойлап, күні бұрын қамданатын болды. Осы жылғы көктемгі егіске қажетті 532,8 мың тонна тұқым қоры бар. Бұл жалпы қажеттілікті толығымен өтейді.
Тәп-тәуір дайындық болғанымен, өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының көңілін күпті етіп отырған да жай бар. Мәселен, олар өткен күзде жинаған сапалы, мол өнімін тиімді бағаға өткізе алмай, діңкелері құрып отыр.
Қияпат еңбекпен өсірген ақық дәннің бағасы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қарқынмен арзандап жатыр. Өткен күзде «Азық-түлік» ҰК» акционерлік қоғамы жұмсақ бидайдың сатып алу бағасын сапасына орай әр тоннасын 121 мың теңгеден 125 мың теңгеге дейін белгілеген болатын. Ал нарықтағы баға керісінше жаңа жылдан кейін арзандай бастады. Бір тонна бағасы қосымша құн салығын қоса есептегенде, 115 теңгеге дейін төмендеді. Биыл қаңтар айында 105 мың теңгеге түсті.
Бидай бағасының құлауының негізгі себептері астық тасымалдайтын вагондардың тапшылығы, қажетті локомативтердің жетіспеуі. Ендігі бір себеп, солтүстіктегі көршіден арзан бидай заңды-заңсыз жолмен тасымалданып келіп жатыр. Көптеген трейдерлер Ресей астығын Қазақстан арқылы Орта Азия елдеріне жөнелтуде. Осылайша, біздің нарықты жаулап алғаннан кейін экспорттың бағасы төмендеп кетті.
2023 жылдың басынан бастап Қазақстан темір жолы өздеріне қолайлы бағытта ғана тапсырыс қабылдай бастады. Дәлірек айтсақ, олардың талабы бойынша бір орыннан тиелетін бидай көлемі 48 вагоннан кем болмауы керек екен. Мұншалықты вагонға шамамен 3 350 тонна астық сияды. Ал біздің өңірдегі көптеген элеваторлардың мұндай көлемдегі астықты артуға қауметі жете бермейді. Сондықтан да шағын және орта трейдерлердің жұмысы тоқтап қалды. Тиісінше, ірі компаниялар ғана жұмыс істеп, бидайдың сатылу бағасының төмендеуіне әсер етіп жатыр.
Астықтың бағасы толымды болмауынан ауыл шаруашылығы құрылымдары зиян шекпек. Көктемгі дала жұмыстарына қауырт дайындалатын уақыт болып қалғанымен, өткен жылдың астығы қоймаларда тұр. Диқандар үшін тиімсіз баға өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп, дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Фермерлер қаржы тапшылығына байланысты тыңайтқыш сіңіруді, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды қысқарта бастайды. Өсімдік қорғайтын арзан химикаттарды пайдаланады. Өйткені оларға болашақ өнімнің өзіндік құнын қайткенде де арзандату керек. Ал ауыл шаруашылығының табысының төмендеуі әлеуметтік-тұрмыстық салаға бөлінетін көңілге де селкеу түсіруі әбден мүмкін. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдары елді мекендердің ажарын кіргізіп қалып еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінген олар өңірдегі мектептер мен мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіп, әлденеше шақырым жолдарды жаңғыртты.
Дәл осындай жағдай 2011 жылы орын алған болатын. Сол жылы елімізде бидай бітік шықты. Астық мол болғаннан кейін әр тонна бидайдың бағасы 9-10 мың теңгеге арзандады. Мәселенің мәнісін байыптаған Үкімет дұрыс қадамға барып, 5 млн тонна астықтың әр тоннасы 25 мыңға бағалап сатып алды. Осылайша, бидай бағасының арзандауынан сақтап қалды. Сол жылдың сәуір-мамыр айларында бидай бағасы көтеріліп, мемлекет сатып алған бидайын қосымша шығынын қоса есептеп, қайта сатты. Жұмсалған қаражат орнына келді.
Биыл да «Азық-түлік» ҰК» акционерлік қоғамы әр тоннасы 125 мың теңгеге бағалап, жалпы көлемі 3 млн тонна астықты сатып алса, бидай бағасының арзандауына жол берілмейді. Әлемдік баға саясатын сараптасаңыз, мамыр-маусым айларында астықтың бағасы міндетті түрде өседі. Арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін ең оңтайлы жол осы!
Астықты өлкеде нан бағасы үздіксіз өсіп барады. Осы бір жай мүлде түсініксіз. Мәселен, бір тонна бидайдан 700 кг ұн шығады. 30 пайызы кебек болсын деңіз. Сонда әр кг ұнның өзіндік құны шамамен 130 теңгеден айналады екен. Ал қазір өңірдегі азық-түлік дүкендерінде ұнның келісі 450-500 теңгеден сатылып жатыр. Демек, еккеннен гөрі сатқан пайдалы болып тұр ма?!
Жоғарыда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы құрылымдарына 45,6 млрд теңге қаражаттың субсидия есебінде төленгенін ескерсек, қыруар қаржыдан қарапайым халыққа ешбір жеңілдік болмай жатқанын аңғарар едіңіз. Осы біздегі бағаның өсуі шынайы есеппен сәйкеспейтіндігі шындыққа айналып тұрған жайы бар.
Ақмола облысы