Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының
Алматы облысы бойынша жеңімпаздары
«Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйі
ұлттық байқауда бірінші орынға ие болды
Мейірім шуағы
Адамзаттың бір артықшылығы – айналасына жүрек жылуын сезінтіп, мейірім шуағын төге білуінде емес пе?! Осынау құдіреттің алапат та, тым нәзік те күші кімге, қашан, қалай әсер етіп, ықпалын жүргізетінін ұғыну да бір ғанибет. «Ойымда ештеңе жоқ. Қаладағы базарда күнделікті тұрмысқа қажетті затымды алып тұрғанмын. Кенет етегімнен тартқан кішкене қыз бала алақанын жайып, қайыр сұрап тұрғанын көрдім. Қапелімде абдырап, аңтарыла қарап қалғаным да ақиқат. Сол бір қас қағым сәтте ет жүрегім езіле әдеттегіден бөлекше қаққандай ма, білмеймін, әйтеуір басқаша бір күйге ендім. Лезде ес жиып, балапанды қолынан жетелеп оқшау жерге шықтым. Басынан сипап, жөн сұрағанымда ұққаным, әке-шешесі ішімдіктің салдарынан бір-біріне қастандық жасап, балалар қараусыз қалған екен. Базар жағалап, қайыр сұрап, тапқан тамағын бауырларына, одан қалса ауруханадағы анасына апаратын көрінеді құйтақандай қыз. Бұл оқиға мені бейжай қалдырмады. Бейкүнә бүлдіршіннің бейнесі ауық-ауық көз алдыма елестеп, тіпті түсіме де кіретін болды. Не істеймін, панасыз балаларға қалай көмектесемін деген сынды сан сауалды іштей өзіме өзім қойып, жауап іздеймін. Міне, сол кезде отағасы мен балаларым мені жете түсініп, қашанда көмектесуге дайын екендіктерін ашық айтты. Сол сәттегі қуанышымда шек болмады. Ана бақыты деген сол шығар сірә» дейді Алматы облысы, Талғар ауданындағы «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің отанасы Тұяқ Есхожина. Әкесі соғыстан қайтпай қалғандықтан, анасы есімін Тұяқ деп атапты. Ол тағдырдың жазуымен анасынан да айырылып жетім қалып, 17 жасынан ұстаздық еңбек етіп, бала тәрбиесіне өмірін арнаған абзал ана. Отбасымен келісіп, шешімге келген Тұяқ апай бастапқыда үш бөлмелі пәтерінде балаларды қамқорлығына алып, қарай бастайды. Балалар саны көбейген сайын үш бөлмелі үй тарлық етіп, аудан әкімінің қарайласуымен 1998 жылы Талғар қаласындағы бос тұрған мектеп-интернатқа орналасты. Кезінде малшылардың балалары жатып білім алған мектеп-интернаттың тоналудан қалған қаңқасын, үш бөлмелі пәтерін сатып, соның қаржысымен қалпына келтіреді. Алғашында он-он бес бала саны көп ұзамай жүзден асады. Бастапқы жұмысын аудандық газетке жарнама беруден бастаған жеке жетімхананың иегері жұмысын ширата келе ауыл-ауылды аралап, қараусыз қалған жетімдерді жинап, тұрмысы төмен отбасылардың жай-күйімен танысып, оларға да өзінің қайырымдылық қолын созады. Осындай тынымсыз ізденістің нәтижесінде жылу құбырларының түбін, көпірдің астын мекен еткен қаңғыбастар табылып, қатарға қосылады. Әуел баста қолынан ұстатқан наннан айырылып қалмасам екен дегендей қорқынышты кейіппен нанды қарбыта соғатын балалар отбасының жылы қамқорлығын көріп, аялы алақан жылуын сезіне бастаған соң, бірте-бірте осы үйде қалыптасқан тәртіп-тәрбиеге үйреніседі. Алғашқыда ата-ананың аялы алақанын ұмытқан баладан мекенжай, тіпті аты-жөнін білудің өзі қиын еді. Сондықтан олардың түп-тамырын анықтап, құжаттар толтыру оңай біте қоятын шаруа емесі түсінікті. Осыны ойлағанда күрмеуі көп түйіннің шешілуіне де төзім керек-ақ дейсің іштей. Ал, сол кездері алпысты алқымдап қалған Тұяқ апаның бұл орайдағы ісі шынымен жанкештілік емес пе?! Балалардың тіршілігі де әркімді қызықтырары анық. Оның әдеттегі отбасынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Мұнда да балалардың бал күлкісін естіп, бір-бірімен құлын-тайдай тебісіп ойнап, бірігіп сабақ оқып отырған сәттерін жиі көресіз. Таңертең балалар мектепке асығады, одан үй шаруасына көмектеседі. Көпбалалы отбасында тіршілік аз ба? Олар да басқалар сынды үй тірлігіне бала жастан бейімделеді. Ара-тұра қамқор қолын созатын қайырымды жандардың игілікті ісінен өнеге алып, ең бастысы өздерін қанатының астына алған Тұяқ ана мен Әнуарбек әкеге ұқсап-бағуға талпынады. Талғар аудандық әкімдігі тарапынан көрсеткен көмектің арқасында Алтынсарин көшесіндегі бұрынғы балабақшаға қоныс аударған «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің бүгінде тынысы кеңіп, тұрмысы түзелген. Мұндағы 73 баланың біразы тұл жетім болса, көбісінің әке-шешесі бар болғанымен, ішкілікке салынған. Ата-ана жауапсыздығы салдарынан бала қаңғыбастыққа салынбағанда қайтсін? Қараусыз қалған жеткіншектер көше кезеді, қалайда қозы қарнын бір тойдырудың қамын ойлайды. Міне, осындай жеткіншектерге пана болған Тұяқ ана мен Әнуарбек әке оларды ұлтына, нәсіліне қарап бөліп жатқан жоқ. Қай ұлт баласы болмасын бауырына басты. Үш қабатты төрт қорпустан тұратын еңселі үйдегі балалар білімі де кенжелеп қалмаған. Сабақ оқып, білімін ұштауға мүмкіндік жасалған. Мектеп жасындағы балаларға әртүрлі пәндер бойынша мұғалімдер үй тапсырмасын орындатып, білімін ұштаса, тәрбиешілер тәртібін қадағалайды. Тұяқ ана күнделікті шаруадан қолы қалт етсе, әрқайсысын айналып-толғанып, бастарынан сипап, ақылын, үлгі-өнегесін айтады. Мұнда балалардың бос уақыттарында кітапханада кітап оқып, спорт залында бой жазуларына да жағдай жасалған. Денсаулықтарын қадағалау да назардан тыс қалмаған. «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінде бүгінде 73 бала тәрбиеленіп отыр. Бұған дейін 340 жеткіншекті қатарға қосқаны өз алдына. Осынау мейірім шуағы төгілген отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық сынында бірінші орынды жеңіп алып, 1 млн. теңге қаражат пен бүкіл отбасы мүшелеріне арналған демалыс жолдамасын тағы алды. Шаңырақтың отанасы Тұяқ Есхожина мен отағасы Әнуарбек Байсарин екеуі өз кіндіктерінен тараған Бақыт, Ержан, Азамат есімді үш ұл тәрбиелеп, өсіріп, қатарға қосумен қатар ата-ана мейіріміне шөліркеген, қамқорлығына зәру жетім балаларды бауырларына басуға тәуекел еткені көпке үлгі-өнеге емес пе?! Талғар ауданы.«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында
Райымбековтер әулеті екінші орынды еншіледі
Бақыт бағы
Әлімғазы Райымбеков «Тақиялы періште» кинофильмі арқылы елге етене таныс. Бүгінде Алматы облысы, Көксу ауданында тұрады. «Алла көп көрмесін, 10 баладан 18 немере, 4 шөбере сүйдім. Мінеки, Гүлжаухар екеуміздің қосылғанымызға 56 жыл болады. Балалар өсті. Бір жақсы жері ұл-қызым ауыртпалық салған жоқ. Өз күндерін өздері көріп жүр, бізге де көмектеседі» – дейді тәубешіл қарт Жаратқанның бергеніне ризашылық білдіріп. Балаларының барлығы өмірден өз орындарын тапқан. Нартай, Мұса, Ертай, Эльдор есімді төрт ұлы төтенше жағдай саласында қызмет етеді. Мұхтар, Ғалия, Майра Суриял жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Жанары теміржолда кассир, ал Гулвирасы халыққа қызмет көрсету орталығында көпшілікпен жұмыс істейді. «Бақыт қайда барасың» дегенде, «Береке-бірлігі бар елге барамын» деген емес пе!? Әлімғазы ата мен Гүлжаухар ана еңбекпен есейген жандар. Маңдайдан ащы тер ағызып тапқан астың дәмді болатынын балалары да жақсы біледі. Бұл жайында «Тағылым мен тағзым» атты отбасылық кітапта Райымбеков әулетінің тоғызыншы ұлы Эльдордың «Әкем – сеңгір асқарым, Анам – зеңгір аспаным» деген ата-анасына сүйіспеншілікке толы мақаласында «Әкемнің балалық бал дәурені сұм соғыстың басталған шағымен бірге келіпті. Сондықтан ол еңбекке ерте араласыпты. Сол соғыс атты тажалдың кесірінен әкеміз бір отбасынан жалғыз қалған. Ата-ананың бірінші парызы – балаға жақсы есім беру. Бұл орайда, тоғызыншы баланың есімі танымал режиссер Эльдор Оразбаевтың есімімен байланысты екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлағатты отбасының отағасы Әлімғазы Райымбековке Көксу ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Әлімғазы Райымбековтің өнерге келуі де бір хикая. Оны осы жолға жетелеген күрес. Яғни, өнердегі бақытының бастауы – бозкілем. Оның жастық шағында ауылшаруашылық мамандары арасында спорттан жарыс жиі ұйымдастырылатын. Ондай жарыстарда қарсыласын жықпай қоймайтын Әлімғазы Шымкент облысы, Темірлан ауданында Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған жарысқа қатысып, ауыр салмақтағылар арасында бірініші орын алып, спорт шебері атағын иеленіп қайтады. Бірақ тумысынан қарапайым жігіт оған малданбай қайтадан ауылына барып бұрынғы автокөлік жүргізушілігі кәсібін жалғастырады. Көлік жүргізуші жігіт жарыстан келген соң шөп шабу, мал азығын дайындау сияқты шаруалармен жүріп жарысқа барғанын ұмыта бастайды. Бір күні колхоз басшысы шақырып, жарысқа барғанда не «бүлдіргенін» сұрайды. Батыр аңғал келеді емес пе, сасқалақтаған ол: – Жеңіске жеткендігім үшін бергендері міне, – деп өзімен көлікте бірге алып жүретін «Харьков» деген электроұстарасын үстел үстіне қоя салады. Сосын бастық: «Тездетіп жолға жинал, «Ән қанатында» атты кинофильмге іріктеуге барасың»,– дейді. Айтылған тапсырманы бұлжытпай орындап үйренген елгезек жігіт тез жиналып, киностудияға барады. Әзірбайжан Мәмбетов: «Осы күнге дейін қайда жүргенсің? Нағыз Қажымұқанның өзісің ғой» деп балаша қуанады. Міне, ауыл шаруашылығында жүріп спортта танылған, спорт арқылы киноөнеріне аяқ басқан Әлімғазы Райымбековтің танымалдығы осылай басталады. Бірақ, ол қанша киноға түсіп, танымалдығы артқанымен, қалада қалуға әрекеттенбейді. Түсірілім бітісімен балалары мен жан жарына тартып отырады. Маған осынша күш-қайратты жаратқан босқа бермеген шығар. Ауылға барып егін егіп, мал-жан асырайын дейтін көрінеді. «Адал адам – айнымас» дегендей, ол әкелік борышын негізгі орынға қояды. Егер ол сол кезде өнердің соңына түсіп, жастықтың желігіне елтіп кете барса, бүгінгідей отбасы бақытына қол жеткізе алмас па еді. Кім білсін. Қазір Гүлжаухар ана екеуі ұрпағының өскеніне көңілі толып, бақуатты ғұмыр кешуде. Көксу ауданы.Талай сайыстарда топ жарып үздіктер қатарынан көрініп жүрген Сидехменовтер әулеті байқауда үшінші орынды иеленді.
Ынтымақ ұйытқысы
Бұл әулетте дәрігерлік атадан балаға мирас болып келеді. Отбасының қос шынары, болған Александр Сидехменов пен Тамара Сидехменованы да осы қастерлі мамандық табыстырған болатын. Семей мемлекеттік медицина институтын 1976 жылы педиатр мамандығы бойынша тәмамдап, қол ұстасып Текеліге келген қос дәрігердің қалалық ауруханада еңбек етіп жатқанына да міне, табаны күректей қырық жыл. Жарты ғасырға жуық уақытта олардың халыққа қаншама шарапаты тиді десеңізші. Отағасы Александр Владимирович Текелі қалалық ауруханасының балалар дәрігері, педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарса, оның жары Тамара Александровна да аталмыш аурухананың меңгерушісі, бала саулығының сақшысы міндетін ұзақ жыл бойына абыроймен атқара білді. Ал мақалаға арқау еткен қос дәрігеріміздің тәрбиесін көрген балалары Оксана мен Владимир де әулеттің жолынан таймай, тағдырын дәрігерлік мамандыққа арнаған. Екеуі де бүгінде осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты меңгеріп, бір кісідей үлесін қосып келеді. Оксана Семей медициналық университетінің педиатрия факультеті деканының орынбасары. Жастарға дәрігерлік білім бере отырып, ол болашақ балалар дәрігерлерінің кәсіби шеберлігін арттыруға айтарлықтай үлес қосуда. Ал Владимир Семей қаласындағы бүйрек орталығында хирург-уролог, бірінші дәрежелі кәсіби дәрігер болып қызмет атқаруда. Владимир де Семей медициналық академиясында өз саласы бойынша дәріс беріп, болашақ мамандарды даярлауға көп еңбек сіңіруде. Сондай-ақ, Сидехменовтер әулетінде кейінгі буынның да адам жанының арашашысы болуға қызығушылар жоқ емес. Дәлірек айтсақ, немерелері дәрігер болуды армандап, әулет туын жықпауды ойлайды екен. «Сидехменовтердің мерейлі отбасын қандай да биік құрмет пен алғысқа лайық деп шынайы әріптестік, достық пейілмен айта аламын. Әрине, еселі еңбек бағаланбай қалмайды емес пе? Бұл отбасының 2009 жылы Алматы облыстық «Отбасылық әулет» байқауының жеңімпазы атанып, «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына енгенін ұжымымыз үлкен мақтанышпен айта алады. Жүрген жерімізде мерейленіп айтып жүреміз. Александр Сидехменов «Үздік дәрігер» байқауының да жеңімпазы. Бұдан бөлек, бірнеше мерейтойлық медальдардың, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің құрметті иегері», – деді Текелі қалалық ауруханасы МҚК директор – бас дәрігері Ләйлә Төлеуханова. Отбасының тірегі, ұжымының бетке ұстары Александр Владимирович Алматы облыстық мәслихатының депутаты бола жүріп, халықтың ризашылығына бөленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Текелі қаласы.Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің
Алматы облысындағы меншікті тілшісі Нұрбол ӘЛДІБАЕВ.