Сайлау • 13 Ақпан, 2023

Саяси науқанға дайын

425 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комис­сиясының кезекті отырысында Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына «Ақ жол» демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» мәселе қаралды.

Саяси науқанға дайын

Жиынға «Ақ жол» демокра­тия­лық партиясы қоғамдық бірлестігі­нің төрағасы Азат Перуашев, об­лыс­тардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақ­­тық сайлау комиссиялары бей­не­конференция режімінде қо­сыл­ды және бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы Нұрлан Әбдіров елі­міз­де тіркелген 7 саяси пар­тия­­ның барлығы партиялық тізім­дер бойынша Парламент Мәжі­лісі депутаттарының сайлауына қатысуға жіберілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол 6 ақпанда ОСК-ға Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну туралы «Ақ жол» демократиялық партиясының құжаттары тапсырылғанын еске салды. Орталық сайлау комиссия­сы сайлау заңнамасына сәйкес кандидаттардың Конституция және Сайлау туралы Конституция­лық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін аңықтау бойынша тиісті рәсімдер жүргізді.

Орталық сайлау комиссия­сының мүшесі Асылбек Смағұлов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес тіркеуге бір саяси партиядан бір ғана тізім жіберілетінін, оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық ман­дат­тардың белгіленген саны­ның 30 пайыздан аспайтын адамдар саны енгізілгенін хабарлады. Партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар саны жиынтық бойынша оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Белгілі болғандай, «Ақ жол» демократиялық партиясы 54 адамнан тұратын партиялық тізім­ді ұсын­ған. Тізімдегі 18 кандидат әйел­дер, жастар және мүгедектігі бар адам­дар санатқа жатады, яғни талап­­қа сәйкес 33,3 пайызды құ­рай­­ды. Партиялық тізімге енгі­зілген бар­лық адам Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.

Асылбек Смағұлов партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізетінін хабарлады. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлаушылардың 10,95 пайызын жинады. Осыған байланысты аталған партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.

Комиссия мүшелері сәйкестікті анықтау және тіркеу туралы тиісті хаттамаларға қол қойғаннан кейін «2023 жылғы 19 наурызға таға­йын­далған Парламент Мәжілісі де­пу­таттарының кезектен тыс сайлауында «Ақ жол» демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттар тиісті куәліктерін алды.