АСТАНА. 20 маусым. Бүгін түн ортасы ауа Сан-Паулуда Уругвай және Англия командалары бір-бірімен екінші турдың ойынын өткізді. Матч 2:1 есебімен Оңтүстік Америка өкілдерінің пайдасына шешілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Уругвай – Англия 2:1 (1:0).
19 маусым. Сан-Паулу. «Арена Коринтианс» стадионы. 62 575 көрермен. Төреші – Карлос Веласко Карбалью (Испания).
Уругвай: Фернандо Муслера, Мартин Касерес, Хосе Хименес, Диего Годин, Альваро Перейра, Альваро Гонсалес (Хорхе Фусиле, 78), Эгидио Аревало, Николас Лодейро (Кристиан Стуани, 67), Кристиан Родригес, Луис Суарес (Себастьян Коатес, 88), Эдинсон Кавани.
Англия: Джо Харт, Глен Джонсон, Гэри Кэхилл, Фил Джагиелка, Лейтон Бэйнс, Стивен Джеррард, Джордан Хендерсон (Рики Ламберт, 87), Рахим Стерлинг (Росс Баркли, 64), Уэйн Руни, Дэнни Уэлбек (Адам Лаллана, 7), Даниэль Старридж.
Голдар: Луис Суарес (39, 85), Уэйн Руни (75).
Ескертулер: Диего Годин (9) – Стивен Джеррард (68).
Бразилиядағы чемпионат алдында ағылшын жанкүйерлерінің өзі елдің ұлттық командасының доп додасында айтарлықтай табысқа жететініне оншалықты сенімді болған жоқ. Олардың көпшілігі «Үш арыстан» үшін ширек финалға шығу үлкен жетістік болып табылатынын жасырмай айтты. Алайда, Рой Ходжонстың шәкірттері енді бұл белесті бағындыра алмайтын сияқты.
Англия құрамасы қазір жаһандық жарыста екі ойын ойнап үлгерді. Және соның екеуінде де 1:2 деген ортақ есеппен жеңілістің ащы дәмін татты. Футболдың отанынан келген жігіттердің алғы күнге асыққан армандарының алауын өздеріне таныс Луис Суарес есімді жалғыз шабуылшы бір деммен өшіріп тастады. Кездесудің бірінші таймында ойынның баяу қарқынмен өрбігеніне қарамастан, командалар өз жанкүйерлерін бірқатар тартысты оқиғаларымен еліктіріп тұрды. Осы тұстарда қақпа құлпын ашудың тамаша мүмкіндіктерін Кристиан Родригес, Эдинсон Кавани және Уэйн Руни сынды ойыншылар жіберіп алды. Алайда, гол бір-ақ рет соғылды. Оны Луис Суарес ағылшындар қақпасына тура бағыттады. Уругвай жанкүйерлері осының алдында Коста-Рикамен өткен ойында алаңға шықпаған тап осы форвардтан үміт күтіп отыр еді. Рас, Луис ойынның басында өзінің әрекетімен ерекшелене қоймады, ойын тізгінін де қолға сирек алды. Дегенмен, өзіне тап келген бірінші мүмкіндікті керемет пайдаланып, Джо Харриді қапыда қалдырды.
Екінші тайм Оскар Табарес шәкірттерінің шабуылымен басталды. Бірақ ағылшындар уақыт озған сайын басымдылықтарын арттыра берді. Нәтижесінде екінші таймның ортасынан бастап уругвайлықтар өз алаңы маңына тықсырылып тасталды. Соның пәтінде ағылшындар есепті де теңестіре алды. Қапталдан Глен Джонсон жеткізген допқа Уэйн Руни егелік етті. Ол қақпа алдындағы қарбалас шақта Фернандо Муслераны қапыда қалдырды.
Осыдан жігерленген британиялықтар бұдан да әрі кетті. Қауырт шабуылдар иірімінде Даниэль Старридж айып алаңы сызығынан өте қатты ұрды. Уругвай қақпашысы бұл допты әупіріммен сыртқа жөнелтті. Бірақ америкалықтарда осындай қысылтаяң кездері тұйықтан саңылау тауып, шығып кететін бір адам бар екен. Ол – Луис Суарес ойын бітуге 5 минут қалғанда кезекті қауіптің бұлтын өзімен бірге ілгері әкетіп, алға тұра ұмтылды. Бір кезде ол Джо Хартпен бірге-бір шықты да, қақпашы жанынан допты зу еткізді. Гол! Сонымен, есеп 2:1-ге жетті.
Ойынның соңында уругвайлықтар уақытты созуға тырысып бақты. Сол жаппай қорғаныс олар үшін сәтті аяқталды. Бұл ұтылыс енді келесі кезеңге өте алмайтындар сапына Англия командасының да еніп кеткенін паш етті.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: Чемпионат.Ру.
Фото: Sportbox.ru.