Өткен аптада Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев баспасөз өкілдерімен жүздесіп, Отанымызда биыл мектеп бітіріп жатқан түлектердің Ұлттық бірыңғай тесті бойынша сынақ тапсыруына қатысты мәселелерді ортаға салды.
Елімізде 138 мың 162 оқушы мектеп бітіріп жатса, оның 110 мың 118-і ҰБТ арқылы емтихан тапсыруға тілек білдіріпті. Талапкерлердің білімін сарапқа салу 4-10 маусым аралығында 154 пунктте, яғни 49 қала мен 105 ауданда өткізіледі екен.
ҰБТ-ны тиімді ету мақсатында атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты хабардар еткен министр 5 пән негізінде тест жүргізілетінін, нақтылай түссек, оқыту тілі (қазақ немесе орыс) Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі – қазақ тілі, қазақ тілді мектептердегі – орыс тілі болып келетінін назарға салды. Әрбір пән бойынша тапсырмалардың саны – 25 десек, 5 пәндегі сұрақ 125-ті құрайды. Емтихан уақыты 210 минөт, бұл 3,5 сағат деген сөз.
Биылғы жылы мектеп бітірушілер мемлекеттік грант алу конкурсына түсу үшін кем дегенде 50 балл жинауы тиіс. Ал жалпы медицина мамандығына 55 балл болуы керек. Бір жаңалық, ҰБТ-ның балын аттестаттың бағасына ауыстыру шкаласы өзгергендігі. Егер мектеп бітіруші бір пәннен 0-3 балл жинаса – “қанағаттанарлықсыз”, 4 және одан да жоғары балл жинаса – онда оңды көрсеткіш болып табылады. Тестің дұрыс жауаптары “Мемлекеттік құпиялар туралы” заңға сәйкес қатаң қадағаланады. Тапсырмаларды бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешу, оқушылардың құқығын қорғау мақсатында республикалық және ҰБТ-ны өткізу пунктінде апелляциялық комиссия құрылып, жұмыс істейтін болады. Тапсырмалардың мазмұнында немесе техникалық мәселелер бойынша түсінбеушілік болып жатса, үміткерлердің өтініштері тестің қорытындысы шыққаннан кейін, яғни келесі күнгі сағат бірге дейін қабылданатынын айта кетсек дейміз. Ал ұлттық мектептің бітірушілері (ұйғыр, өзбек, тәжік) өз қалаулары бойынша ҰБТ-ны, не болмаса (мемлекеттік немесе орыс тілінде) сынақ тапсыруларына болады. Оқушылардың алған білімін кінаратсыз бағалау жөнінде облыстық, Астана мен Алматы қалалары білім басқармаларының жанынан арнайы бақылау штабтары құрылған. Оның жұмысын Білім және ғылым министрі жанындағы республикалық штаб үйлестіріп отырады.
Сүлеймен МӘМЕТ.
ТҮЙЕТӨБЕДЕГІ ТАҒЗЫМ
Ақтөбе қаласынан 15-20 шақырым жердегі Түйетөбеде қуғын-сүргінге ұшыраған талай боздақтар ату жазасына кесіліп, мәңгілікке дамыл тапқан. Кезінде осы жерге жазықсыз жазаланғандарға ескерткіш қойылған-ды. Міне, содан бері ақтөбеліктер мен қала қонақтары жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні осы бір азалы орынға келіп, шейіт кеткен боздақтардың аруағына тағзым етуді дәстүрге айналдырып келеді.
Кеше облыс әкімі Елеусін Сағындықов, облыстық мәслихаттың хатшысы, “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов Түйетөбедегі қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жазықсыз жазаланғандардың аруағына тәу етті. Бұл шараға сондай-ақ қаладағы мекемелер мен ұйымдар, кәсіпорындар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, жоғары оқу орындары да қатысты. Осы қасиетті орынға туысқандары қуғын-сүргінге ұшыраған қалалықтар да адамгершілік парызын өтеуге көп жиналды. Соңынан марқұмдардың аруақтарына құран бағышталды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
ОТАНДАСТАРЫ ЕСІНДЕ
Қарағандының оңтүстік-шығысындағы Ақбұйратадыр ұсақ шоқылы төбелер баурайында бұдан 160 жыл бұрын пайда болған Спасск мыс қорыту зауыты орнын уақыт өте келе Қарлаг бөлімшесі ауыстырды. Екінші жаһандық соғыс алдында мұнда айналасы тікен сыммен қоршалып тасталған лагерь ұлан-байтақ Арқа даласына дендеп еніп, жайылып жатты. Соғыстың орта тұсында әскери тұтқындар мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар аталған бөлімшенің Степной, Луговой, Песчаный лагерьлерін толтыра бастады. Бірнеше мың неміс, румын, поляк, жапон, фин азапты жылдарды бастан кешірді. Олардың біразы, 5152 шетелдік тұтқын кейінде анықталған дерек бойынша, туған жерлерімен қайта қауыша алмады.
Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты тарихтың осы бір ақтаңдақ беті ашылып, қасірет құрбандарына ескерткіштер орнатылды. Алғашқы мемориал жапондық тұтқындар құрметіне арналды. Одан кейін Германия, Венгрия, Литва, Ресей, Украина, Румыния үкіметтері мен қоғамдық ұйымдары отандарына оралмаған азаматтарына белгілер қойды. Спасск қорымындағы Қазақстанда қаза болған барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарына жеке ескерткіш бұл күнде халықтарға ортақ қасіреттің қайталанбауын еске түсіртеді.
Кеше Астанадағы елшіліктер, қоғамдық қозғалыстар, облыстық әкімдік атынан ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, осында жерленген тағдырластар рухына арналып діни рәсімдер жасалды.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.