20 Маусым, 2014

Қазақстан – Корея: Стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі

440 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кездесті. 01-12.jpg-19-06 Қазақстан басшысының шақыруына орай жасалған бұл сапар жоғары деңгейдегі байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге, сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның стратегиялық серіктестігін дамытуға бағытталған. Корея басшысын қарсы алу­дың барлық ресми шаралары ат­қа­рыл­ған соң Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе шағын құрамда кез­десіп, байланыстарды жоғары дең­гейде нығайтудың, сауда-эконо­микалық және инвес­ти­циялық-технологиялық ын­тымақтастықтың, сондай-ақ, Қа­зақстан мен Оңтүстік Корея стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттарын талқылады. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде де пікір алмасып, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы екіжақты іс-қимылдың негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарын салыстырды. Мемлекет басшысы Оңтүстік Корея Президентінің сапары Қа­­зақстан үшін елеулі оқиға екенін атап өтті. Біз Сіздің елде жүр­­гізілген реформаларды тәуел­сіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап-ақ зерделеп келеміз. Мен Ро Дэ У-дан бастап, Оң­түстік Кореяның барлық пре­зиденттерімен кездестім. Сол жыл­дары басталған біздің қарым-қатынасымыз қазір өте жақсы деңгейде. Сіздің сапарыңыз бұдан да жоғары ынтымақтастыққа жол ашады деп үміттенемін. Біз Сіздің елмен саяси және экономикалық тығыз қарым-қатынас орнатуға мүд­деліміз, деді Нұрсұлтан На­зарбаев. Корея Республикасының Пре­зиденті Қазақстан Президентімен өткен жылғы қыркүйекте Санкт-Петербургте өткен G20 саммиті аясындағы кездесуін ерекше жылы сезіммен еске алатынын айтты. Бізде шынында да ынтымақтастық үшін ауқымды кеңістік пен экономикалық ықпалдастықтың зор әлеуеті бар. Мен бүгін жоғары экономикалық өсім деңгейін көрсетіп отырған, қарқынды дамып келе жатқан Астананы өз көзіммен көрдім, деді Пак Кын Хе. Сонымен қатар, ол ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы табысты жүзеге асырылатынына сенімді екенін мәлімдеді. Мемлекет басшыларының ша­ғын құрамдағы кездесуі аяқталған соң, Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттерінің қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Президенті мейманның бұл алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-корей стратегиялық серіктестігі тарихында жаңа кезеңнің басы болатындығына сенім білдірді. Корея басшысына «Сэвол» кемесінің апатына байланысты Қазақстан халқы атынан көңіл айта келіп, Оңтүстік Корея тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде аграрлық елден әлемдегі экономикасы ең озық жиыр­ма мемлекеттің біріне айналып, «экономикалық кереметті» жүзеге асырғанын атап өтті. 02-7.jpg-19-06 Елдеріміз арасында энергетика, автомобиль құрастыру, машина жасау, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, сондай-ақ, білім беру мен ғылым саласындағы өза­ра ықпалдастық қарқынды дамып келеді, деді Қазақстан Президенті. Ал жалпы тауар айналымымыз 1,5 миллиард долларға жетті. Осы сапардың нәтижесінде біз ынтымақтастығымызды экономикада да, саясатта да жаңа деңгейге көтеруге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Сондай-ақ, Елбасы Оңтүстік Корея Республикасының Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі саясатын Қазақстанның қолдайтынын білдірді. Корея Республикасының Пре­зи­денті Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Біз барлық сала бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылаған кездесуге мен ерекше мән беріп отырмын. Елдеріміз арасында берік достық қарым-қатынас қалыптасқан. Біздің халықаралық жағдайға байланысты мәселелерді, соның ішінде Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын талқылағанымызды мен құптаймын, деді Оңтүстік Корея басшысы. Пак Кын Хе Қазақстанның Ко­рея Республикасы үшін негіз­гі серіктес ел болып саналаты­нын да атап өтті. Сондай-ақ, ол халықаралық маңызды баста­ма­ларға, оның ішінде АӨСШК аясындағы өзара сенімге құрылған қарым-қатынасты нығайтуға, Корей түбегінде бейбітшілік пен сенім орнатуға және «Еуразиялық бастамаға» көрсетілген қолдауы үшін алғысын айтты. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Корея Республикасы Үкіметінің арасындағы өзара визалық талаптарды жою туралы келісімге; Қазақстан Республикасының Әді­лет министрлігі мен Корея Республикасының Мемле­кет­тік заңнама министрлігі арасын­дағы өзара түсіністік және ын­ты­мақтастық туралы меморандумға; Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Корея Республикасы Ғылым, ақпараттық-коммуникациялық технология­лар және болашақ жоспарлау министрлігінің арасындағы ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға; Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі арасында орман шаруашылығы және Қазақстан Республикасының ормандарын қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға және Өндіруші қондырғылардың электр қуатын әзір күйде ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу шартына қол қойылды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін екі елдің басшылары бір­лескен мәлімдеме жасады. Нұр­сұл­тан Назарбаев Корея Респуб­ликасы Президентінің сапары түрлі бағыттар бойынша жақсы дамып келе жатқан екіжақ­ты іс-қимылдар қарқынын күшей­тетіндігіне сенім білдірді. Оң­түс­тіккореялық серіктестермен шикізаттық емес саладағы ынты­мақтастық жүйелі түрде кеңейіп келеді. Қазірдің өзінде 300-ден аса бірлескен кәсіпорын құрылды. Оның ішінде жеңіл автомобильдер мен жүк және жолаушы тасымалы көліктерін құрастыру кәсіпорындары бар. Балқаш ЖЭС-інің, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің құрылысы, «Жамбыл» кенішін игеру секілді ірі жобалар табысты ілгерілеуде. Сондай-ақ, келіссөздер барысында біз Пак ханыммен бірге корейлік бизнестің Қазақстанның Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасына қатысуы жай­ын да талқыладық. Тараптар «тех­нологияларды ресурсқа алмас­тыру» формуласы бойынша ын­тымақтасуға мүдделі екендігін қуаттады, деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан – Корея бизнес-форумы ая­сында маңызды келісімдерге қол қойылатынын да атап өтті. Сон­дай-ақ, қыркүйек айында «Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы» іскерлік форумы жоспарланғанын хабардар етті. Бұдан соң Елбасы бизнеске жақсы мүмкіндіктер ұсынатын «Инвестициялар туралы» жаңа Заңға қол қойылғанына назар аударды. Компаниялар кор­поративтік және табыс салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жыл­ға босатылады. Олардың күр­делі шығындарының 30 пайызы өтеледі. Жұмыс күшін тарту квотасыз және рұқсаттамаларсыз жүзеге асады, сондай-ақ, біздің ел­деріміз арасында визасыз режім ор­натылды. Осының барлығы екі мемлекет үшін де ыңғайлы жә­не тиімді бизнестік ахуал қа­лып­тас­тырады, деді Қазақстан Пре­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің ынтымақтастығы халықаралық деңгейде де тиімді жүзеге асып жатқанына да тоқталды. Сеулдің АӨСШК жұмысына белсене қа­тысуын қанағаттанушылықпен атап өтеміз. Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысу жөнінде де өтініш жасадық. Корейлік озық компаниялар көрме аумағында жаңа зерттеу орталықтарын құруға көмектесе алар еді. Біз Оңтүстік Корея тарапының Еуразиялық эко­но­микалық одақ идеямызбен сәй­кесетін «Еуразиялық бастамасын» қолдаймыз. Солтүстік Кореяның ядролық қарусыз мәртебесі туралы Корея Республикасының идея­сы мен ұсынысын, сондай-ақ, түбекті бейбіт негізде біріктіру мәселесін шешуді қолдаймыз. Біз солтүстіккореялық серіктестерді ядролық арсеналдан бас тартып, полигонды жапқан Қазақстанның тәжірибесін ескеруге шақырамыз, деді Қазақстан басшысы. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Пак Кын Хеге елінің алдында тұрған мәселелерді шешуде сәттілік тіледі. Ал Корея Республикасының Президенті өзінің осы сапарына айрықша мән беретінін, өйткені, Еуразия өңірінде негізгі рөл атқа­ра­тын Қазақстан эконо­ми­ка­лық ынтымақтастықта маңызды серіктес болып саналатынын ата­ды. Бүгін біз 1992 жылы дипло­матиялық қарым-қатынас орна­тылған сәттен бастап барлық салада жүйелі дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастарды жаңа, әлдеқайда тиімді және бола­шаққа межеленген деңгейге алып шығуға уағдаластық. Мен бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастарымыздың да­му бағыты мен түрлі саладағы прак­тикалық ынтымақтастықтың нақты шараларын айқындап, екі елдің өзара ықпалдастығының даму үдерісінде «нұсқаулық» рөлін атқарады деп үміттенемін, деді Пак Кын Хе. Оңтүстік Корея Президенті екі ел бір-бірін өзара толықтыратын экономикалық құрылымға ие екенін атап өтті. Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы бү­кіл тарихымыздағы рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан Корея инвестициясының Орталық Азиядағы ірі нарығы болып саналады. Біз бірлескен үш үлкен жобаның – Балқаш ЖЭС-і құрылысының, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің, «Жамбыл» кеніші игерілуінің жүзеге асырылуына қатысудамыз. Сонымен қатар, біз Теңіз кен орнында өндіріс ая­сының кеңейтілуі тәрізді жаңа жобаны ілгерілетудің көзделіп отырғанын да қолдаймыз, деді Корея Президенті. Пак Кын Хе ынтымақтастықтың жаңа пішінін әзірлеу жөнінде келісімге қол жеткізілгенінен, оның аясында синергиялық нәтижені пайдалану үшін ресурстар мен технологиялар біріктірілетінінен хабардар етті. Біз инфрақұрылымдық құрылыс, ғылым мен технология, орман шаруашылығы мен экология сияқты салалардағы ынтымақтастық аясын кеңейте отырып, екі елдің бірлесе дамуына және Қазақстан экономикасын әртараптандыруға үлес қосу жөнінде келісімге келдік. Біз екі елдің болашаққа межеленген қарым-қатынасы үшін мәдени-гуманитарлық салаларда тәжірибе алмасуды жандандырып, бастапқы кезеңде инвестициялық кедергілерді азайту маңызды екені жөнінде ортақ пікірге келдік, деді ол. Пак Кын Хе Корея Респуб­ли­касы Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі ұмтылысын қолдай­тынын айтып, бұл екі ел арасын­дағы сауда-инвестициялық ынты­мақтастықты арттыра түсетініне, ал біздің еліміздің әлемдік экономика дамуына бұдан да мол үлес қосатынына деген сенімін білдірді. Сөзінің соңында ол осы сапар өткен жиырма жыл ішінде қалыптасқан сенімді қарым-қатынастар әлеуетінің бұдан әрі дамытылуына айтарлықтай серпін беретінін атап өтті. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.