Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кездесті.
Қазақстан басшысының шақыруына орай жасалған бұл сапар жоғары деңгейдегі байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейтуге, сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның стратегиялық серіктестігін дамытуға бағытталған.
Корея басшысын қарсы алудың барлық ресми шаралары атқарылған соң Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе шағын құрамда кездесіп, байланыстарды жоғары деңгейде нығайтудың, сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықтың, сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттарын талқылады. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде де пікір алмасып, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы екіжақты іс-қимылдың негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарын салыстырды.
Мемлекет басшысы Оңтүстік Корея Президентінің сапары Қазақстан үшін елеулі оқиға екенін атап өтті. Біз Сіздің елде жүргізілген реформаларды тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап-ақ зерделеп келеміз. Мен Ро Дэ У-дан бастап, Оңтүстік Кореяның барлық президенттерімен кездестім. Сол жылдары басталған біздің қарым-қатынасымыз қазір өте жақсы деңгейде. Сіздің сапарыңыз бұдан да жоғары ынтымақтастыққа жол ашады деп үміттенемін. Біз Сіздің елмен саяси және экономикалық тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Корея Республикасының Президенті Қазақстан Президентімен өткен жылғы қыркүйекте Санкт-Петербургте өткен G20 саммиті аясындағы кездесуін ерекше жылы сезіммен еске алатынын айтты. Бізде шынында да ынтымақтастық үшін ауқымды кеңістік пен экономикалық ықпалдастықтың зор әлеуеті бар. Мен бүгін жоғары экономикалық өсім деңгейін көрсетіп отырған, қарқынды дамып келе жатқан Астананы өз көзіммен көрдім, деді Пак Кын Хе. Сонымен қатар, ол ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы табысты жүзеге асырылатынына сенімді екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуі аяқталған соң, Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттерінің қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Президенті мейманның бұл алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-корей стратегиялық серіктестігі тарихында жаңа кезеңнің басы болатындығына сенім білдірді. Корея басшысына «Сэвол» кемесінің апатына байланысты Қазақстан халқы атынан көңіл айта келіп, Оңтүстік Корея тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде аграрлық елден әлемдегі экономикасы ең озық жиырма мемлекеттің біріне айналып, «экономикалық кереметті» жүзеге асырғанын атап өтті.
Елдеріміз арасында энергетика, автомобиль құрастыру, машина жасау, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, сондай-ақ, білім беру мен ғылым саласындағы өзара ықпалдастық қарқынды дамып келеді, деді Қазақстан Президенті. Ал жалпы тауар айналымымыз 1,5 миллиард долларға жетті. Осы сапардың нәтижесінде біз ынтымақтастығымызды экономикада да, саясатта да жаңа деңгейге көтеруге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Сондай-ақ, Елбасы Оңтүстік Корея Республикасының Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі саясатын Қазақстанның қолдайтынын білдірді.
Корея Республикасының Президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Біз барлық сала бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылаған кездесуге мен ерекше мән беріп отырмын. Елдеріміз арасында берік достық қарым-қатынас қалыптасқан. Біздің халықаралық жағдайға байланысты мәселелерді, соның ішінде Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын талқылағанымызды мен құптаймын, деді Оңтүстік Корея басшысы.
Пак Кын Хе Қазақстанның Корея Республикасы үшін негізгі серіктес ел болып саналатынын да атап өтті. Сондай-ақ, ол халықаралық маңызды бастамаларға, оның ішінде АӨСШК аясындағы өзара сенімге құрылған қарым-қатынасты нығайтуға, Корей түбегінде бейбітшілік пен сенім орнатуға және «Еуразиялық бастамаға» көрсетілген қолдауы үшін алғысын айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Корея Республикасы Үкіметінің арасындағы өзара визалық талаптарды жою туралы келісімге; Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Корея Республикасының Мемлекеттік заңнама министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға; Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Корея Республикасы Ғылым, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және болашақ жоспарлау министрлігінің арасындағы ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға; Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі арасында орман шаруашылығы және Қазақстан Республикасының ормандарын қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға және Өндіруші қондырғылардың электр қуатын әзір күйде ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу шартына қол қойылды.
Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін екі елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады. Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасы Президентінің сапары түрлі бағыттар бойынша жақсы дамып келе жатқан екіжақты іс-қимылдар қарқынын күшейтетіндігіне сенім білдірді. Оңтүстіккореялық серіктестермен шикізаттық емес саладағы ынтымақтастық жүйелі түрде кеңейіп келеді. Қазірдің өзінде 300-ден аса бірлескен кәсіпорын құрылды. Оның ішінде жеңіл автомобильдер мен жүк және жолаушы тасымалы көліктерін құрастыру кәсіпорындары бар. Балқаш ЖЭС-інің, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің құрылысы, «Жамбыл» кенішін игеру секілді ірі жобалар табысты ілгерілеуде. Сондай-ақ, келіссөздер барысында біз Пак ханыммен бірге корейлік бизнестің Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуы жайын да талқыладық. Тараптар «технологияларды ресурсқа алмастыру» формуласы бойынша ынтымақтасуға мүдделі екендігін қуаттады, деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Корея бизнес-форумы аясында маңызды келісімдерге қол қойылатынын да атап өтті. Сондай-ақ, қыркүйек айында «Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы» іскерлік форумы жоспарланғанын хабардар етті. Бұдан соң Елбасы бизнеске жақсы мүмкіндіктер ұсынатын «Инвестициялар туралы» жаңа Заңға қол қойылғанына назар аударды. Компаниялар корпоративтік және табыс салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Олардың күрделі шығындарының 30 пайызы өтеледі. Жұмыс күшін тарту квотасыз және рұқсаттамаларсыз жүзеге асады, сондай-ақ, біздің елдеріміз арасында визасыз режім орнатылды. Осының барлығы екі мемлекет үшін де ыңғайлы және тиімді бизнестік ахуал қалыптастырады, деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің ынтымақтастығы халықаралық деңгейде де тиімді жүзеге асып жатқанына да тоқталды. Сеулдің АӨСШК жұмысына белсене қатысуын қанағаттанушылықпен атап өтеміз. Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысу жөнінде де өтініш жасадық. Корейлік озық компаниялар көрме аумағында жаңа зерттеу орталықтарын құруға көмектесе алар еді. Біз Оңтүстік Корея тарапының Еуразиялық экономикалық одақ идеямызбен сәйкесетін «Еуразиялық бастамасын» қолдаймыз. Солтүстік Кореяның ядролық қарусыз мәртебесі туралы Корея Республикасының идеясы мен ұсынысын, сондай-ақ, түбекті бейбіт негізде біріктіру мәселесін шешуді қолдаймыз. Біз солтүстіккореялық серіктестерді ядролық арсеналдан бас тартып, полигонды жапқан Қазақстанның тәжірибесін ескеруге шақырамыз, деді Қазақстан басшысы. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Пак Кын Хеге елінің алдында тұрған мәселелерді шешуде сәттілік тіледі.
Ал Корея Республикасының Президенті өзінің осы сапарына айрықша мән беретінін, өйткені, Еуразия өңірінде негізгі рөл атқаратын Қазақстан экономикалық ынтымақтастықта маңызды серіктес болып саналатынын атады. Бүгін біз 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған сәттен бастап барлық салада жүйелі дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастарды жаңа, әлдеқайда тиімді және болашаққа межеленген деңгейге алып шығуға уағдаластық. Мен бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастарымыздың даму бағыты мен түрлі саладағы практикалық ынтымақтастықтың нақты шараларын айқындап, екі елдің өзара ықпалдастығының даму үдерісінде «нұсқаулық» рөлін атқарады деп үміттенемін, деді Пак Кын Хе.
Оңтүстік Корея Президенті екі ел бір-бірін өзара толықтыратын экономикалық құрылымға ие екенін атап өтті. Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы бүкіл тарихымыздағы рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан Корея инвестициясының Орталық Азиядағы ірі нарығы болып саналады. Біз бірлескен үш үлкен жобаның – Балқаш ЖЭС-і құрылысының, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің, «Жамбыл» кеніші игерілуінің жүзеге асырылуына қатысудамыз. Сонымен қатар, біз Теңіз кен орнында өндіріс аясының кеңейтілуі тәрізді жаңа жобаны ілгерілетудің көзделіп отырғанын да қолдаймыз, деді Корея Президенті.
Пак Кын Хе ынтымақтастықтың жаңа пішінін әзірлеу жөнінде келісімге қол жеткізілгенінен, оның аясында синергиялық нәтижені пайдалану үшін ресурстар мен технологиялар біріктірілетінінен хабардар етті. Біз инфрақұрылымдық құрылыс, ғылым мен технология, орман шаруашылығы мен экология сияқты салалардағы ынтымақтастық аясын кеңейте отырып, екі елдің бірлесе дамуына және Қазақстан экономикасын әртараптандыруға үлес қосу жөнінде келісімге келдік. Біз екі елдің болашаққа межеленген қарым-қатынасы үшін мәдени-гуманитарлық салаларда тәжірибе алмасуды жандандырып, бастапқы кезеңде инвестициялық кедергілерді азайту маңызды екені жөнінде ортақ пікірге келдік, деді ол.
Пак Кын Хе Корея Республикасы Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі ұмтылысын қолдайтынын айтып, бұл екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттыра түсетініне, ал біздің еліміздің әлемдік экономика дамуына бұдан да мол үлес қосатынына деген сенімін білдірді. Сөзінің соңында ол осы сапар өткен жиырма жыл ішінде қалыптасқан сенімді қарым-қатынастар әлеуетінің бұдан әрі дамытылуына айтарлықтай серпін беретінін атап өтті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.