Астанада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен тұңғыш рет аударыспақтан Азияның ашық чемпионаты өтті.
Байрақты бәсекеге Қазақстаннан бөлек, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан, Түркия елдерінен 33 спортшы қатысты. Чемпионат 70 кило, 90 килоға дейінгі және 90 килодан жоғары салмақ бойынша өтті. Жарыс соңында жүлде алған білекті жігіттер абсолютті чемпиондық үшін таласты.
Жарыстың ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сөз алып, ұлттық спорт түрлерімізді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ат үстінде күресе білу үшін спортшыдан атты жақсы меңгерумен қоса, үлкен күштілік, ептілік, төзімділік пен байсалдылық талап етіледі. Партия басшыларының бірі осыны айтты. Ал сайыс үш айналым бойынша өтті. Оның бірінші айналымында, яғни 70 кило салмақта бақ сынасқан 8 елдің балуандары жеңіске жету үшін барын салып, намысқа тырысты. Нәтижесінде бірінші орынды қазақстандық Ермек Жәпішев жеңіп алды. Оған 1 000 000 теңге берілсе, екінші болған Қытай елінің сарбазы Ақат Қуанышқа 700 000 теңге, үшінші орын иегері қырғызстандық Қадыбек Бузурманкулулына 400 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Көремендердің көңілі сергіп, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап отырған кезде, бас төреші Рамазан Сәттібаевтың нұсқауымен екінші айналым қатысушылары жарысты бастауға сақадай-сай тұрды. Төреші тарапынан белгі берілген бойда, жарыс басталып кетті. 90 кило салмақта 9 елдің спортшылары үшін бұл кезең біраз қиындықтар туғызды. Жоғары дайындықпен келген спортшылардың бір кілемде тоғысуы жарыстың тартысты өтуіне себепші болды. Аламанның соңы жанкүйерлерді тағы да қуантты. Қарсыласын таза жеңіспен жеңген Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Сырым Ізбасаров жеңіс туын көк аспанға желбіретіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды моңғолиялық Нұрболат Ережеп алса, үшінші орынға қырғыз елінің өкілі Кумушбек Қыдыралиев орналасты.
Ал 90 килодан астам салмақта бас жүлдені Біржан Қосалиев жеңіп алды. Біржан аударыспақтан Қазақстан чемпионы. Финалда ол қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермей, 10 секундта жеңді. Жарыс соңында оған абсолюттік чемпион атағымен бірге «Алтын белбеу» табыс етілді.
Сөйтіп, күні бойы Астананың маңындағы «Қазанат» атшабарында жалауы желбіреген жарыс өте жоғары деңгейде өтіп, жанкүйерлердің бас бармақпен берген бағасын алды. Чемпионаттың жабылу салтанатында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан аударыспақтан келесі ІІ ашық Азия чемпионаты Қытайда өтетінін хабарлады.
Рәбия КЕРІМБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.