Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Заң жобасына қатысқан сарапшылар кеңесі қаржы жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай қадам жасалғанын ашық айтты. Отандық майнерлердің басым көпшілігі өз қуатын шетелдік пулдарға біріктіріп келгендіктен, уәкілетті органдар цифрлық бассейндердің нақты табысын айта алмаған-ды. Енді цифрлық майнинг тек аккредиттелген тау-кен бассейндерінде ғана жүргізіледі, бақылауға да мүмкіндік ашылды. Сарапшылар цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеу отандық майнерлердің нақты табысын толық баяндауға және оларға қатысты салық салу нормаларын қолдануға мүмкіндік беретінін айтып отыр.
Бірер жылдан бері цифрлы активтер туралы мәселе көптің талқысында болғаны белгілі. Өткен жылдың соңғы аптасында Парламентте Үкімет пен Ұлттық банктің осы мәселеге қатысты ұстанымы әзірше өзгермейтіні, криптовалютаға сенбейтіні, криптовалютамен табыс тауып жүрген адам биржада тіркелуге міндеттелетіні айтылды. Солардың бәрін отандық биржаларға ауыстырудың нәтижесінде айырбастау операцияларының ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланған. Заң жобасының Мәжілістің қарауына келіп түсуінің өзі қоғамда екі ұдай пікірдің қалыптасуына себеп болды.
Криптоавктив тәрізді виртуальды актив түгілі қаржылық сауаттылықты дұрыс меңгере қоймаған біздің ел үшін бұл жаңалық «батысым шығыс болып кеттімен» бірдей болды. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева журналистермен кездескен кезде нормативтік-құқықтық актіні әзірлеу қажеттігі екі себепке байланысты туындағанын түсіндіріп берді. Алғашқы себеп – ел аумағында цифрлық майнингті реттеу қажеттігі.
– Цифрлық майнингті заңдастыру мен криптовалюта өндірушілердің қызметін одан әрі нақты реттеудің болмауы энергия шығынына, бақылаудың босаңсып кетуіне алып келді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, цифрлық майнинг саласындағы қызметтің басталғаны туралы хабарлау тәртібі ерікті болып саналады, Цифрлық даму министрінің бұйрығымен реттеледі, – деді Е.Смышляева.
Оның айтуынша, криптовалютаны заңды өндіру индустриясы Қазақстан үшін ауқымды инвестициялық сала болып саналады және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етіп, IT-саласының дамуына ықпал жасайды.
– Екінші себеп – криптовалюталық экожүйе құру. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда қамтамасыз етілмеген сандық активтердің, яғни криптовалюталардың айналымына тыйым салынған. Майнинг пен ілкі жоба аясындағы криптобиржа жұмысын қоса алғанда криптовалюталармен жасалатын барлық операция тек Халықаралық қаржы орталығында жүзеге асырылады, – деген еді Е.Смышляева.
Сәуірден бастап айналымға енген заң бойынша майнерлер 2024 жылдан бастап табыстың 75 пайызын отандық криптобиржаларда айырбастауға міндеттеледі. Олардан қолданыстағы салықтан бөлек сыйақысына қосарланған құн салығы, майнинг пулдың табыс салығы, сондай-ақ криптобиржадағы операциялар үшін төлем алынады.
Қазіргі жоспар бойынша криптобиржалар мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады. Майнингке қажетті құрал-жабдықтардың реестрі де енгізіледі. Соның нәтижесінде Қазақстанда жеткізілетін құрал-жабдықтар бақылауға алынады.
Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының төрағасы Сапар Ахметов аталған салада жұмыс істейтін отандық компаниялардың да айтарлықтай қиындықтарға тап болғанын айтты.
– Дегенмен, биыл біз оң үрдістерді байқап отырмыз. Мемлекет саланың даму үрдістеріне түсіністікпен қарайды. Бұл әуелі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобаның алғышарттары. Біздің қауымдастық Үкіметпен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен жұмысты биыл да жалғастырады, – деді ол.
С.Ахметов қауіпсіздік мәселелерін ескере және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жасауға жағдай жасай отырып, Қазақстанда криптовалюта айналымын енгізу қажет деп санайды. Қауымдастық өз тарапынан білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды қарастыра бастады. Себебі нарықта криптотрейдерлер мен алаяқтардың көбеюіне байланысты азаматтарды сауаттандыру қажет.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Электронды өнеркәсіп және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаменті директорының орынбасары Ғизат Байтұрсынов Парламент отырысында осы сектордың басты мәселелерін шешуді көздейтін цифрлық активтер туралы заң қабылданғанын еске салды. «Көптеген елдерде криптовалюталар төлем құралы ретінде қолданылады. Бізде оған Ұлттық банк әлі дайын емес, дегенмен болашақта жетеміз деп ойлаймын», дейді ол.
Оның айтуынша, майнинг секторының проблемасы – табыстың қомақты бөлігінің «көлеңкелі сипатқа» ие болуы. Олардың табысының қанша екені, айлық жалақысының да мөлшері туралы ақпараттар жоқ. Тіпті Мемлекеттік кірістер комитетінде бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат жинақталмаған. «Майнинг иелерінің басым көпшілігі электронды әмияндарының кілтін шетелде ұстады. Тіпті криптовалютаны да шетелге асырумен айналысты. Себебі Қазақстанда онымен сауда жасайтындар аз, активтің бұл түрі бұқаралық сипатқа ие болған жоқ», дейді Ғ.Байтұрсынов.
Оның айтуынша, майнинг бассейндерін аккредиттеуді енгізу енді заңдастырылды. Сол бойынша әрбір майнинг иесінің кірісі туралы мәліметтердің басы ашық, бұл оларға салық салу үдерісін жеңілдетеді.
Қазақстандағы блокчейн және деректер орталығы индустриясы қауымдастығының вице-президенті Сергей Путра заң жобасы күшіне енгеннен кейін цифрлық майнинг саласы елдегі ең ашық салаға айналатынын айтты.
– Әлі де болса нақтылап алатын тұстар баршылық. Криптовалюта – цифрлы актив болғандықтан, кез келген мәмілеге салық салынуы тиіс. Бірақ әлемде келісімшарттардың мұндай түрлері салықтан босатылған. Мұндай сәйкессіздіктер Қазақстанның криптоэкожүйесіне белгілі бір шектеулер қоюуы мүмкін. Біз заңнамалық тұрғыдан шоғырландыру және мұндай операцияларды қосымша құн салығынан босату қажет деп ойлаймыз, –дейді С.Путра.
Сарапшы энергиямен қамту мәселесін де айтып өтті. Оның пайымдауынша, бұқаралық ақпарат құралдарында цифрлық майнинг өндірісі энергетикалық жүйемізге төніп тұрған қауіп деп қарайтын көзқарас қалыптасқан.
– Мұның негізсіз екенін, елімізді энергетикалық дағдарыстан алып шығатын күш майнинг қана екенін осы саланың мамандары ғана біледі. Цифрлық майнингтер электр энергиясын тұрақты кестеде, жоғары бағамен тұтына алады. Олар дебиторлық берешекке жол бермейді. Бұл оларға электр энергиясын сататын электр стансаларын жоспарлы жөндеу мен жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қазақстанда жұмыс істеген майнерлердің 70 пайызы елден кетіп қалды, олардың кетуімен электр энергетикасы секторына төніп тұрған қауіп сейілген жоқ. Сол себепті дәстүрлі энергетикалық жүйе мен майнинг жүйесіне қатар өмір сүруден өзге жол жоқ, – деді ол.
Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов елге заңды, заңсыз жұмыс істейтін майнерлер қаптап кіргендіктен, экожүйеде басы артық энергия көздері қордаланып қалған кездер болғанын еске түсірді. Бірақ арада екі жыл өткенде қалыпқа келіп, кей өңірлерде тапшылық сезіле бастаған. Мұндай бей-берекетсіздікке көлеңкелі жолмен табыс табуға үйренген майнерлер себеп болған.
– Саладағы тапшылық майнинг өндірушілердің сыртқа кетуімен басталды. Энергетиктер электр энергиясын тұтыну балансының деңгейін 5-7 жыл бұрын алдын ала болжай білуі керек. Бірақ 2020 жылдары майнинг өндірушілердің елге келуі осы саладағы үйлесімділікті бұзды, электр энергиясы артық өндірілді. 2021-2022 жылдан кейін ғана тапшылық сезіле бастады. Бұл мәселеге барынша салқынқанды көзқарас керек. Біз қиялдағы немесе жоспардағы дүние емес, нақтылыққа, мүмкіндігімізге ғана сенуіміз қажет. Нарықта энергияға деген сұраныс уақыт өткен сайын өсіп келеді. Майнинг стансалары, зауыттар пайда болып жатыр. Бірақ біз ертең көмір мен газдың қайсысының бәсі басым боларын білмейміз. Ұлттық экономика министрлігі төмен көміртекті даму стратегиясын, стансаларды жаңғыртуды қарастыратын Экологиялық кодексті әзірлеп жатыр. Осы ретте шағын электр стансаларды көптеп алу керек. Елде энергия тапшылығын сездірмейтін тетік осы ғана, – дейді Т.Темірханов.
АЛМАТЫ