Бұдан бөлек министр Талдысай ауылындағы шағын жинақталған мектепте болып, мұнда жүзеге асырылып жатқан Bilim-all бірегей жобасымен танысты. Жобаның мәні – шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын арттыру. Мәселен, бұрын осы мектепте бір мұғалім 5 пәннен сабақ берген кездер де болыпты. Бұл білім сапасына тікелей әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Енді аталған жобаның нәтижесінде оқушылар арнайы таңдалған пәндерден кейбір сабақтарға онлайн режімде қатыса алады. Бұл ауыл мұғалімдері жұмыссыз қалады деген сөз емес. Олар өз пәндерін оқытуды жалғастыра береді. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыруға көмектесіп, тәлімгер қызметін атқарады.
– Бұл өте маңызды әрі ерекше жоба. Біз оны масштабтау үшін жоғары сапалы интернет қажет екенін түсініп отырмыз және бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешуге бар күшімізді саламыз. Бүгінде интернет су, жарық, газ сияқты қажеттіліктердің қатарына қосылды. Ақтөбе облысының билігімен бірлесе отырып, әр ауылға интернет тарату жолын қарастырып жатырмыз, – дейді Бағдат Мусин.
Сапар барысында Цифрлық даму министріне ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерді жаңғырту жобасы көрсетілді. Жақында ауыл фельдшерлеріне онлайн диагностика үшін инновациялық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған арнайы рюкзактар берілген. Барлық дерек тікелей облыс орталығына беріліп, білікті мамандандырылған дәрігерлер науқастың жағдайын онлайн көріп, одан әрі емдеу тәсілдері туралы шешім қабылдауға мүмкіндік алды.
Биыл Ақтөбе облысында 60 елді мекенді интернет желісіне қосу жоспарланып отыр. Бұл өңірде 315 ауылдық елді мекеннің 213-і кең жолақты байланыспен қамтамасыз етілген.
– Осы жылдың негізгі бағыты – өңірлерді технологиялық тұрғыдан дамыту. Өткен жылдың соңында министрлік Samsung компаниясымен бірлесіп Samsung Innovation Campus бағдарламалау мектебін ашты және одан әрі IT-салада адами капиталды дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда. Биыл Astana Hub-пен бірлесіп жергілікті IT-хабты ашуды және Ақтөбе облысының тұрғындары үшін TechOrda бағдарламасы аясында IT-саласында тегін білім алуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарламалау мектептерін ашу бойынша жұмыстар жоспарланған, – дейді министр.