Орталық коммуникациялар қызметінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметовтің қатысуымен брифинг өтті.
Күні кеше Ақордада Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтіп, онда 201 адамның «Болашақ» стипендиясын иеленгені айтылған еді. Бұлар осы жылдың бірінші кезеңінде құжат тапсырып, шет мемлекеттерге оқуға және тағылымдамаға жіберілетін стипендиаттар екен. Ал жаңа жылға дейін әлі де қорытынды шығуы тиіс. Бұл туралы брифингте Ғ.Нығметов былай деді: «Біздің азаматтарға 201 стипендия тапсырылды. Оның 50 пайызы магистратураға болса, 50 пайызы тағылымдамаға тиесілі. Ал ендігі байқаудың кезеңі маусым айының соңынан шілденің соңына дейін жалғасады. Осы аралықта біз құжат қабылдаймыз. Тамызда кезекті отырыс өтіп, стипендиаттар белгілі болады. Биылғы жылға 1100 стипендия белгіленген. Әлі 800-ден аса стипендия тапсырылады».
Жаңа бастамалардың арқасында «Болашақ» бағдарламасының жылдан-жылға көркейіп келе жатқаны белгілі. Бүгінде талабы бар, білімі зор кез келген жастың осы бағдарлама арқылы оқи алатынына куә болып жүрміз. Тіпті, биылғы жылы бағдарлама тетіктерінің жетілдірілгені соншалық, «Болашақ» арқылы шет мемлекеттерде оқығысы келетін жастарға Астанаға не Алматыға келіп сабылмай-ақ, жергілікті жерлердегі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан «e.gov» жүйесі арқылы құжаттарын жіберуге мүмкіндік жасалған. «Бағдарламаға «e.gov» жүйесі арқылы аймақтардан құжат тапсырушылардың саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті», деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті.
Жалпы, бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – елдің индустриялық-инновациялық әлеуетінің артуына өзіндік үлес қосу екені белгілі. Сол үшін инженерлік-техникалық бағыттағы мамандықтарға басымдық берілетіні де рас. Бірақ, биылғы жылы үміткерлерді іріктеуде біршама өзгерістер де бар екен. Мысалы, осы жылы шет елдерге магистратураға түсу үшін мәдениет саласының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері де құжат тапсыра алады. Олардың ағылшын тіліне дайындалуы үшін арнайы бағдарлама жасалған. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – докторантураны оқытуда split PhD жүйесі енгізілген. Яғни, ғылымды таңдаған жастар бұрынғыдай 4-5 жыл шетелде жүрмейді. Екі жыл өз елімізде білім алса, екі жыл шет елде оқиды. Оны бітірген соң докторант екі диплом алады. Ғ.Нығметовтің айтуынша, ол бағдарлама биыл Назарбаев Университетінде жүзеге асырылуда, ал келер жылдан бастап еліміздің басқа да жоғары оқу орындарын қамтымақ.
Брифинг барысында Ғ.Нығметов мемлекетіміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына арнап мамандар даярлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп, ақпараттық технологиялар саласы бойынша Калифорнияда 100 техникалық маман дайындау жобасы әзірленуде. Бүгінде әлемнің 30 елінде техникалық мамандықтар бойынша 800-ден астам адам білім алады. Жалпы, алдағы 3 жылда 3,5 мыңдай техникалық маман дайындау көзделуде», деді ол. Ол, сондай-ақ, шетелде тағылымдамадан өтуге қатысты да ақпараттармен бөлісті.
«Бейінді мемлекеттік органдардың, өндірістік кәсіпорындар мен ұйымдардың инженер-техникалық қызметкерлері шетелдік жетекші мекемелерде біліктіліктерін жетілдірудің бірегей мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінгі таңда АҚШ-та, «ColoradoSchoolofMines» мекемесінде «Кен ісі» мамандығы бойынша бес адам тағылымдамадан өтуде. 10 стипендиат Берлин технологиялық университетінде «Энергетика менеджменті» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтуде, алдағы уақытта осы оқу орнында тағы 4 стипендиат оқуға келеді. Сондай-ақ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өтінімі негізінде 19 адам «Машина жасау» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті», деді ол.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті таяуда Майамиде (АҚШ) өткен үлкен конференцияда «Болашақ» бағдарламасын халықаралық сарапшылардың үздік бағдарламалар қатарында атағанын да айтып өтті. Әлемде «Болашаққа» ұқсас 11 ғана бағдарлама бар. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның қолданып жүрген моделін ең тиімді және халыққа қолжетімді, жан-жақты ойластырылып жасалған деп бағалаған және еліміздің бұл бағдарламадан өзге елдерге қарағанда анағұрлым нәтижелі жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын баяндаған. Айта кетейік, бағдарлама іске қосылған 1993 жылдан бастап бүгінге дейінгі аралықта 6954 адам «Болашақ» түлегі атанған болса, қазіргі кезде әлемнің бірқатар дамыған елдерінде 2092 адам осы бағдарлама бойынша білім алуда.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».