Бизнес • 14 Ақпан, 2023

Талпынған жан табысты

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта халықтың әл-ауқатын арттыруға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Өңірде өз кәсібін дөңгелетіп, алға ұмтылуға ынтыққан 200-ден аса адам грантқа ие болды. Бір жақсысы, мұндай тәуекелге бел буған адамдардың басым көпшілігі ауылдық жерден.

Талпынған жан табысты

Жатыпішер жалқауға бүй­регі бұрыла қоймайтын қатал нарық­тың талабы әншейінде Тәңір өзі жарылқайдыны көп айтатын кеңқолтық ауыл адамдарын да қалып­қа түсіре бастады. Жалғыз мал сүмесімен күн көру – қиынның қиыны. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп жан бағатын заман келмеске кеткен. Қазір көп­ші­лік қолы қимылдаса, аузы қи­мыл­дайтынды түсініп, тырбанып тіршілік ете бас­тады. Бір жақ­сысы, тақа масылдық меңдеп кетпесе, алға ұмтылғанды қос қол­тығынан періштедей же­бейтін мемлекеттік қамқорлық шаш­етектен. Ауыл адам­дары да кәсіп үйреніп жатыр. Шарапаты да аз емес. Несібе өздеріне ғана емес, бірге қанаттасып жұмыс істейтін ауылдас­тарына да бұйыратын түрі бар. Күні кеше жұмыссыз адам бүгін жұмыс берушіге айналған.

Шалғайдағы Жаңақима ауылы­ның тұрғыны Тілектес Тұрлыбекова білім ошағында отыз жылға жуық технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Күндердің бір кү­нінде бизнеспен айналыссам деген үміттің жанына байыз тап­тыр­мағаны. Қолғанаты – қызы. Сенері де сол. Көз көріп, қол жат­тықпаған соң, күмән да аз болмайды екен. Әуелі өз ісін енді бастайтын болашақ кәсіпкерлермен бірге арнайы курстарда оқыды. Оңы мен солын таразы басына тартты. Қолына қайтарымсыз грант тигеннен кейін тігін машинасын сатып алып, бөлмесін жабдықтады.

– Ел іші болған соң сұраныс болады, – дейді кәсіпкер Тілектес Тұр­лыбекова, – біздің ісімізден құлақ­танғаннан кейін ауылдастар келе бастады. Біз төсек жабдықтарын, көрпе, әртүрлі әдемі перделер тіге­міз. Құрақкөрпе тігіп берші деп өті­ніш айтатындар бар. Киім тігуге тапсырыс түсе бастады. Ең бастысы, адал жұмыс істеу әрі қызметтің қол­­­же­тімділігін де ойлағанымыз жөн.

Жергілікті жұрт жақсы іс жайлы бірден құлақтанған. Пысық келін­шектер біздің кейіпкеріміз тәрізді өз ісін ұйымдастыруға бейілді. Осы ауылдың тұрғыны Айман Сүме­нованың айтуына қарағанда, тігін­шілікке бел буып отырған жайы бар. Алғашқы табысты іс шағын ауыл­да екі қолын алдына сыйғыза ал­май отырған жастарға кәдімгідей ой салған. «Кім білген, бұлай да табыс табуға болады екен ғой», деп таңданысады олар. Ауданда мемлекеттік гранттың көме­гімен 10 адам өз бизнесін дөң­гелетіп отыр. Олар автокөлік жөндейтін орталық, тігін цехы, жылыжай ашқан. Тіпті ағылшын тілін оқытатын мектеп те пайда болыпты. Дәтке қуаты, өз кәсібіңді ашып, өз қолыңды өз аузыма жеткіземін деп ұмтылғандардың арасында мүм­кіндігі шектеулі адамдар да бар.

– Әр жыл сайын бизнес ашуға берілетін грант көлемі ұлғайып ке­леді. Алғашқы жылдары 15-20 млн теңге көлемінде болса, өткен жы­лы 130 млн теңге бағытталды. Биыл 180 млн теңге берілмек. Жергілікті бюджеттен қосымша 100 млн теңге қарастырылып отыр, – дейді об­лыс­тық Кәсіпкерлік және туризм басқар­масының басшысы Ербол Оспанов.

Шынында да, өз ісін бастаймын дегендерге көп-көрім көмек. Бір айта кетерлігі, болашағы бар бизнес-идеялардың ішінде ең ұтымдысы сараланады екен. Тиімді істің тігісі қашанда жатық болады емес пе?

 

Ақмола облысы

Жақсы ауданы