Қазақстан • 14 Ақпан, 2023

Көптің көмегі – бауырластық борышы

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Түркияға қосымша гуманитарлық көмек жібереді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Ресми көмектен бөлек ел тұрғындары жер сілкінісінен зардап шеккен түрік ағайындарға үш миллион долларға жуық қаржы жинап берді.

Көптің көмегі – бауырластық борышы

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жер сілкінісі болған аудандардағы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шатырлар, жы­лытқыштар, жылы киім­дер және басқа да тұрмысқа ең қа­жет­ті заттар жіберіледі.

Түркиядағы зілзала болғаннан бері еліміздегі еріктілер, белсен­ді­лер гуманитарлық көмек ұйым­дас­ты­рып, қаржылай қолдау көр­сетіп жатыр. Түркияның Қа­зақ­стандағы Елшілігі жиналған қаржы бо­йынша мәлімдеме жасап, қазақ жұртына алғыс айтты.

«Қазақстанда соңғы 3 күнде жер сілкінісінен зардап шек­кен­дерге көмек көрсету шотына жиналған 1 млн 28 мың 706 доллар көлеміндегі қара­жат AFAD-тың ресми шотына ауда­рылды. Осылайша қайы­рым­дылықтың жалпы сомасы 2 млн 849 мың 836 долларды құ­ра­ды», делінген Елшіліктің ресми хабарламасында.

Сондай-ақ Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі еріктілер тарапынан жиналған көмектің есебін жария­лады.

– Ұлттық волонтерлер желісі Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің үйлестіруімен азаматтардан 80 млн теңге жинады. Біршама керек-жарақ Қазақ­стан­да­ғы Түркия Елшілігіне тапсырылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Қиналғанға қол ұшын созған барлық волонтерге алғыс айтамыз, – деді министр.

Ал Түркияға киіз үй жеткізуді алғашқы болып қолға алған, бастама көтерген журналист, белсенді Нұрбек Бекбау халық қаражатына сатып алынған жүзден астам киіз үйдің басым бөлігі Түрік еліне енді жеткізілгенін айтты. Отан­дас­тарымыз қазір Қахар­ман­мараш қаласында зардап шеккен ха­лыққа көмек көрсетіп жүр.

– 90-ға жуық киіз үйді тиеп ап, көп күткен ұшағымыз келе жатыр. Картаға қарап, бағып отырмыз. Сағат 13:00-де Аданаға қонғаннан кейін жүктерді Қахарманмарашқа алып келеміз. Қырғыз бауырлар бізден бұрын боз үйлерін әкеп, тігіп қойды. Неге олар бірінші болды? Өйткені біздер киіз үй сатып алуға жылу жинай бастағанда қырғыз депутаттары президенттеріне «Біз де 100 киіз үй апарайық» деген ұсынысын айтты. Президенттері бірден тапсырма беріп, арнайы ауыр ұшақ дайындатып, оған киіз үйлерді тиеп, Түркияға әкеле қойды. Ал біз ше? «100 киіз үй» нау­қа­ны­ның басы-қасында жүр­ген топ – қарапайым азаматтар. Бірақ басқалар мемлекеттік деңгейде қолға алған шаруаны біз 3-4 адам болып-ақ атқардық, – деді Нұрбек Бекбау.

Журналистің айтуынша, киіз үйлер сатып алуға қажетті қар­жы тез жиналғанымен, оларды жеткізу оңай болмапты.

– Ұшақ мәселесі кәдімгідей қиындық тудырды. Алғашында Air Astana әуе компаниясына хабарласқанымызда обалы не керек, «үлкен жүк ұшағымыз жоқ» деп жағдайды айтып түсіндірді. ТЖМ «Киіз үйлерді тек ақпанның 20-ларында әкете аламыз. Сол кезде, министрліктің сарбаздарын әкетуге барамыз. Ұшағымыз бос кетпес үшін, тиеп алып кетейік», деді. Бұл тым кеш болар еді. Содан «Turkish Airlines»-қа Карго ұшақ берсеңіздер» деген өтінішпен шықтық. Келісім бойынша олар жұма немесе сенбі күні киіз үйлерді тиеп, әкелуі керек болған. Бірақ біз қатардағы азаматтармыз. Мемлекеттік деңгейдегі шенеунік емеспіз. Сондықтан «Turkish Airlines» Түркияға шұғыл зат әкелу керек болып, әлемнің әр бұрышына Каргосын айдап кетіп жатты. Бізге «қолы тимей кетті». Егер біздің жүкті Түркияға жеткізу мәсе­лесі мемлекеттік деңгейде қол­ға алынса, сенбі күні ақшаңқан қазақ үйлері осы жақта жайнап тұрар еді. Бар себеп осы ғана, – деп жағдайды түсіндірді белсенді.

Al Jazeera ақпарат агенттігінің соңғы ақпараты бойынша, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 36 мыңнан асқан. Түркияда 31 643 адамның мәйіті табылса, Сирияда 4 614 адамның қаза болғаны расталды.

Сирия президенті Башар Асад БҰҰ-ның Сирияның солтүстік-баты­сындағы көтерілісшілер бақы­лауындағы аймақтарға Түр­киядан тағы екі шекара өткелі арқылы көмек жеткізуге рұқсат беруге келісті. БҰҰ мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Сирияда 5,3 млн-ға жуық адам баспанасыз қалуы мүмкін.