Қоғам • 15 Ақпан, 2023

Негізгі тақырып – өңірлердегі әйелдер мәселесі

306 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының өткен жылғы жұмысы қорытындыланған жиыны өтті. Онда Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметіне жасалған мониторинг нәтижелері жарияланды.

Негізгі тақырып – өңірлердегі әйелдер мәселесі

Отырыс барысында ұлттық комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева өткен жылдың ұлттық комиссия үшін сапалы өзгерістер, жұмыстың трансформациялануымен ерек­шеленгенін атап өтті.

– Комиссия құрамы жаңар­тылды. Біз ұлттық комиссия­ның жауапкершілік аймағына кіретін мәселелерді шешу үшін шоғырландыруды және азаматтық қоғамды тереңірек тартуды мақсат еттік. Барлық бағыт бойынша жұмыс биыл да күшейтіледі. Өңірлерге ерекше назар аударылады. Осы тұрғыда бірқатар әлеуметтік маңызы бар жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп іске асырылады, – деп атап өтті А.Балаева.

Ұлттық комиссия төраға­сының орынбасары Ләззат Сүлеймен 2022 жылдың негізгі қорытындылары туралы сөз сөйледі. Ұлттық комиссияны жаңғырту қызметі барлық бағыт бойынша серпін берген. Атап айтқан­да, әлеумет­тік-демографиялық даму, әйел­дердің экономикалық және сая­си мүмкіндіктерін кеңейту, балалардың қауіпсіздігін, құқықтары мен заңды мүдде­лерін қамтамасыз ету, гендерлік саясат және халықаралық ынты­мақтастық.

Ұлттық комиссияның са­рап­тама­лық-талдау функция­ларының блогі күшейтілді. Проб­лемаларды кешенді талдау, өңірлік ерекшеліктерді баға­­­лау және отырыстарға ше­шім­дер әзірлеу үшін комиссия мүшелерінің өңірлерге сарапшылармен бірлесіп шығу тәжірибесі енгізілді. Бір жыл ішінде комиссия үйлестіретін құрылымдар нығайтыл­ды. Атап айтқанда, өңірлерде балалар құқықтары жөніндегі уәкілдердің лауазымдары енгізілді, отбасын қолдау орталықтары ашылды.

Президенттің мемлекет қатыса­тын компаниялардағы басшы­лық лауазымдарындағы әйелдер үлесінің 30% болуы туралы тапсырмасы шең­берін­де нормативтік-құқық­тық акті­лерге өзгерістер енгізілді. Отба­сылық-гендер­лік мәселелермен айналысатын 500-ге жуық ҮЕҰ-ны қамти­тын серіктестік желімен сындар­лы диалог орнатылды. Цифр­лан­дыру саласында да әйелдер­дің мүмкіндіктерін дамыту мәсе­лелері қамтамасыз етілді. «Technowomen» қауым­дас­тығы­мен және «BTS Education» компа­ни­я­сымен бір­лесіп элек­трон­дық коммерция мектебі ашыл­ды және халықаралық және қазақ­стан­дық электрондық алаң­дар­да сатуды оқыту бойынша 1 400 қазақ­стандық қолөнершіге арналған тегін курстар өткізілді.

Ана мен бала өлімі, кәмелетке тол­мағандар арасындағы суи­цид бо­йынша қабылданып жатқан алдын алу шараларының нәтижесінде, осы сала­лардағы жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді. 2022 жылдың қорытын­дысы бойынша ана өлімі көрсеткішінің 2,6 есеге, сәби өлімінің 3%-ға төмендеуі байқалады. Кәмелетке толма­ғандар арасындағы суицид саны 2022 жылы – 11, суицидке әрекет ету 17 пайызға азайды. Халықаралық ұйымдармен, ең алдымен, БҰҰ, Еуропа және Орталық Азия елдерінің құры­лымдарымен жемісті өзара іс-қимыл жасалды.

Сондай-ақ жиында өңірлік комис­сиялардың қызметіне мониторинг жүр­гізу нәтиже­лері бойынша ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко сөз сөйледі. Ал ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева: «Жаңғырту нәтижесінде өңірлік комиссиялардың құрамындағы азаматтық қоғам өкілдігі 40-тан 60 пайызға дейін жаңартылды. Бұл халықтың мақсатты топтарымен жұмыс істейтін қоғамдық пікір көшбасшылары, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері», деп атап өтті.

Мұнан кейін ұлттық комиссия басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, әкімдіктерге тапсырма бере отырып: «Мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс арқылы отба­сы­лық және гендерлік сая­сат жобаларына қаражатты дұрыс бөлу бойынша мақсатты жұмыс­ты қамтамасыз ету қажет. Бала­лардың қауіпсіздігіне, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ауыл әйелдерінің эко­но­микалық мүмкіндіктерін кеңей­туге қатысты мәселелерді шешу бойынша жобаларды қолдау қажет. Қаражатты тиімді жұмсау мәселесі үнемі бақылауда болуы керек», деп атап өтті.

Ұлттық комиссияның отырысына сарапшылар қоғам­дас­тығының өкілдері, өңір­лер әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатыс­ты. Отырыс соңында ұлттық комиссия төрағасы А.Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.