20 Маусым, 2014

Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы

439 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында академия ректоры Б.С.Әбдірәсіловтің төра­ғалығымен Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы өтті. Мақсаты – Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде мемлекеттік қызмет­шілерге тілдік білім берудің өзекті мәселелерін талқылау. Кеңес жұ­мысына Парламент депутаттары, Пре­зидент Әкімшілігі мен орталық мем­лекеттік басқару органдарының тілге жауапты қызметкерлері қатысты. Ғылыми кеңесте мемлекеттік қызмет­тегі тілдік біліктілікке қатысты мынадай мәселелер талқыланды: мемлекеттік қызмет­шілердің тілдік құзыреттілігін арттыратын Тіл орталықтарының әдіс­на­масы, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тілдік білімді бағалау мәселелері. Сонымен қатар, акаде­мияның мемлекеттік қызмет­­шілерді оқыту бойынша жинақ­таған тәжі­рибесі, оқыту технология­лары, мо­ни­торингтік нәтижелері баяндалды. Орталық мемлекеттік басқа­ру орган­дарындағы тілдік мәсе­лелер бойынша жасалған баян­да­малар мемлекеттік тіл қолданы­сы­ның ағымдағы жағдайы мен проблемаларын талқылауға шы­ғарды, негізгі проблемалар зерде­леніп, ортақ ұсынымдар берілді. Ғылыми кеңестің негізгі ұсы­нымдары: мемлекеттік қыз­мет­шілердің тілдік құзы­реттілігін біліктілікті арттыру семи­нарлары арқылы көтеру, семинар тақы­рыптары мемлекеттік қызмет қажет­ті­лігін қамтамасыз етуі тиіс, мәселен, ресми тақырыптарда көпшілік алдында сөй­леуді, өзекті мәселелер бойынша ресми стильде жазуды, нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс істеуді, ілеспе аударма жасауды игерту. Сондай-ақ, қазақ тілінде заң мәтінін құрастыру туралы пікірлер ортаға салынып, мем­ле­кеттік қызмет барысында жиі қол­данылатын терминдердің салалық сөздіктерін жасаудың өзектілігі нақтыланып, Ғылыми кеңестің төрағасы тарапынан қолдау тапты. Ғылыми кеңестің негізгі ұсы­нымдары Президент Әкім­шілігіне, мемлекеттік орталық орган­дарға, мемлекеттік тілді оқыту орта­лықтарына жолданады. «Егемен-ақпарат».