Олимпиада «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасымен прокторинг жүйесін қолдану арқылы республика бойынша бір мезетте басталды. Оның аудандық кезеңі 30 қаңтар – 3 ақпан аралығында өтті.
Астана қаласы бойынша 3 205 бала қатысты. Қалалық кезеңге ең көп ұпай жинап, жүлделі орындарға ие болған 1 220 бала өтті. Оған дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептермен, республикалық және халықаралық олимпиадаларының жеңімпаздары қосылғанда барлығы 1 582 оқушы қалалық кезеңге қатысып жатыр.
«Мектеп оқушыларының интеллектуалдық дамуына бағытталған көптеген жұмыс әдістерінің ішінде пәндік олимпиадалар ерекше орын алады. Мұндай пәндік олимпиадаларды өткізудегі негізгі мақсатымыз жас зияткерлерді анықтап, оларға қолдау көрсету. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары сапалы өнер көрсету үшін олимпиадалық резервті қалыптастыру. Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде бақтарын сынайтын елордалық оқушыларға сәттілік тілеймін!», деді қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша шара соңында қатысушылардың жұмысы шифрланады және тексеру үшін қазылар алқасының мүшелеріне жіберіледі. Әр кезең аяқталғаннан кейін қатысушылардың жұмыстары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының сайтында орналастырылады.
Олимпиада 13-18 ақпан аралығында өтеді.